Алматы облысында әкім мен жергілікті тұрғын төбелесіп қалған
Оқиғаға қатысты облыс әкімдігі мәлімдеме жасады.
Алматы облысына қарасты Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі жергілікті тұрғынмен төбелесіп қалған, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, тұрғындардың бірі бекітілген бас жоспарға наразылық білдірген. Жаңа бас жоспар бойынша, азаматтың жер телімі қызыл сызық бойына түсуіне келіспей, жанжал шығарған.
"Қазір Тұздыбастау ауылдық округінің әкіміне қатысты Талғар ауданының әкімдігі мен Талғар аудандық полиция басқармасы тарапынан қызметтік тексеру жүргізілуде. Әкімнің кінәсі дәлелденсе, оның әрекеті мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша әдеп жөніндегі кеңесінде қаралады. Ал тұрғын қосымша түсініктеме алу үшін 23 шілдеде аудан әкімінің аппаратына шақырылды", – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Ауылдық округ әкімдігі бұрынғыдай жұмысын жалғастыруда.
Әкімдік сайтындағы мәліметке сәйкес, Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі қызметін 2023 жылдың ақпан айынан бері Шыңғыс Толымбеков атқарып келеді.