Абай облысында биологиядан сабақ беретін мұғалім әлемге әйгілі Испания әншісімен бірге жұмыс істемек
Eraholic деген лақап аты бар мұғалім бұған дейін шетелдік әнші Dua Lipaмен бірге жұмыс істеген.
Абай облысы Абай ауданындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Ерқанат Сaдуханов әлемге әйгілі испандық әнші Розалияға ән жазбақ, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шығармашылық ортада Eraholic деген атпен танымал мұғалім бұған дейін шетелдік әнші Dua Lipaмен бірге жұмыс істеген. Енді өз қабілетін тағы шыңдап, өзін жаңа бағытта сынап көрмек. Оның айтуынша, әнші өзі ұсыныс айтып байланысқа шыққаннан кейін бірге жұмыс істеуге келіскен.
Туынды Қазақстанда танымал болып келе жатқан реггетон стилінде латын мотивтерінде жазылады. Сонымен қатар Ерқанат қазір басқа да ірі шетелдік әртістермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Әсіресе жас әртістермен бірге жұмыс істеуді қолға алды.
Айта кетейік, Ерқанат Садуханов – биология пәнінің мұғалімі. 7-10 сыныптарда сабақ береді. 10 жылға жуық әнге аранжировка жазумен айналысады.