ЕСКІШЕ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЕТ ӨНДІРУ
ЕСКІШЕ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЕТ ӨНДІРУ
Қала тұрғындары етті базардан алады, ауыл тұрғындары етті жеке шаруалардан сатып алады. Екі жақта да баға бірдей. Республиканың барлық аймақтарында ет жетіспеушілігі байқалмайды. Десе де ет импорты әлі күнге дейін деңгейін түсірмей тұр. Керісінше, ет экспортын ұлғайту бойынша межеде аса үлкен өзгеріс жоқ сияқты. Осының себеп-салдарына үңілгендер де елімізде аз емес.
Бір тайынша мың доллар түсім бере ала ма?
Қазақстандағы ет экспорты туралы айтылғанда, миллиондаған тонна және қаражат алдымен тілге оралады. Осы орайда ет экспортының әлеуетін білу үшін қарапайым мысалдың өзі жеткілікті. Алматы облысының тұрғыны шағын ғана мал-жаны бар Ілескенді сөзге тартқан едік. Оның қорасында екі-үш ірі қарасы, он бес шақты қойы бар. Бір малды бордақылап, сатудан қандай пайда түсетінін шаруа тәптіштеп есептеп берді. «Ірі қара екі айда семіреді. Осы екі айға жеткілікті жем-шөп алу керек. Бір сиыр бір күнде 1-2 тең шөп жейді. 1 тең шөп – 300 теңге тұрады. Екі айда 100 теңдей шөп жесе, артығымен есептегенде 30 мың теңге. Мал шөппен ғана көтерілмейді, қосымша жүгері алынады. Жүгерінің бір тоннасы – 30 мың теңге. Екі айға жарты тонна жүгері кетеді, яғни 15 мың теңге. Сонымен шығыны – 45 мың теңге деп есептесек, оны күтіп-баптаудың, бордақылаудың азап жұмыс екені белгілі. Бір малды қарау үшін бір адам қасында телініп отыруы керек, ауық-ауық жемін, шөбін, суын беру керек. Маңайын тазалап, үйелеп қалмады ма, қылғынып қалмады ма, жемі таусылмады ма деп, қарап отыруы керек. Бұл да бір азап. Малы бар адам алысқа ұзап шыға алмайды да. Ал енді сатуға келсек, ірі мал болса – 200 мың теңгеге өтеді, тайынша болса – 150 мың теңгеге сатылады. Егер сойып сатса, біраз пайда көруге болады. Қазір еттің бір келісі – 1600 теңгеден. Ірі қара кемінде 200 келі ет береді, семірген мал болса, одан да көп тартады. Демек, бір ірі қарадан 320 мың теңге түседі, одан 45 мың теңге жем-шөбін алып тастаймыз. Сонда қалтаңда 275 мыңдай пайда түседі. Әрине, мал өзіңдікі болса, егер жоқ болса, пайдадан шығын басымдау түспек». Иә, Алматы қаласындағы «Алтын орда» және «Арыстан» базарларында еттің құны – 1600 теңге. Ауылдық аймақтармен баға бірдей. Бұл ет өңдеушілер үшін де, жеке тұтынушылар үшін де қымбат баға. Демек, ішкі нарықтағы баға қымбатшылығының бір себебі – ет жетіспеушілігі ме? Етті, сүтті, малды ел бола тұрып, еті қымбат, ет өнімдері одан да қымбат болуын қалай түсіндіреміз? Мысалы, ірі қара мен жылқы етін алуға мүмкіндік болмады делік. Олай болса, арзан және жеңіл саналатын құс етінің бағасын көрелік. Нарықта тауық етінің бір келісі шамамен – 1000 теңге. Ешқандай да арзан емес. Етке балама ретінде қолданылатын ет өнімдерінің консервісі еттен анағұрлым арзан болуы тиіс. Алайда, 250 грамдық консерві – 700 теңге тұрады. Ендеше, ет консервісінен гөрі, таза ет сатып алған тиімді емес пе? Осындай қарапайым мысалдан кейін, ет импортының неліктен өзекті екенін байқауға болады. Ет консервісін жасау үшін жергілікті ет тым қымбат, сондықтан арзан бағамен шетелден келетін етті қолдану өндірушілерге анағұрлым тиімді. Жалпақ жұрт импорттық ет саудада жоқ деп санайды. Себебі базарда қай жақтың малы деп сұрасаңыз: «Алматы облысы, Шығыс Қазақстан немесе Орталықтан» деп жауап береді. Тіпті Қырғызстаннан келген етті отандық өнімдер қатарына қоса салады. Рас-ау, оны ажыратып жатқан кім бар?!Ет экспорты неге тежелді?
