Жаңалықтар

Ан-2 ұшағының апаты: Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мәлімдеме жасады

ТЖМ

Оқиғаның себебін тергеуді Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссиялары жүзеге асырады.

Авиациялық жұмыстарға тартылған шағын авиациялық әуе кемелерін пайдаланудың көктемгі-жазғы кезеңінің басталуымен авиациялық оқиғалар фактілері жиілеп кетті. Осыған байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі шағын авиация ұшулары қауіпсіздігі бойынша шараларды күшейтеді.

Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің 22 шілдеде таратқан ақпаратында айтылды.

"Осыған байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің тапсырмасы бойынша авиациялық оқиғалардың қайталануының алдын алуға, оның ішінде компаниялардың қызметін тоқтата тұру, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтата тұру, заңнама талаптарын бұзған тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту жолымен бағытталған шараларды күшейтеді", - делінген хабарламада.

 Сондай-ақ, пайдаланушыларға ұшуға жарамдылығын бағалау бағдарламасы бойынша Ан-2 үлгісіндегі барлық әуе кемелеріне қосымша бағалау жүргізу, авиациялық қызметкерлердің ұшуды орындауға дайындығын бақылауды күшейту және басқа да алдын алу шаралары мәселелері бойынша нұсқаулар берілді.

"Оқиғалардың себептерін тергеуді Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссиялары жүзеге асырады", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 21 шілдеде Державинскіден 10 шақырым қашықтықта Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Ақмола облысы ТЖД мәліметтері бойынша, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, ұшқыш жанып жатқан техникадан өз бетінше эвакуацияланды. Кейін ҚР Көлік министрлігі әуе кемесі "Бүркіт-Авиа" ЖШС-ға тиесілі екенін нақтылады.