Атақ сату «бизнесін» кім тоқтатады?
Қазір қалтасында көк қағазы не тамыр-танысы барлар қоғамдық ұйым атынан атақ сатып ала алады. Медаль саудасын қыздырып отырған пысықайлар ең алдымен мектептерді жағалағаны есімізде. Бүгінде «Ғасыр ұстазы» 13 мың, «Алаш ұстазы» 10 мың, «Ұлт ұстазы» 5 мың, ал «Ұлағатты ұстаз» атағы 20 мың теңгеге сатылады. Яғни, нарық заңына қарай ұсыныс бар, сәйкесінше сұраныс та аз болмай тұр.
Қазақстанда атаққұмарлық деген дерт пайда болды. Атақ – қазір тойға апаратын сыйлыққа айналып барады. Бұл жөнінде Мәжіліс мінберінде де айтылды. Қоғам белсенділері де дүркін-дүркін мәселе көтеріп жүр. Бірақ тоқтар түрі көрінбейді... Біз осы мәселені тағы бір рет еске салғанды жөн көрдік.
Қазір қалтасында көк қағазы не тамыр-танысы барлар қоғамдық ұйым атынан атақ сатып ала алады. Медаль саудасын қыздырып отырған пысықайлар ең алдымен мектептерді жағалағаны есімізде. Бүгінде «Ғасыр ұстазы» 13 мың, «Алаш ұстазы» 10 мың, «Ұлт ұстазы» 5 мың, ал «Ұлағатты ұстаз» атағы 20 мың теңгеге сатылады. Яғни, нарық заңына қарай ұсыныс бар, сәйкесінше сұраныс та аз болмай тұр. Жоғарыда аталған атақтар пайдакүнем делдалдардың ойлап тапқан айласы делік, алайда ұлт тәрбиелейтін ұстаздардың осындай жалған атақтың алдына «жығылатыны» өкінішті-ақ.
Ұстаздар өзара шәкіртке берген білімімен емес, сатып алған марапаттарымен бәсекеге түсіп жатқанын бақылайтын немесе тосқауыл қоятын бірде-бір құзырлы органның болмағаны ма? Қазақтың «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген салмағы ауыр сөзі осындайда айтылса керек. Жылтыраққа құмар ұстаздардың әрекетін білім сарапшысы Аятжан Ахметжан аямай сынаған болатын.
– Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Өз басым «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы», «Ұлы дала ұстазы» деген медальдарды сату немесе сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға намыстанар едім. «Ұлт ұстазы» деген атты тек Ахмет Байтұрсынұлына қатысты қолданып жүрміз, ал олар істеген тірліктің жүзден бірін тындырмай сол деңгейдегі атақты медаль етіп сатып алып тағу – ұятсыздықтың шыңы. Жоғарыдағы атағы Алатаудай, алты атанға жүк болар медальдарды алып жүргендер қатарында оқуды сырттай бітіріп, мектепте қалт-құлт етіп сабақ беріп жүрген, жұмыс өтілі екі жылға жетпейтін шикі өкпе әріптестеріміз де бар. Құдай-ау, неткен атаққұмарлық? Кеудесіне бір медаль тақпай кеткен Алаштықтардың қазақ білімінің іргетасын қалағанда артымыздан осындай ұрпақ жалғайды деп ойласа, 1937 жылы атылмай тұрып жүректері тоқтап қалар ма еді, кім білсін! Күйдіргенде сондай медальді сатып алып тағып, соны жуып той жасайды ғой. Тойында Алтынсарин естімеген алғыстар мен Ахметке айтылмаған бата-тілектер қардай жауады. Бұған естуші де, айтушы да беті шым етіп ұялмайды. Өкінішке қарай, екеуі де біледі, жалған көсіліп тұрғанын. Ал осыдан кейін сыныпқа кіріп оқушыға тазалық туралы, адалдық туралы көсіліп әңгіме айтамыз. Неткен жиіркенішті, – деген еді.
