T-Newspaper

Әйел даналығына қойылған ескерткіш

Қазақстан Респуб­ли­касының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған белгілі жазушы Мәди Айым­бетовтің «Бопай ханым» атты тарихи романы өз атына сай дүние дер едік.

Қазақ әдебиетінде тарихи тұлғаларға арналған романдар баршылық. Олардың стильдік жағынан бір-біріне ұқсастығы да, айырмашылығы да көрініп тұрады. Бәріне ортақ не бар десек, ол – ұлтымыз тарихында орны бар адамдардың адами қасиеттерін дәріптеп, аласапыран кезеңдердегі рухы биік тұлғалардың ел мен жер, ұлт пен мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінуін, халқына еткен еңбегінің маңыздылығын дәріптеу.

Әрине, шығарма тарихта белгілі адамның кеш­кен тағдырын: қуанышы мен күйінішін, жеңісі мен жеңілісін суреттеуге тәуекел ету де оңай шаруа емес. Өйткені белгілі бір кезеңде өмір сүрген адам­ның ортасын зерттеу, оған қатысы бар жандар туралы мол мәліметке ие болу, өзің жазып отырған кезең жайлы терең білу, сол кездегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі жайында ойға түйгеніңнің көп болуы материалды игеруге мүмкіндік бергенімен, солардың бәрін көркемдік кестесіне түсіріп, бас-аяғы жұп-жұмыр туынды жасау – екінші мәселе. Қаламгердің қарымы да, шығармасының талапқа сай келуі де біз айтып отырған екінші мәселенің нысанасы. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Респуб­ли­касының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған белгілі жазушы Мәди Айым­бетовтің «Бопай ханым» атты тарихи романы өз атына сай дүние дер едік. Роман – қазақ мемлекеттігінің тарихында үлкен орны бар Әбілқайыр-Мұхаммед Баһадүр Қазы хан – яғни, бәрімізге Әбілқайыр атымен белгілі кіші жүздің ханының сүйікті жұбайы – Бопай Сүйін­дікқызының хан өміріндегі орны туралы шығарма. Әбілқайыр (1680-1748) жай хандық құрған адам емес, орысқа арқа сүйеген жоңғарларға қарсы күресте ақылдылығымен, батырлығымен аты шық­қан тұлға. Сондай-ақ сол тұстағы қазақ-орыс қаты­настарында үлкен орны бар билеуші. Ол қазақ та­рихында белгілі жай. Ал сондай адамға жар болу, жар болғанда да қиын шақта серігіне ақылшы болу кез келген әйел затына бұйыра бермеген нәрсе. Міне, романдағы Бопай бейнесі соны ұқтырады. Роман Бопай Сүйіндікқызының өмірге келуінен басталады. Ол туғанда әкесі Сүйіндік «Мұхамбет Пайғамбардың сүйікті қызы Бибібәтимадай әулетінің сақтаушысы, тілекші-қорғанышы болсын» деген ниетпен перзентінің атын Бәтима деп қояды. Бәтима жаугершілік заманда дүние есігін ашқандықтан жастайынан елге жау шабудың қасі­ретін, елге қорған болудың маңызын түсініп өседі. Сүйіндік ауылы атақонысы Мұңалжар маңында отырғанда ауылға жау шауып, сол қақтығысқа Бәтима-Бопай да қатысады. Аттарын жаратып, бес қаруын асынып, жорыққа дайындалып жүрген жігіттердің қосына ағасына еріп барып жүрген Бәтима да жау келгенде қарап қала алмайды. Бұл жайт романда былай баяндалады: «Жасөспірім ер балаша ықшам киініп, иығына садағын іліп, оң тақымдығына шашақты шағын, төрт қырланып үшкірленген найзасын қыстырған Бопай күрең қасқасымен орағыта ойқастай келіп дәл әкесінің маңдай алдынан тізгін тартты. – Көке-е!.. Ұрыспаңыз маған! – деді жұп-жұқа ақторғын бетінің ұшына қан ойнап шыға келген Бопай. – Бір ашуыңызды қиыңыз маған! Риза­шылығыңызды алмасам да, ел шетіне жаумен ай­қасуға мен де келдім, мінеки. Бәрібір енді кері қайтпаймын!». Осынау шағын үзінді Бопайдың жаужүрек елдің ұрпағы екенін, жолым жіңішке қыз баламын демей, намысты ту еткен албырт жас екенін танытып тұр. Бұл – төтен кесапаттан аман болса, оның ары қарай мықты азамат