"Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы тоқтады

"Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы тоқтады

"Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы тоқтады
ашық дереккөзі
Биылдан бастап "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы өз жұмысын тоқтатады, – деп хабарлайды Астана арнасы. Оңтүстіктен солтүстік өңірлерге  ерікті түрде қоныс аударатындарға енді баспана берілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, енді оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде көшкен жандарға тек пәтерді жалдау ақысы ғана төленеді. Осы уақытқа дейін  бағдарлама аясында екі жыл ішінде солтүстік облыстарға 19 мың адам көшкен. Оларға 5 600 пәтер беріліпті. Сонымен қатар, Сенатта халықты жұмыспен қамту жайында есеп берген Тамара Қасымқызы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының биылғы жылдан бастап жұмысын тоқтатқандығын хабарлады. Аталмыш бағдарламаның орнына жаңа құжат қабылданды. Жаңа құжат «Нәтижелі жұмыспен  қамту және жаппай кәсіпкерлік» деп аталды. Жоғарыда аталған көші-қон бағыты жаңа бағдарламада бар. Бірақ әлгіндей  басымдықтар берілмеген. «Берілетін пәтерақы көлемін былайша белгіледік. Әр отбасы мүшесіне 35 АЕК. Адам басына қарай субсидия 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейін. Егер отбасы бір адамнан ғана тұрса, 20 АЕК көлемінде беріледі. Ол шамамен 45 мың теңге. Ал отбасында 2-4 мүше болса 25 АЕК. Осылай отбасындағы адам санына қарай теңестірдік», – дейді ҚР Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. Астана арнасының хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында халықтың орналасу тығыздығы тепе-теңдігін жоғалтыпты. Бұлай жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай оңтүстік халқының  саны 5,2 миллионға артады. Ал солтүстік тұрғындары керісінше, 1 миллионға кемиді. Қазіргі уақытта халықтың 38 пайызы оңтүсік облыстарда өмір сүріп жатыр. Солтүстікте  тұратындар 17 пайыз ғана. Ал туу мен өлім көрсеткіші бойынша күнгейде 100 нәрестеге 12 қарт адамнан келеді. Теріскейде 100 сәбиге 53 қарияны құрайды.