«Ы.Алтынсарин» медалі – 4 мың теңге
Мұғалімнің атақты сатып алғанынан әріптестері, мектеп директоры, бәрі хабардар болып отырады. Ол мұғалімнің жеке іс-қағаздары деп аталатын папкасына да, портфолиосына да тіркеледі. Сонда мұндай заңсыздықты аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, соңы министрлік те біліп отырады. Алайда әлі күнге дейін қоғамдық ұйымдар атынан берілетін атақтарды заңсыз деп танымауының, олардың жұмысына шектеу қоймауының себебі түсініксіз. Мәселен, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан берілетін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен білім беру, тәрбиелеу процесін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру және тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары, оқушыларды, тәрбиеленушілерді практикалық даярлаудағы, олардың шығармашылық белсенділігін арттыру табыстары, облыстық (аудандық), республикалық, халықаралық білім бағдарламалары мен жобаларындағы жетістіктері үшін білім беру органдары мен ұйымдарында 10 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар қызметкерлерге беріледі. Төсбелгінің беткі жағында Ыбырай Алтынсариннің бейнесі, ал артқы жағында «Педагогикалық қызметтегі табыстары үшін» деген жазу бар. Тақырыпты зерттеу барысында «Ы. Алтынсарин» медалін педагогика саласына ешқандай еңбек сіңірмей-ақ сатып алуға болатынына да көзіміз жетті. Алматыдағы бір кәдесый компаниясы «Ы.Алтынсарин» деген медаль жасап шығарады екен. Сырт көзге министрлік атынан берілетін медальдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Төсбелгінің беткі жағында ағартушының бейнесі мен аты-жөні жазылып тұр. Компания өкілдері мұндай медальдарды тек тапсырыспен жасайтынын, оны дайындауға 12-15 күн уақыт қажет екенін айтты. Тиражбен жұмыс істейтіндіктен, 1-2 медальға тапсырыс бере алмайсыз, кемінде 10 дана жасатуыңыз керек. Медаль қараймайтын металдан жасалады және төзімді деп сендірді. Бағасы – 4 мың теңге. Компания бұдан бөлек түрлі куәліктер мен медальдарға тапсырыс қабылдайды екен. Куәлікке қалауыңызға қарай кез-келген мәтінді жазып береді, алайда оған мөр баспайтындарын ашық айтты. Сонда білдей бір министрліктің беретін жоғары наградасының атауын ұрлап алып медаль жасап сатып отырған компанияны ешкім жауапқа тартпағаны ғой. Тым құрығанда медаль атауын ауыстыруға неге күш салмаған деп ойланып қалғанымыз жасырын емес. Жалпы, Оқу-ағарту және Жоғарғы білім министрліктерінің қызметкерлерді марапаттауы арнайы бұйрыққа сай жүргізіледі. «Ы.Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттау министрліктің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» болған жағдайда ғана беріледі. Мәселен, білім саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар ұстаз «Еңбек ардагері» медалін алады. Министрдің айтуынша, бұл марапат педагогтар тарапынан ұзақ жыл бойы жұмыс істесе де, еңбегіне орай еш награда алмағаны жайлы шағым жиі түскендіктен тағайындалған.
– Біздің әрқайсымыз үшін ұстаз – өмір жолымызды айқындайтын, тұлға болып қалыптасуымызға негіз қалайтын адам. Ұстаздар талай ұрпақты оқытып, тәрбиелейді. Сондықтан да біз педагогтың бұрынғы имиджін одан сайын көтеруге міндеттіміз, – деген болатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Ведомство өкілдері аталған марапаттардың ешқайсының сатылмайтынын талай айтқан. Алайда білім беру саласында наградалардың әділетті берілмейтіні оқта-текте айтылып қалады. Бұл алып-қашпа әңгімеден министр де хабардар екен.
– «Награда сатылады» немесе «Өзіне ұнайтындарға бөліп береді» деген әңгімені жиі естимін. Бұл – мүлде жол берілмейтін дүние. Награданы сатпауымыз керек. Сатсақ, оның ешқандай құндылығы қалмайды. Сондықтан санатқа байланысты наградаларды автоматты түрде беріп отыратын өзгеріс енгіземіз. Мысалы, мектепте «модератор» санатын алған адам бірден министрдің Алғыс хатын алуы керек. Ешқандай құжат тапсырмай, автоматты түрде алуы қажет. Бұл колледж оқытушыларына да қатысты болады. Егер «сарапшы» болса, онда министр бірден Құрмет грамотасын беруі керек, – деген болатын министр Ғани Бейсембаев.
