Спорт

«Парижге жілік-жілік етімізді, қазы-қартамызды, құртымызды алып бара жатырмыз» – Мырзағали Айтжанов

Фото: iba.sport/olympic.kz

«Қазақтың жігіттері ет жемесе, тамақ жемегендей болмайды ғой».

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Таңшолпан бағдарламасына берген сұхбатында Парижге жол жүріп бара жатқан боксшылардың тамақтану тәртібі туралы айтты.

«Бұл – менің бесінші Олимпадам. Әр барған Олимпадада тамақ жағынан еш қиындық болған жоқ. Неге десеңіз, онда бүкіл әлемнің, соның ішінде Азияның тағамдары беріледі. Азияның, Американың, Еуропаның, қай құрлықтың тамағың жегің келеді, сол болады. Ал бізге ет жақынырақ. Қойдың еті, сиырдың еті. Біз федерацияның көмегімен бүкіл жігіттерге қазымызды, жілік-жілік етімізді алып бара жатырмыз. Бұл бұлай апарған бірінші – Олимпиада емес. Біз үнемі өзімізбен алып жүреміз. Әрбір үлкен жарысқа. Неге десеңіз, қазақтың жігіттері ет жемесе, тамақ жемегендей болмайды ғой. Сол себептен өзімізбен әр уақытта құртымызды, етімізді, жаямызды, қазымызды алып жүреміз», – дейді бас бапкер.