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан 117 елге 960-тан астам тауар түрін экспорттайды. Соның ішінде ет және ет өнімдерінің экспорты жыл сайын ұлғайтылып келеді. Десе де ірі қара етінің экспортын ұлғайту межесі елдегі мал ауруларының таралуынан кешеуілдеп қалған сияқты. Тіпті, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Қасеновтің айтуынша, сиыр етінің саудасы 15-20 пайызға кеміп қалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2015 жылы ет экспорты 16 мың тоннаны, соның iшiнде, сиыр етінің экспорты 6,5 мың тоннаны құрады. Егер ет экспортының өсу қарқынын 2000 жылдағы көрсеткiшпен салыстырсақ, оның көлемi 54 есеге ұлғайғанын байқауға болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылы ет экспортының көлемі арта түспек. «2021 жылға дейін сиыр еті көлемін арттыра отырып, келесі жылы ЕАЭО елдеріне – 30 мың тонна, Қытайға – 40 мың тонна ірі қара етін бағыттамақпыз. Астық сынды сұранысы жоғары тауарлар ЕАЭО елдеріне – 479 мың тонна, ТМД мемлекеттеріне – 2,5 млн тонна, Қытайға – 1 миллион тонна, Ауғанстанға – 86 мың тонна, Иранға – 900 мың тонна және өзге де елдерге – 370 мың тонна экспортталады деп болжанып отыр», – деп атап өтті Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева. Осы бағытта республиканың барлық өңірлері қызу жұмысқа кірісіп те кеткен. Мәселен, былтыр елімізде 2013 жылы Қытайға ет тасымалдауға қойылған шектеу алынды. Еліміздің 9 облысында аусыл ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілмейтін болды. Нәтижесінде отандық шаруалар өз өнімдерін сыртқа шығара алады. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қытайға ресми сапармен барғанда ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас төрағасының орынбасары Мей Кебаомен келіссөз жүргізді. «Қос тарап маңызды келісімге қол жеткізді. Қазақстанның 9 облысында аусыл ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілмейді. Бұл – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұлар қолайлы аумақ ретінде танылды. Осы облыстардан ет және ет өнімдерін шығаруға қойылған шектеу алынып тасталды», – дейді ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаев. Оның пікірінше, екі ел арасындағы келісім елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік жасайды. «Бұл келешекте осы аймақтарда орналасқан ет және ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың Қытай аумағына экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіміне енуіне мүмкіндік береді. Бұл отандық шаруалар үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда осы өңірлерде орналасқан кәсіпорындардың өндіріс процестерінде тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін тексеру мақсатында Қытай сарапшылары келеді. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деп түйіндеді сөзін О.