Яғни, болашақта әр педагог аттестациядан өткен сайын марапатталып отырады.
Құрметті азамат атану құны – 70 мың теңге
Ел ішінде сатылады деп айтылып жүрген марапаттардың бірі – «Қазақстанның құрметті азаматы» атағы. Білушілердің айтуынша, кезінде бұл атақ 1,5 млн теңгеге сатылған және бұған кез келгеннің қолы жете бермейтін. Өйткені аты дардай, бағасы удай болған. Кейін байқаудың «бәсекелестері» пайда болып, бағасы біршама арзандаған көрінеді. Интернеттің көмегімен «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын беретін мекемені тез-ақ таптық. Құрметті азаматтарды анықтайтын ұйым –Bilim-orkenieti ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы. Атақты алу үшін не істеу керегін сұрадық. Бақсақ, бұл атақты алуға барлық сала мамандары қатыса алады екен. Қатысушылар 1,5 беттен тұратын өмірбаянын жазады, өтініш кестесін толтырады және еңбек жолында жеткен жетістіктерін растайтын құжат көшірмелерін жібереді. Біз сөйлескен орталық өкілі 26-шілдеде осы атақты алғандарды ресми марапаттау шарасы Астана қаласында өтетінін, соған үлгеретінімізді айтты. Ал байқау қатысушыларына арнайы тағайындалған «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгісі, төсбелгіні куәландыратын куәлік, «ҚР Құрметті азаматы» статуэткасымен қатар диплом беріледі және оны елімізге белгілі тұлғалар табыстайды. Марапаттау шарасы республикалық деңгейдегі арналардан көрсетіледі. Байқаудың бір реттік жарнасы – 70 мың теңге. Яғни, Қазақстанның құрметті азаматы болғыңыз келсе, 7 он мыңдығыңызды сайлай беріңіз. Жөнсіз берілетін жалған атақтар мен орден-медальдардың қаптап кеткені жайында депутат Аманжол Әлтай мәселе көтерген болатын. Халық қалаулысының айтуынша, мұндай үрдіс ешкімге абырой әпермейді, керісінше адамды даңғойлыққа, атаққұмарлыққа итермелейді.
– Жеке адамдардың тойларында да жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды жыртыс таратқандай үлестіріп жататын келеңсіз көріністерге қарап көңілің құлазиды. Абай жарықтықтың «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалама-жан» деп күйінетіні осындайда ғой! Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медаліне ие боласыз. Бұрын академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теңге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академигі бола саласыз, – дейді депутат.
Депутат бұл – құрметтеу емес, қорлау, жұртты алаөкпе қылатын өте қауіпті әрі қоғамды бүлдіретін үрдіс дейді.
– Осы ретте, әділетті келешекке қадам басқымыз келсе, сатылатын мәнсіз марапаттардан қоғамды сақтандыру маңызды. Жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тауып жүрген пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тыйым салып, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек, – деп өз ұсынысын ортаға салды.
Момышұлы атындағы медальдар сатылмайды!
Былтыр Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы әзірлейтін Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» пен «Батыр шапағаты» төсбелгілері 100-150 мыңнан сатылғаны туралы ақпарат желдей есті. Қауымдастық төрағасы Бақытбек Смағұл батырдың атындағы төсбелгілерді сатып жүргендерді анықтап, мәліметті құқық қорғау органдарына берген. Алайда олардың үстінен бұрын да «алаяқтық жасады» деп талай рет қылмыстық іс қозғалған екен. Алайда заңға жүгініп, іс қозғалса да батыр атындағы төсбелгіні сатқысы келетіндер азаймай тұр дейді Бақытбек Смағұл.