болатынына деген ишарат. Сөйтіп, ол алғашқы қақтығыста дүшпанын садақ оғымен жай­ратады. Бірақ қанша қаталдық қажет заманда өмір сүргенімен заты әйел баласы емес пе, Бопай өзі ажа­лына себеп болған жауының жайрап жатқанын көргенде қобалжиды. Тіпті, бойында аяныш сезімі оянады. Сөйтіп, жараланып қолға түскен жау адам­дарының жарасын таңып, көмек көрсеткен соң әлгі ішкі арпалыстан айығып, сергігендей болады. Шы­ғармадағы бұл деталь Бопайдың ер мінезділігімен қоса, адамгершілік қасиетінен дерек беріп тұрғандай. Батырлығымен қоса ақылдылығын да байқатады. Бопайдың бойындағы осы қасиет ол өмір сүріп жатқан мекенде аң аулап жүріп аттан құлап, мертігіп қалған Әбілқайыр сұлтанға жасаған қамқорлығынан да көрінеді. Ақылына көркі сай әрі өзінің сауығып кетуіне себепші болған Бопайға жас сұлтанның жүрегінде сезім пайда болып, ауылына аттанар сә­тінде оған көңілін білдіреді. Алайда Әбілқайыр сол кеткеннен мол кетіп, біраз уақыт Бопайға жолыға алмайды. Романда оның себептері нанымды баян­далады. Көп ұзамай хан атанған Әбілқайыр сәтті бір күнде арнайы құда түсіп барып, Бопаймен бас қо­сады. Солайша Бопайдың Әбілқайырмен жұбайлық өмірі басталады.  Романда басты кейіпкердің бірі – Әбілқайырға мол орын берілген. Дегенмен мұның бәрі тарихи роман ерекшелігіне сай жазылса да, біздің басты нысанамыз – романдағы басты кейіпкер – Бопай образы болғандықтан ол жағына көп тоқталмаймыз. Бопай – ханның жай ғана жұбайы емес, керек жерінде еріне ақыл қосатын парасатты жан. Сон­дықтан ол хан ордасына Петербордан арнайы ел­шілер келіп, орыс патшайымының мөрі басылған гра­мотаны әкелгенде, оны сан-саққа жүгірткендер наразылық білдіріп, шулап жатқанда халықтың осы әрекеті жайлы айтып, Әбілқайырды сақтандырады. Сонымен бірге Бопай балаларын да әкесіне серік болуға, ел билеген адамның перзенті ретінде әр ісінде абай болуға тәрбиелеген парасатты ана кейпінде көрінеді. Қолға түскен орыс тұтқындарын Орынбор генерал-губернаторына қайтаратын кезде соларды жеткізуге бас болып бара жатқан ұлы Нұралыға былай дейді: « Балам, әкеңнің ендігі жерде тірегі де, алдымен сенетіні де өзіңсің. Иә, мұны менсіз де өзің жақсы білесің гой. Әнебір жылдары оң-солдан, теріскей мен шығыстан анталаған елдің ата жауларымен ұстасқан үлкен шайқастарда хан иемізге демеу болған талай батырдың, сарбаздың көзі жоқ бүгінде. Ал өзіңе де мәлім, Орынбордағы гөбернатордың, одан арғы Петербордағы орыс патшасының түптің түбіндегі мақсаты – біздің жерімізге қазығын мықтап қағу. Сол үшін өзінің итаршыларын айдап салып, елдің бүтіндігін шетінетіп, ішке кіру...  Иә, хан иемізге, әкеңе оңай тағдыр бұйырмай тұр. Ту сыртымыздан сан жыл шүйліккен жоңғардың бетін қайыруға бар қайратын салған оның енді елінің теріскей батысын бекемдеудің жолындағы әрекеті де, міне, талай жылдан бері арпалыспен, соғыспен өтіп келеді. Еділ бойы мен Жайықты жайлаған елдің шетіне келген орыс-казагы мен қалмағы, естегі аралас жаулардың неше мәрте шайқаста бетін қайтарды. Әкеңнің «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ халқы бұл жерден айрылмайды» деген жанай­қайының тегіннен-тегін айтылмағанын өзің де сезесің ғой. Патшаның үлкен билігі мұны естіді. Естіген соң, әрине, Әбілқайырдың, әкеңнің еш уақытта бас имейтінін білді. Сұмдығын ішіне бүккен азуы алты қарыс орыс билігінен ендігі жерде жақ­сылық күтуге болмайтынын сенің де біліп жүргенің, сақтық жасап жүргенің абзал, Нұралыжан айна­лайын. Қандай заман туады?! Іргедегі өз ағайының да пиғылы түзу емес тәрізді. Орданың жерді бермеу жолындағы орыспен қайта-қайта