Колумбияда суға кеткен қайықта болған қазақстандық туралы тың ақпарат шықты
АҚШ-қа жетуді жоспарлаған бес қазақстандық (үш ересек, екі бала) басқа мигранттармен бірге Колумбияның Сан-Андрес аралынан Никарагуаның Корн аралына қайықпен шыққан кезде, толқын көтеріліп, қайық аударылған.
Колумбияда суға кеткен қайықта болған қазақстандық туралы тың ақпарат шықты. Алайда Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растаған жоқ, бұл туралы azattyq.org жазды. 9 шілдеге қараған түні қайықта болған қазақстандық Қабидолла Қалидің қайтыс болғаны туралы сол күні қайықта болған тағы бір қазақстандық Байхан Жапақ айтып бергені туралы ақпарат тараған еді.
АҚШ-қа жетуді жоспарлаған бес қазақстандық (үш ересек, екі бала) басқа мигранттармен бірге Колумбияның Сан-Андрес аралынан Никарагуаның Корн аралына қайықпен шыққан кезде, толқын көтеріліп, қайық аударылған.
Байхан Жапақ, оның әйелі мен екі баласын және басқа да мигранттарды Колумбияның жағалау күзеті құтқарған.
Қабидолла Қалидың қазасын Байхан Жапақ Колумбияның көші-қон орталығынан естігенін айтады.
"Көші-қон орталығына барып, ол кісінің сүйегін алып кетейін деп айттым, бірге келдік дедім. Бірақ олар бұлай болмайтынын, туған-туыстары, саусақ іздері немесе елшіліктен хат жіберу керектігін айтты. Кейін Қабекеңнің туыстарымен байланысқа шықтық," - деді Байхан Жапақ.
Оның айтуынша, Қабидолла Қалидің АҚШ-та таныстары болған. Сыртқы істер министрлігінің өкілі “бұл жағдай бойынша ресми ақпарат жоқ” екенін мәлімдеді.
Байхан Жапақтың сөзінше, АҚШ-қа баруды жоспарлаған олар Алматыдан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына жеткенде, Никарагуа астанасы Манагуаға ұшаққа өткізбей қойған. Содан кейін олар Колумбияның Сан-Андрес аралынан қайықпен шығуға шешім қабылдаған. 46 жастағы Қабидолла Қали Қазақстанға Қытайдан көшіп келген, Алматыда аспаз болып жұмыс істеген. Ол Байхан Жапақпен желідегі чатта танысып, 16 маусымда Қазақстаннан бірге шыққан. Жапақтың айтуынша, Қабидолла Қалидің әйелі мен бала-шағасы болмаған, туыстарының көбі Қытайда тұрады.