Майдақоңыр
Дидардың кейіпкерлерін уайымдайсың, сағынасың, сырласып сыр айтасың. Іздейсің. Ізденесің. Дидарды оқып отырып бірдеме жазғың келеді.
Дидар Амантай! Бұл – есім әдебиет әлеміндегі аяулы бейне. Тоқсаныншы жылдары Дидардың есімі арқалы ақындардың даңқындай Алматының көшесіне сыймай тұрды. Қай оқу орнының жатақханасына қонаққа барсаң алдыңнан Дидар Қосылбектің оқырмандары шығады. Сол тұстағы газет-журналдар Дидардың қаламынан туған туындының буы басылмай жатып таласа жариялауды үрдіске айналдырған-ды.
Дидар ақын болуға лайық жігіт еді. Мен ішкі түйсігіммен солай ойлаймын. Оның барлық еңбегінде қоңыр желдей майда ырғақ бар. Дидарды оқығанда жатырқамайсын. Жаныңа жақын әлемге кіріп кетесің. Дидар оқырманын кейіпкерлерімен араластырып жібереді. Сен олармен күбірлеп сөйлесіп отырасың. Дидардың кейіпкерлерін уайымдайсың, сағынасың, сырласып сыр айтасың. Іздейсің. Ізденесің. Дидарды оқып отырып бірдеме жазғың келеді. Габриэль Гарсиа Маркес «Полковникке ешкім хат жазбайды» деген шығармасын жазып жатқанда, жазушының отбасы түгел шығарма мазмұнындағы оқиғалардан хабардар болып отырған сынайлы. Аталған шығарманы жазып жатқан күндердің бірінде жазушы екінші қабаттан көңілсіз тұңжырап түсіп келе жатады. Сол сәтте бірінші қабатта тұрған әйелі Маркеске қарап «Не болды? Полковник қайтыс болды ма?» деп қобалжи сұрақ қояды. Маркес үнсіз басын изейді… Шын шығарманың өлшемі, ол сенің қолыңа қалам алдыруға тиісті. Дидарды оқысаң, ақ қағаз бен қалам іздей бастайсың. Дидардың кейіпкерлері де Маркестің кейіпкерлері сияқты ойлы, майдақоңыр мұңға жетелейді. Туыс. Туысқаның сияқты. Дидардың рухани болмысының сыртында Ницше, Кант, Фрейд пен Достоевский һәм өзіміздің Сүлейменовтың сұлбасы аңғарылады. Дидар ұлттық сөз өнеріне Дидардың әлемін әкелді. Біз Дидарға өте салмақты сипатта мән беруге тиістіміз. Дидардың мүмкіндігі таңғаларлық деңгейде. Дидар – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол қазақ музыкасын жан-тәнімен танып білген қаламгер. Мұндайда Таласбек еске түседі… Кинодраматург. Дидар – ғажайып бокс шебері. Жастық шақтың қаншама жалаулы күндері бірге өтті. Өкініштісі, қолғап түйістіріп көрмеппіз. Қажеті болмаған шығар. Дидар дос биылғы әдебиет саласы бойынша белгіленген Мемлекеттік сыйлыққа «Майдақоңыр» деген әңгіме-новеллаларымен бақ сынауға ниеттеніп отыр. Біз қолдадық! Алла, үмітсіз емеспіз!!!
Маралтай Райымбекұлы, ақын