T-Newspaper

Ермек үшін жазылмаған «Эсселер»

Сіз «Эсселерге» ой көзімен үңілсеңіз, зама­ны­мыздың заңғар ойшылы Әбіш Кекілбайұлының, саясаткер Аман Төлеевтің, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың, ақындар Омар­бай Малқаровтың, Әселхан Қалыбекованың, Нәмет Сүлейменовтің, Қаныбек Сарыбаевтың, тағы да басқа ұлтымыздың талантты ұл-қыздарының, үлкен парасат иелерінің ішкі әлеміне еніп кет­кеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. Ханбибі Есенқарақызы сізге ұлттың ұлағатты тұлғалары туралы айта оты­рып, өзіңе де, келешек ұрпағыңа да рухани темір­қазыққа қарай жол нұсқайды.

Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ поэзиясы өртеңге шыққан гүлдей дүр ете қалды. Жалпы, қазақ өлеңі оған дейін де таланттарға кенде емес-тұғын. Алайда алпысыншы-жетпісінші жылдардың жөні бөлек еді. Бұл жылдары Өлең дейтін киелі отауға кіргендердің қай-қайсысы да келе-келе бір-бір елдің поэзиясына ұстын болуға жарайтын тұлғаларға айналды. Әттең, біз оларды әлемдік деңгейде насихаттай алмадық. Егер осы топтың кез келген бір өкілі ағылшын болып па, иә болмаса неміс, француз, итальян болып туылса бар ма, ендігі әлем әдебиетінің жарық жұлдыздары болып жүрер еді. Қазақ поэзиясының осындай талантты өкілдерінің бірі Ханбибі Есенқарақызының «Эсселер» атты дүниесі биыл Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне қосылып отыр екен. 