– Даңқты қолбасшы, қазақтың қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» пен «Батыр шапағаты» төсбелгілерін Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы әзірлейді. Оған көзі тірісінде Баукеңнің ұлы Бақытжан Момышұлынан, бертінде немересі Ержаннан да ресми рұқсатын алдық. Барлық заңды құқықтары менің қолымда. Бұл төсбелгілер тек қаһарманымызды дәріптеуге, оның ұлы есімін ұлықтап, ұрпақ ұмытпауы үшін жаңғыртып отыруға бағытталған. Менің айтарым, бұл төсбелгілер сатылмайды. Яғни, оны алатындар бір тиын да төлемеуге тиіс. Төсбелгіні жасату ақысын Қауымдастық және демеушілер көтереді. Ал сатып жүргендер алаяқтар! Олармен күрес жалғаса береді. Qazaqstan Ardagerleri шығаратын осы және басқа да төсбелгілер ұлтымыздың намысын қорғап, қазақ атын асқақтатып жүрген азаматтарымызға, дарынды жастарға қолдау ретінде тегін беріледі. Кандидаттар тізімін ғалымдар, сарапшылар анықтайды. Біз төсбелгілерімізді сапалы шығару үшін Ұлттық Банктің Қазақстан теңге сарайында арнайы тапсырыс беріп, жасатқызамыз. Ал алаяқтар Теңге сарайында емес, көрінген цехта жасата салады. Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы қазақтың ұлы тұлғаларының атын жамылып, табыс табатындарға қарсы. Осы орайда мен Президент Әкімшілігіне Бауыржан Момышұлы атындағы мемлекеттік орден тағайындау туралы ұсыныс енгіздім. Мамандарды жалдай отырып, оның эскизін де жасатып, қоса тапсырдым. Президентіміз бұл бастаманы қабыл алады деген үміттемін. Сонда Бауыржан Момышұлы атындағы награданы тек қана мемлекет беретін болады, – дейді депутат.
Атақ сатып алу – дамушы елдерге тән құбылыс
Мәселені тағы да тереңірек зерттеу үшін заңгер, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспанмен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
– Медаль сататын қоғамдық ұйымдар заң бойынша тіркелуі керек пе және олардың жұмысы қаншалықты заңды?
– Елімізде тек мемлекеттік наградалар, марапаттар ғана арнайы заңмен реттелген. Арнайы марапатқа ұсыну тәртібі, ережесі, шарттары бар. Ал қоғамдық ұйымдардың жұмысы ешқандай заңмен реттелмеген. Мұндай арнайы қызмет түрі жоқ, олар жеке кәсіпкер, ЖШС немесе қоғамдық бірлестік ретінде тіркеліп жұмыс істей береді. Бұл жерде мұқият назар аударатын бір жайт бар. Ол Азаматтық құқықта қолданылатын «Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етілген» деген қағида. Азаматтық құқықта заңмен тыйым болмаса, онда ол рұқсат етілген болып есептеледі. Мұнда осы қағиданың басшылыққа алынғанын көреміз. Өмірдегі барлық жағдайды заңмен реттеу мүмкін емес. Сондықтан заңмен тікелей тыйым болмаған жерде бұлардың қызметін заңсыз деп айта алмаймыз. Өйткені мұндай мекемелер жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша тіркеліп, тиісті салығын төлеп отырады.
– Медаль, орден, атақ, грамота мәселесінде шетелдің тәжірибесі қандай?
– Медаль, орден, грамота, атақ сатып алу негізінен дамымаған және дамушы елдерге тән құбылыс. Дамыған Еуропа елдерінде мемлекеттік наградалар өте аз. Мысалы, Ұлыбританияда сонау патша заманынан келе жатқан рыцарлық атақтар бар. Ондай атақтар ерекше еңбегі сіңген, тәжірибесі мол жандарға беріледі және халық арасында да мойындалады. Көп елде мемлекет тарапынан тағайындалған атақтар үлкен құрметке ие емес. Олар мемлекеттік наградамен айналыспайды. Ал қоғамдық ұйымдар тарапынан берілетін атақтың артында жылына бір рет болсын төленетін қаржысы болады. Оның қарапайым ғана мысалы «Нобель» сыйлығы. Ғылымға сіңірген ерекше еңбегі үшін әлемнің кез келген азаматы Нобель сыйлығына ұсыныла алады немесе өзін-өзі ұсына алады. Сыйлықты алған адам 1 млн АҚШ долларына жуық қаражатқа ие болады. Міне, қоғамдық ұйым атынан берілетін әлемдегі №1 марапат осы. Ал біздің елдегі атаққұмарлықты мен Кеңес үкіметінің сарқыншағы дер едім. Өйткені әлемдік деңгейде мойындалған әншілердің бір басында біздің әншілердегідей үйіліп-төгіліп жатқан атағы болмайды.