ілініскен араз­дығын пайдаланып, хан билігін өздерінің қолына алуды мансұқтаушылардың тікелей кімдер екенін әкең саған айтты, сол да есінде болсын дәйімде...» Бопайдың бұл толғанысы оның халқының қамын ойлайтын биік дәрежелі ханша екенін танытып тұр. Әбілхайыр талай хандардың сүйегі жатқан қа­сиетті Сарайшыққа зиярат еткенде, оның түбіне жеткен жаулардың қиянатшылдығы мен қатыгез­дігіне қамыққан жұбайына Бопай ханымның айтқан жұбатуы да жан тебірендіреді: «Кешпейтін біздің ұрпақтың, сіз бен біздің ғана заманымыз дейсің бе, Әбекесі?! – деді Бопай дірілдей шыққан бәсең үнмен. – Иә, өзіңіз айтқандай, екі-үш ғасырдан соңғы бізден кейінгілер де мұндай сұм­дықты кешпейтіні шүбәсіз анық! Өзінің жерін жан алысып, жан берісіп дұшпанынан қорғауға, оны бүтіндей сақтап қалуға жанталасқан бүгінгі халық­тың жадынан да, елдігімізді біржола табан асты етіп күйретіп алмасақ, келешек ұрпақтың да жадынан өшпейтін қатыгездік қой бұл, расында!.. Бопайдың мөлт еткен жанарынан үзіліп түскен қос тамшы абыржулы халден мұң реңі анық білінген нәзіктеу әдеміше бетінің ұшымен баяу сорғалап кетті...» Мұнда Бопай елінің басынан өткен небір аласапырандардан мол хабары бар, жұртының бүгіні мен болашағына алаңдайтын парасат иесі ретінде көрінген. Тарихи деректерде де Бопай ханымның парасаттылығы, ақылдылығы жөнінде көп жазылған. Сондықтан романдағы мұндай тұстардағы сурет­теулердің бәрі Бопайдың болмысын танытып тұрса, оның бәрі ақиқаттан алыс емес деп білеміз. Ма­дақтаудың, дәріптеудің жарасатын адамы болады, ол ең алдымен тарихи тұлғаларға тиесілі. Бұл ретте Бопай ханымның ел анасы дерлік қасиеті шығармада өте нанымды түрде берілген. Әр адамның тағдыры әртүрлі десек те, адамның өмірден көрер қызығы мен шегер қасіреті тұлғасына байланысты әртүрлі. Бопай қатардағы көп пенденің бірі емес, ол – ханның жұбайы, сондықтан оған келген қайғының да салмағы ауыр. Ешкім маңдайға жазылғанынан аттап кете алмайды. Сондықтан Бопай өміріндегі ауыр қайғы – Әбілқайырдың өз қазағының қолынан мерт болуы еді. Елі мен жерін қорғау жолында майданда батырларша мерт бо­лудың жөні бөлек, ал біреудің айдап салуымен өз қандасыңның қаруынан ажал құшу – тым ауыр қасірет. Әбілқайыр сондай тағдыр тәлкегіне тап болды. Бұл да Бопайдың жан-жүрегін тілім-тілім еткен ауыр мұң еді. Ажалды пендеге бір өлім келмей тұрмайды, бірақ соның абыройлысы болса, оның жөні бөлек. Бар өмірін елін қорғауға арнап, алысты көрмейтін көр­кеуде ағайынның қиянатынан жаман не бар. Бірақ өлер алдында наласын айтып қамығып, алайда ел болашағының жарқын боларынан үміт үзбей, ізде қалған ұрпағына бас-көз болуды аманаттап кеткен жарының сөзін түйсігімен терең қабылдаған Бопай боркеміктеніп жасымай, керісінше, қатулана сергіп, бойын жинап, тағдыр салды біз көндік деп, ендігісін ақылмен саралап, шешім қабылдайды.  Хан қапылыста қаза тапқан соң Орынбордағы орыс билігіне хат жолдап, Әбілқайырдың кегін алуға рұқсат сұраған хатына жауап ала алмаған Бопай өзінше бір шешімге келеді. Сөйтіп, төркін жұрты – адайларға жаушы жіберіп, ол жақтан Шотан батыр бастаған Айбас, Қонай, Арғынбайлар келгенде, тастүйін бір шешімге келген Бопай оларға былай деп кесімін айтады: «Қонырат, найманды билеп жүрген сұлтанды Қарнақтағы қамалынан тапсандар, қатын-бала­сының алдында, ал түзде, елінің ішінен жолық­тырсаңдар, халқының алдында табанға салып ал­дымен басындағы тәжін алыңыздар, бұл сенің басыңды алғанымыз деген ишара болар! Содан соң беліңді сындырғанымыз дегендей, беліндегі кісесін ағытып алыңыздар! Асасы мен бес қаруын