Жасыратын несі бар, алғашқыда «Ханбибі Есенқарақызының кез келген жыр жинағы Мемлекеттік сыйлыққа сұранып тұр емес пе, бұл кісіні бәйгеге басқа жанрдан қосқаны несі?!» деп ойланыңқырап қалғанымыз да рас. Сөйтсек, онымыз «Эсселерді» түгел оқып шыққанға дейінгі ғана алғашқы тұжырым екен.  Жалпы, қазақ ақындарының ішінде өз талант қуаттарын өзге жанрларда да сынап көруге бел буғандары аз емес. Алайда олардың бәрінің бірдей сол бір тәуекел қадамдары өзін-өзі ақтаған жоқ. Біз білетін таланттардың ішінде өрісін өзге жанрлардан іздеп, ол жақта да өздерін мойындатқан ақындар некен-саяқ, тіпті санасаңыз, бір қолыңыздың саусағы да жетпеуі мүмкін. Бұл орайда еске бірінші болып Жұмекен Нәжімеденов түседі. Тырнақалды дүниесі – «Балауса» атты жыр жинағымен-ақ оқырманды елең еткізген Жұмекен Нәжімеденов одан кейін «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жарық пен жылу» секілді бірінен-бірі өтетін бірнеше жинақ ұсынды да, поэзия көгінен сәл жылыстап кеткендей болған. Артынша «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» секілді прозалық дүниелері оқырмандардың жүрегінің төрінен орын алды. Осыдан кейін ол поэзияға мүлде басқа Жұмекен болып оралды десек, шындықтың ауылынан алыс кете қоймаспыз. «Жеті бояудан» басталған азаматтық әуен жалғыз Нәжімеденовтің азаматтық әуеніне емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының кредосына айналып кеткендей болды.  Тоқсаныншы жылдары драматургияның ауылына ат байлаған Иран Ғайып та бұл жанрда елеулі-елеулі табыстарға қол жеткізді. Тіпті, Мемлекеттік сыйлық оның драматургиялық туындысына берілді. 2020 жылы «Дәуір» баспасынан талантты ақын Ханбибі Есенқарақызының «Эсселер» атты кітабы жарыққа шықты. Бірден айта кетейік, бұған дейін қазақ қоғамында өзіндік орны бар тұлғалар туралы негізінен тек олардың мерейтойлары қарсаңында жазылатын, егер ол кейіпкер қаламгерлер қауымынан болып жатса, олардың жаңа туындылары хақында ғана сөз қозғалатын. Оқырманға қайраткердің ғұмыры мен уақыттың тамыр лүпілін қатар өріп ұсынатын туындылар о бастан көп емес. Бүгін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Эсселер» сол олқылықтың орнын толтырғандай екен. Жинақтың беташарындағы батыр Бауыржан өмірінің бірер сәтінен өрілген «Айбарлы атам еді...» естелік-эссесі үлкен бір романның жүгін көтеріп тұр десе де болады. Жасыратыны жоқ, бізде осыған дейінгі көптеген дүниеде Бауыржан Момышұлының образы «шагом марш!» деп жөнді-жөнсіз айқайлай беретін контузия алған бейапырлау шалдың деңгейінен асқан емес. Ал «Эсселердегі» Бауыржан Момышұлы – ең әуелі терең парасат иесі. Қазақтың енді өсіп келе жатқан талантты қыздарының қорғаны, айбары. Жас ұрпаққа деген қамқорлығының ар жағынан ұлтқа деген шексіз махаббаты менмұндалайды. Автор оны езіп айтып отырмайды, детальдар арқылы береді. – Балам, кейде ақыл шатасып, ой алдайды екен. Менің сен туралы пікірім басқашалау еді. Екі өлеңі жарық көрер-көрмес Алматыға қарай жөңкілетін ақындардың қатарынан көремін деп ойламаппын. Астанада жоқ талантты дарытып, ақын ғып шыға­ратындай. Одан да есің барда, қайт ауылыңа. Өмір де, өлең де сонда, – деп қолына темекі тартатын мүштегін алды. – Ата, мен ауылға қайта алмаймын. – Онда жүр «тря-ля-ля-лап»! – Ата, мен осында күйеуге шықтым. Жолдасым консерваторияның соңғы курсында студент. – Ай, балам-ай! Бағанадан бері солай демейсің бе? – Темекісін тұтатып болып: – Онда саған қызмет қажет екені рас, күйеу баланы асырау керек, – деп мырс етіп күліп алды да, асүйге қарап: – Әй, ханыша! – деп айғайлады. – О не, батыр? – деп қолын алдындағы алжапқышына жүре сүртіп, Қамаш апай жақындады. – Маған «Лениншіл жастағы» Бердіқұловтың нөмірін алып бер! – Мақұл, батыр! – Қолын телефонға соза беріп. – Шамада бұл балаға қызмет сұрамақсың ғой? – деді. – Дәл солай! Қазір біреудің перзентін былай қойып, өз балаларына, өз ата-анасына жақсылық жасай қой­майтындар көбейген қоғамда өмір сүріп отырғаннан кейін бе, мына диалогты тебіренбей оқу мүмкін емес. Сіздің көз алдыңызға әйтеуір беталды айғайлай беретін қызылкөз шал емес, ұрпақ қамына алаңдаған қазыналы қария келіп тұра қалады. Ол үлкен өмірге, үлкен өнерге енді қадам басқан балауса ақынға біреудің қызы деп қарамайды, өзімнің қызым, қазағымның қызы деп қарайды. Шалынысып кетпесе екен, сүрініп кетпесе екен деп алаңдайды. Құр алаңдап отырмайды, қол ұшын созу үшін үлкен басын кішірейтіп ана адамға телефон шалады, мына кеңсеге барады. «Бұрын қазақта осындай кісілер өткен» деген сөзге енді 10-15 жылдан кейін ешкімді сендіре алмаспыз... «Қаһарман – Қасым Қайсенов» эссесін оқиғалары өмірде орын алған, кейіпкерлері өмірде болған адамдар демесеңіз, тура көркем әңгіме дерсіз. Арада қаншама уақыт өтіп кетсе де автор сол жылғы, сол күнгі ауа райын сол күйінде қайтадан көз алдыңа әкеле қояды. «Қаба сақалды қара бұлттарды тулақша тілгілеген өткір найзағайдың да үні өшкен. Оңтүстікті айналып өтетін сыңайлы. Шымкент шаһары кеберсіген ернімен ылғал аңсап көкке қарайды. Майы таусылған жетілік шамның пілігіндей қаражалақ өмір ырдуан арбадай сықырлап кетіп барады». Аталған эссенің осы бір алғашқы сөй­лемдерінің өзі-ақ сізді бейжай қалдырмайды. Осы бір алақандай дүние тіршіліктің философиясын да, кешегі өткен соғыстың шындығын да, бәрін-бәрін оқырманға қалай шынайы жеткізеді десеңізші! «Біз соғыста көп қаталдық жасадық. Қазіргі мыну қиын­шылықтар – соның салдары». Кешегі Екінші дү­ниежүзілік соғыстың шындығын жеткізу үшін атақты орыс жазушысы, Лениндік, КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Юрий Бондарев «Ыстық қар», «Тыныштық», «Екеу», «Жағалау» деген сияқты бірнеше роман, «Батальондар атысқа рұқсат сұрайды» секілді повесть, «Азат ету» секілді киноэпопея жазып шықты. Иә, ол оқырманға мүмкіндігінше сол со­ғыстың шындығын жеткізе алды. Шығар­ма­шы­лығының бүкілге дерлік бөлігін соғыс тақы­рыбына арнағанда, Бондаревтің айтқаны қазақтың партизан жазушысы Қасым Қайсеновтің «Біз соғыста көп қаталдық жасадық. Қазіргі мынау қиыншылықтар соның салдары» деген егіз сөйлеміне келіп саяды. «Қаһарман – Қасым Қайсенов» эссесінің ерекшелігі де сонда, автор кейіпкерінің аузынан шыққан әрбір сөзді стенограф секілді көшіріп отырмайды, жүрегінің сүзгісінен өткізіп барып қағазға түсіреді. Жүрек сүзгісінен өтпесе, оқырманға «Соғыста ерлікпен өлмеген адам тірлігінде қорлықпен өледі» деген рухани мәні терең сөз жетпеген болар еді. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шығар­машылығынан бұрын адамгершілік қырына көбірек үңілген «Мәңгілік махаббат жыры» немесе «Әз-аға, сізде арман жоқ» эссесін егер жас буынға арналып Эстетика оқулығы жазылатын болса, соның негізгі бөліміне сұранып-ақ тұрған дүние деуге болады. Сіз «Эсселерге» ой көзімен үңілсеңіз, зама­ны­мыздың заңғар ойшылы Әбіш Кекілбайұлының, саясаткер Аман Төлеевтің, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың, ақындар Омар­бай Малқаровтың, Әселхан Қалыбекованың, Нәмет Сүлейменовтің, Қаныбек Сарыбаевтың, тағы да басқа ұлтымыздың талантты ұл-қыздарының, үлкен парасат иелерінің ішкі әлеміне еніп кет­кеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. Ханбибі Есенқарақызы сізге ұлттың ұлағатты тұлғалары туралы айта оты­рып, өзіңе де, келешек ұрпағыңа да рухани темір­қазыққа қарай жол нұсқайды. Бір сөзбен айтқанда, Ханбибі Есенқарақызының «Эсселері» – Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық туынды.

Абай БАЛАЖАН, Қазақстанның құрметті журналисі