Жаңалықтар

«64 млн теңгені өз шотына аударып отырған»: Шымкентте мектептің бас есепшісіне қатысты сот үкімі шықты

www.istockphoto.com

Есепші еңбекақы сомасынан артық мөлшердегі қаражатты өзінің шотына аударып отырған.

Шымкент қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептердің бірінде бас есепші лауазымын атқарған маманға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеріс кезінде бас есепшінің 2021-2023 жылдар аралығында белгіленген еңбекақы сомасынан артық мөлшердегі қаражатты өзінің шотына аударып отырғаны белгілі болды. Нәтижесінде, ол өзіне сеніп тапсырылған 64 295 513 теңге, яғни аса ірі мөлшердегі мемлекеттің ақшасын жымқырған. Бүгінде келтірілген шығын өтелмеген.

Есепші кінәсін толық мойындап жеңіл жаза тағайындауды, ҚК-нің 63-бабы негізінде шартты түрде айып тағуды сұрады.

Сот Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы негізінде (бөтеннің сеніп тапсырған аса ірі мөлшердегі мүлкін иелену және талан-таражға салу) оны өмір бойына мемлекеттік қызметте атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енбеген.