Аусабаев. Биыл оңтүстікқазақстандық шаруалар ет экспортын екі есеге ұлғайтпақ. Қазір осы бағытта Иран, Ирак пен Сауд Арабиясы және Қытаймен келіссөздер жүріп жатыр. Өткен жылы оңтүстік халқы құны 195 миллион АҚШ доллары болатын 1 миллион 300 мың тоннадан астам ауылшаруашылық өнімі мен азық-түлік экспорттаған. Соның ішінде 6 мың 700 бас ұсақ мал, 400 бас мүйізді ірі қара мен 200-ге тарта жылқы бар. Мәселен, Қазығұрт ауданындағы бір ғана қожалық Біріккен Араб Әмірлігіне 2 мың бас қой жіберген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков: «Ирак, Сауд Арабиясы, Қытай, Өзбекстан елдеріне ет жібереміз деп отырмыз. Ол ірі қара мал мен қойдың еті. Ал күркетауық еті Ресейге кетіп жатыр. Әрине, Қырғызстанға да жібереміз деп отырмыз. Өзіміздің ресми есебіміз бойынша екі есе көбеюі керек», – дейді ол.Ет өндіру - ентіктіретін еңбек
Ет экспорттауды жолға қою үшін бірқатар түйінді тарқатып алу керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Батыс Қазақстандағы ет өндірушілермен өткізген дөңгелек үстелінде белгілі болғандай, облыста қазіргі таңда 1 млн 200 мың қой, 500 мыңдай ірі қара бар. Мамандардың айтуынша, бұл сан өсе береді. Сонымен қатар сауда тек Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары және Ресей Федерациясымен ғана жасалады. Неліктен? Себебі ет өндіру жұмысы ескіше жүргізіледі. Ет өңделмей сатылады, мал тірілей саудаға салынады. Өңделген еттің сақталу мерзімі бойынша басымдық бар, бағасы да өндірушілерге табыс әкелмек. Мамандардың айтуынша, ет өндірушілерге малды облыстан тыс жерге сатқан ыңғайлы. Бұл баға жағынан тиімді. Екінші мәселе, мал өсірушілер мен ет өңдеушілерді бір кластерге біріктіру қажет. Себебі жергілікті мал өсірушілер етті нарықтағы бағамен сатады, бұл өңдеуші кластерге қымбатқа түседі. Қазақстандағы ет консервілеумен айналысатын ең ірі «Кублей» ЖШС директоры Талғат Берекешев ет саудасының қыр-сырымен бөлісті. «Біз етті жергілікті мал өсірушілерден ала алмаймыз. Бағасы қымбат. Біздің тауар бірден бәсекеге жарамай қалады. Табыстан 22 пайыз салық (10% ЖҚС және 12% ҚҚС) төлейміз, бұл салық бізді Қазақстанның нарығынан ығыстырып жатыр, амалсыздан импорттық етті сатып алуға мәжбүрміз. Салыққа қарсылығымыз жоқ. Бірақ салықты өңдеушілер ғана төлейді? Мал өсірушілер салық төлемек түгілі, субсидия алады. Біздің жағдайымыз тең емес», – деп атап көрсетті. Облыстағы ірі өңдеуші «Агропродукт ЛТД» ЖШС директоры Темірғали Ескендіровтың айтуынша, тағы бір үлкен түйткіл бар. «Ет индустриясын жоспарлау нашар – бизнесте консолидация жоқ. Ірі сауда орталықтарының қозғалысы ғана байқалады. Ресейде, статистикаға сенсек, ірі сауда орталықтарында еттің сатылуы 75-80 пайыз екен. Магнит, Х5 Retail, Ашан, Лента сияқты жаһандық ойыншылар Ресейдегі азық-түлік саудасын жүзеге асырып отырғандар. Олар 2-3 жылдан соң Қазақстанның нарығына да келуі ықтимал. Олар 1-2 дүкен емес, бірден жүздеген дүкен ашып алуы мүмкін. Бұл сауда орталықтары өздерімен бірге өндірушілерін ерте келеді. Қазақстандық өндірушілерді ығыстыра салады. Стратегия да жоқ, жоспар да жоқ. Ал, біз өндірушілер өнімімізді кім қазір сатып алатынын, ертең, бір жылдан, екі, үш жылдан соң кім алатынын білуіміз керек», – деді. Расында, ет импорты мен экспортын бір қазанға біріктіріп, кластер құрып, нарықта орнығып алатын уақыты жетті. Әйтпесе, ет пен малдан тарлық көрмесек те, малды мемлекет болсақ та, нарық басқаның қолына өтіп кетуі ықтимал.