сыпырып, саусағындағы мөр-сақинасын алыңыздар, бұл сені төрелік, сұлтандық мәртебеңнен айырдық, енді ешкімге керегің жоқ дегенмен бірдей болар, сірә! Осының бәрінен соң қос құлағының азандығын ті­ліп, «сырғалық» жасайсыздар, бұл жаза бұдан былай сенің қатыннан айырмаң жоқ болады дегенді көзіне шұқып көрсеткенмен бірдей болады! Иегіндегі сақалын күзеп, ұстарамен тақырлап, төбесін қанжардың ұшымен шаңбақтап-шаңбақтап ке­тіңіздер, бұл ақымақ басыңның енді жұртта қалған жыртық қауғадай да құны жоқ дегендеріңіз болар! Бұл аз болса, қатынының бұрымын кесіп, астындағы атының құйрық-жалын күзеп, тай сияқты шұнтитып тастаңыздар! Әйтпесе, намысы қайрақтай, өр кеудесіндегі жүрегі ешқандай өлімнен қаймықпайтын Барақтай ата жауды қылышпен шауып, найзамен түйреп кұрдан-кұр өлтіре салу Әбілқайырдай ардақ­тымыздың кегін алудың жеңіл жолы ғана болатынын ұмытпаңыздар, ардақтыларым! Барақ сұмның шырқыраған шыбын жанын кеудесінде қалдырып, мен айтқандай істеп, намысын біржола жер қылып кетіңіздер!..» Қазақ басқаны кешірсе де, сатқындықты ке­шірмейтін халық. Сондықтан Бопайдың бұл ке­сімінде дала заңын ұстанумен қатар, кінәліні істеген опасыздығы үшін ісіне сай жазалауында еш қапы жоқ әрі бұл тапқырлық пен ханның жұбайына сай шешім еді. Бұл – Бопайдың атын ел есінде қалдырған істің бірі.  Әбілқайыр дүние салған соң орнына оның ба­ласы Нұралының хан болғаны тарихтан белгілі. Оған да әсер еткен Бопайдың беделі болғанын тарих растайды. Сонда бір ханға жар, сүйеніш болған Бо­пай ханым баласын елі хан көтергенде де оның жөн-жосығын білетін тұлға ретінде көрінеді: «Әкеңнің хандық мәртебесін мұрагерлік рәсім қабылдаған осы бір сәтіңде оның биік мәртебесін қырық жылдай айғақтаған мына қылышының саф күмістен жаралған жүзін тізе бүгіп сүйіп, маңдайына тигіз, шырағым! Халқының өз жерінде еркін өмір сүруіне ғұмырын сарп еткен ханның аманат-арманын мойныңа алып, өткір қарудың алмастай жүзін қандамай, жүрегіңдегі ғаділетпен орындауға серт еткенің болсын!..» Бопай баласы Нұралы хан болған соң да ұлына ақылын айтып, керек жерінде оны қолдап отырғаны туралы романда жақсы берілген. Бұл – оның өз дәрежесіне қылау түсірмей өткеніне айғақ. Роман Бопай ханымның дүниеге келуімен басталса, эпилогында («Бопай ханша») ол дүниеден өткен соң Қасым сұлтанның дүниеге келген қызына Бопай деп ат қоюы да шығармаға символикалық мән үстеп тұр. Себебі Бопай атанған ханша да кейін ағаларымен бір сапта жүріп, елі үшін ерлік көрсеткен батыр қыз ретінде тарихта аты қалды. Бұл – жазу­шының қазақтың бостандық үшін күресі тоқта­мағанын ишаралауы еді. Сәтті түйін. Қазақ тарихындағы аты хандармен бірге ата­латын Бопай ханым Сүйіндікқызының тағдырына арналған роман бүгінгі тарихи шығармалардың алдыңғы легінен орын алады. Романдағы Бопай образы атына сай лайықты, көркем сомдалған. Ел билігіне араласқан парасатты қазақ қызына арналған бұл туындының берері мол. Әдеби көркемдік тұрғы­дан қарағанда, шағындау көлемдегі романға автор көп нәрсені сыйғызған. Онда Бопайдың да, Әбіл­қайырдың да жан дүниесі жақсы ашылған. Романның динамикасы мықты, тілі жеңіл, еркін оқылады. Барлық тұсынан автордың жеке-дара қолтаңбасы айқын көрініп тұр. Роман тарихты және тарихи тұлғаны терең танып-білуге зор пайдасын тигізетін туынды. Көркем сөзбен қазақ әйелінің даналығына қойылған ескерткіш! Сондықтан Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» атты романы Қазақ­стан Респуб­ликасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деп білеміз.

Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі