"Мен Парижде қолыма ілінген киімді киіп шығамын ба сонда?" Олимпиадада төреші болатын қазақстандық Олимпиада формасын алмағанына наразы
"Азия чемпионатына біз бармасақ, команданы жарысқа қатыстырмайды. Ереже солай. Ондайда төреші керек те, ал басқа уақытта қажеті жоқ па сонда?".
Бір аптадан соң Парижде басталатын Жазғы Олимпиада ойындарындағы балуандар белдесуіне төрелік ететін қазақстандық төреші Игорь Лигай Олимпиада формасын алмағанына наразы. Ол бұл туралы TÚRKISTAN газетінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Ішімді күйдірген жайт, жуырда Парижге аттанатындар Олимпиада формасын алды. Ал бізге берілмеді. Осыған ішім ашыды. Біз федерация атынан Ұлттық олимпиадалық комитетке хат жаздық. Мен төреші болсам да, аренаға Қазақстанның атынан шығамын. Аты-жөнім жазылған бейджикте елімнің атауы KAZ деп жазылып тұрады. Әрі біздің ту бейнеленген. Экранда да дәл солай жазылады. Мен бозкілемге басқа елдің атынан шықпаймын ғой. Мен – Қазақстаннанмын. Бізге Олимпиада формасын неге бермеске? Мен ертең Парижде қолыма ілінген киімді киіп шығамын ба сонда?", – дейді төреші.
Оған дейін Жасөспірімдер Олимпиадасын және Токиода өткен төртжылдықта төрелік еткен Игорь Қазақстан балуандарына қазы болуға құқы жоқ болса да, олардың әділ бағалануын қадағалайтынын айтады.
"Жұмысымыздың маңызы неде екенін айтайын ба? Біз басқа төрешілердің балуандарымызға қалай төрелік ететінін бақылап жүреміз. Олар күресіп жатқанда төреші қателік жіберсе, оның дұрыс-бұрыстығын елде бізден басқа кім жақсы біледі? Әрине, біз – қазақстандық төрешілер. Біздің федерация өкілдері немесе бапкерлер бізге келіп, «Онда қателік болды ма, әлде бәрі дұрыс па?» деп сұрайды. Мен ол белдесуді көре алмай қалсам, сайтқа кіріп, мұқият көремін. Сосын өз бағамызды береміз", – дейді И.Лигай.
Игорь сөз соңында Қазақстанда төрешілерінде ешқандай мотивация жоқ екенін ашына айтты. Оның айтуынша, төрешілерге лайық қолдау көрсетілмейді әрі тұрақты жалақы да жоқ.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарынан жүлделі оралған спортшылармен кездескен кезде спорттағы нәтижелерді жақсартудың стратегиясын айтты. Әрі ол әлемдік деңгейдегі төрешілерді баптап шығару ісіне баса мән беру керек екенін айтып өтті. Жоғарыда айтып өткенімдей, өзге төрешілердің біздің атлеттерге дұрыс әрі әділ қарауына біз, қазақстандық төрешілер әсер ете аламыз. Ал бізге қолдау білдіріп, төрешілік ісін ілгерілету үшін елде не істелініп жатыр? Ештеңе. Мен Олимпиадаға осымен екінші рет бара жатырмын. Онда барып келгеннен кейін ештеңе өзгермейтінін білемін. Мысалы, жақында Парижге іріктелген әзербайжандық төрешіге пәтер сыйға берілді. Ал қазақстандық төрешілерде ешқандай мотивация жоқ.ысалы, Азия чемпионатына біз бармасақ, команданы жарысқа қатыстырмайды. Ереже солай. Ондайда төреші керек те, ал басқа уақытта қажеті жоқ па сонда? Мысалы, футболда арбитр бір ойында 2 сағат төрелік етеді. Естіп-білуімше, елде бір ойынға төрелік еткені үшін ол маман 250 мың теңге алады. Ал біз 1 күн үшін 16 мың теңге аламыз. Біле білсеңіз, біз бір күнде 30 белдесуге төрелік етеміз", – дейді маман.
"Қазақстанда төреші жалақы алмайды. Мен Шымкенттегі спорт мектебінде бапкер ретінде тіркелгенмін. Алайда онда жұмыс істемеймін. Бірақ маған жалақы төлеудің одан басқа амалы жоқ. Елде бокс, дзюдо, каратэге төрелік ететін мамандар жалақы алады. Ал бізде ондай емес. Кейінгі кезде күрес федерациясын бізге жалақы төлеп тұруын міндеттеген еді, бірақ ол бірде бар, бірде жоқ. Төрт жыл бойы басты додаға дайындалған спортшыда стимул бар. Атақтан бөлек, мемлекет оған қыруар қаржы, облыс әкімі пәтер, ал демеушілер көлік береді. Ал Олимпиадада атлет секілді аренаға ел атынан шығып, олардың өнерін әділ бағалауды талап ететін төрешіге ештеңе қарастырылмаған. Перспектива жоқ", – дейді төреші.