Үздік металлургтер марапатталды
Кәсіби мереке құрметіне Qarmet АҚ жұмысшылары жемісті еңбегі, елдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Елімізде 2003 жылдан бері шілденің әр үшінші жексенбісінде Металлургтер күні атап өтіледі. Биыл да мереке қарсаңында Мемлекет басшысы металлургтерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Президент Жарлығымен металлургия саласында жемісті еңбек етіп, еліміздің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына үлес қосып жүрген жүздеген жұмысшы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, 22 жұмысшы «Құрмет» орденінің кавалері атанды, 41 өнеркәсіп қызметкері ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің, 51 адам «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды. Сонымен қатар 7 маман Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасын иеленді.
Металлургтер күні мерекесін Теміртау тұрғындары асыға күтеді. Өйткені қаланың тарихы Қазақстанның металлургия саласының қалыптасу шежіресімен тығыз байланысты. Осыдан 80 жыл бұрын еліміздегі алғашқы болат дәл осы жерде шығарылған болатын. Кәсіби мереке құрметіне Qarmet АҚ жұмысшылары жемісті еңбегі, елдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекет басшысының атынан марапатты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті.
– Біздің облыс табиғи ресурстармен ғана емес, талантты адамдармен, жоғары санатты кәсіпқойлармен, нағыз еңбеккерлермен де танымал. Балқаш – еліміздегі ең ірі түсті металлургия орталығы. Осы саланың ардагерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздердің көп жылғы еңбектеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз металлургтердің жаңа буынын тәрбиелейтін үлгі болды. Металлург мамандығы жастар үшін беделді болып қалатыны қуантады. Энергияның, жастардың инновациялық тәсіліне деген ұмтылыстың арқасында отандық металлургия одан да күшті және технологиялық сипатқа ие болады, – деді өңір басшысы.
«Құрмет» орденінің иегері Владимир Филиппов комбинатта еңбек еткеніне 50 жылға жуықтаған. Қарапайым жұмысшы болып кіріп, жоспарлау және жедел басқару жөніндегі директорлыққа дейін көтерілген.
– Мектептен кейін бірден әкем мені комбинатқа алып келді. Содан кейін үш жыл әскерде қызмет еттім. Қызметтен кейін комбинатқа оралдым, үздіксіз өңдеу қондырғыларын басқару постының операторы ретінде қабылдандым, сонымен қатар зауыт-жоғары оқу орнының кешкі бөлімінде оқыдым. Менің еңбегімді бағалағанына өте қуаныштымын. Барлық металлургті мерекемен құттықтағым келеді, зор денсаулық, бақыт, амандық, ертеңгі күнге сенімділік тілеймін, – деді ардагер қызметкер.
Марапатталғандардың қатарында тәжірибесі мол қызметкерлер мен жас мамандар да бар. Кәсіби мереке қарсаңында Балқашта да металлургтерге құрмет көрсетілді. Президент Жарлығымен марапатқа ие болған кәсіпорындар қатарында Kazakhmys Smelting, «Сары Қазына», «Қоңырат» мыс компаниясы бар. Үздік 18 қызметкерлерді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев құттықтады.
– Бүгінде «Қазақмыс» кәсіпорындарында металлургия дивизионында алты мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл – үлкен бір отбасы. Біз жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және жетілдіруге бағытталған бірқатар іс-шара өткіземіз. Мысалы, биыл Балқашта құрама газ құбырын қайта құру бойынша ауқымды жоба аяқталып жатыр. Бұл өнім шығаруды арттырып қана қоймай, ең алдымен атмосфераға күкірт диоксиді шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Дархан Боранбаев – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. Жалпы еңбек өтілі – 23 жыл. Соңғы 13 жылдан бері «Коунрад» мыс компаниясының электролиздеуші маманы. Ол мысты электролиздеу жұмысын бүге-шігесіне дейін біледі. Ал әріптестері марапат иесінің өте сауатты, бастамашыл, жауапты, біліктілігі жоғары маман ретінде бағалайды.
– Металлургтер қаласы болғандықтан мамандық таңдауға келгенде бас қатырып ойланған да жоқпыз. Мектеп бітіре салып зауытқа жұмысқа орналастым. Бір үйде 4 ұлмыз, төртеуміз де металлург болып жұмыс істейміз. Металлург болу оңай емес, екінің бірінің қолынан келмейді. Төзімділік, шыдамдылық, сабыр керек. Қазіргі жастар жеңіл жұмысқа жүгіреді. Алайда металлург мамандығы адамды шыңдайды, мінезін қалыптастырады, – дейді тәжірибелі маман.
Металлургтер мерекесі Қостанай облысындағы Рудныйда да атап өтілді. Президент Жарлығымен 8 адам мемлекеттік наградаға ие болды. Мерекеге орай кәсіпорын өзінің үздік қызметкерлеріне отандық 10 автокөлікті сыйға тартты.
А.БИМЕНДИЕВА