– Осындай арзан, сатып алынған атаққа қоғамның қатты қызығушылық танытуы қалыпты құбылыс па, әлде асқынған дерт па?
– Еш жерде мойындалмаған, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер атынан берілетін марапаттардың, қаражаты жоқ жылтырақ медальдардың, жалған атақтардың иесіне беретін ешқандай пайдасы жоқ екенін түсінуіміз керек. Мысалы, «Құрметті академик» атанып жүрген, бірақ бірде-бір академиялық еңбек жазбаған адамдарды білеміз. Кеудесіне жылтырақ медальдарын тағып алатын дап-дардай ағаларымыз көп. Ол кісілер қолақпандай медальді Олимпиада медалінен кем көрмейді. «Бұл медальды қандай еңбегіңізге берді?» деп сұрасаң, «Сен мені білмейтін бе едің?» деп өзіңе ожырайып қарайды. Мен мұндай құбылысты атаққұмар адамдардың ауруы дер едім. Мұның басқа ешқандай анықтамасы жоқ. Кезінде әртүрлі қоғамдық ұйымдардың берген атақтары маған да бұйырды. Ашығын айтайын, бірақ мен ешқайсынан қол жайып атақ сұраған емеспін. Өздері хабарласып, «Сіздің алғаныңызды жөн көріп отырмыз» деп ұсынса, кейде көңілдеріне қарап барып алам. Бірақ оны еш жерде жариялап айтпаймын. Қателеспесем, кезінде Дәурен Қуат бастаған жігіттер Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықты жариялады, содан бір кездері маған да бұйырды. Сонда мен үлкен өтініш айтып едім. Сыйлықтың құнын арттыру үшін біріншіден тұрақты болуы керек. Екіншіден, арнайы комиссия құрылуы керек. Үшіншіден, оның артында кәдімгідей қаражат болуы керек. Сонда оның бәсі артады. Алайда бұл жұмыс жайына қалды, одан кейін ешкім марапатталған жоқ және халықтың тарапынан да мойындалған жоқ. Жалпы, марапат беруші ұйымдардың жұмысы адамға бір сәттік эмоция сыйлау. Бәлкім, мұндай ұйымдардың барлығы бірдей табыс табуды көздемейтін де шығар. Шын ниетпен істеп жатқан азаматтардың да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ өкінішке қарай, бұл – бір сәттік көңіл күйдің көрінісі ғана. Артынан ұмытылып кетеді. Халық тарапынан мойындалмаған дүниенің ғұмыры да қысқа келетіні ақиқат қой. Өзім заңгер болғандықтан бізде марапат берумен айналысатын көп ұйымда ереже жоқ екенін білемін. «Медальді қандай талаптарға сай бересіздер?» деп сұрасаң, ауызша айтады. «Құжаты қандай?» десем ешқандай құжатын көрсете алмайды.
P.S. Әлеуметтік желінің дамуымен қатар жалған атаққа талас блогерлер арасында да кең таралған. Марапат бергіш пысықайлар қоғамда сұранысқа ие салаларды жаулай бастағалы қашан. «Үздік блогер», «Жыл блогері», Businesswoman атақтарының құны 1-2 млн теңге. Өз-өзіне атақ сатып әперіп жүргендер ең алдымен өзін алдап жүргенін түсінетін кез келгендей. Көріп отырғанымыздай, атақ сату – белгілі бір ұйымдардың бизнесіне айналып отыр. Дәл қазір оны тоқтататындай тетік жоқ. Сондықтан халықтың деңгейі өсуі керек. Ол атақтардың түкке де пайдасы жоқ екенін түсінуі қажет. Оған дейін, өкінішке қарай, «бизнес» өрістей береді.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