Жаңалықтар

"Буындырып өлтіріп, гаражға асып қойған": Әйелін өлтірген полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі өзгерді

сурет: Костанайские новости

Ол бұрын полицей, аға лейтенант болып жұмыс істеген.

Әйелін ұзартқышпен қылқындырып өлтірген 25 жастағы бұрынғы полицей, қостанайлық Жасұлан Төлегеновке қатысты сот үкімі өзгерді, деп хабарлайды turkystan.kz Қостанай облыстық сотына сілтеме жасап.

Жасұлан Төлегенов бұрын полицей, аға лейтенант болып жұмыс істеген. 2023 жылы 19 қазанда әріптесімен бірге жүріп жүрген қызымен ұрысып қалып, көпірден секіргелі тұрған жас жігітті аман алып қалған. 

Арада екі апта өткен соң, 31 қазанда Жасұлан өз әйелін қылқындырып өлтірген. Оның әйелі де ішкі істер органында жұмыс істеген. Екеуінің көңілі жараспай, ақыры ажырасу туралы шешім қабылдаған.

Белгілі болғандай, Жасұлан әйелін асүйде ұзартқышпен қылқындырып өлтірген. Сосын ол қылмыстың ізін жасырып, әйелі өз-өзіне қол жұмсады дегенге келтіріп, оның денесін гаражға апарып, мойнына жіп салған. 

Бұған дейін оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Сотталған азаматтың жеке басы мен қылмысқа дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескере отырып, коллегия жәбірленушінің апелляциялық шағымын ішінара қанағаттандырып, қамау мерзімін 9 жылдан 11 жылға дейін ұзартты.