«Ай мен Айша» қойылымындағы ұлттық рух
Шерхан Мұртазаның өмірбаяндық «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде қойылған «Ай мен Айша» спектаклі театрдың жаңа ізденістерінің жалғасып жатқанын айғақтайды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сахнаға шыққан бұл қойылымға режиссер Т. Жаманқұлов араға бірнеше жылдар салып қайтадан оралды. Ол 2021 жылы спектакльді түбегейлі өңдеп, жаңғыртып, жаңа режиссерлік пайымдаулармен толықтырулар жасады.
Халқымыздың рухани мұрасын көздің қарашағындай сақтап, өнердің киелі қара шаңырағына айналып кеткен М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры құрылған күнінен бастап бүгінге дейін өз репертуарын қаһармандық рухқа толы, еліміздің өткен тарихынан сыр шертетін төл туындыларымызбен толықтырып келеді. Мұның өзі театр ұжымының кемел де көлемді дүниелерге батыл барып, талмай еңбек етіп, шеберліктерін шыңдап отырғанын көрсетеді. Айталық, Шерхан Мұртазаның өмірбаяндық «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде қойылған «Ай мен Айша» спектаклі театрдың жаңа ізденістерінің жалғасып жатқанын айғақтайды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сахнаға шыққан бұл қойылымға режиссер Т. Жаманқұлов араға бірнеше жылдар салып қайтадан оралды. Ол 2021 жылы спектакльді түбегейлі өңдеп, жаңғыртып, жаңа режиссерлік пайымдаулармен толықтырулар жасады.
Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов бұған дейін аталған театр сахнасында К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», У.Гаджибековтың «Аршын – мал алан», Ш.Құсайыновтың «Томирис», Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтарын» табыспен қойған. Оның режиссерлік қолтаңбасы әр спектакль сайын жетіліп, терең ойымен, келісті пластикалық шешімімен және ұлттық ерекшелікке сай бояуларымен қазақ театр өнерінің алтын қазынасына қосылды. Эстетикалық биік талғам иесі Т.Жаманқұлов халқымыздың басынан кешкен талай күрделі құбылыстарды заман рухына сай дәлдікпен, көркемдік өткірлікпен суреттеудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқаны баршамызға аян. Сондай ізденісінің бірі «Ай мен Айша» қойылымынан да анық сезіледі. Шығарманы терең зерттеген режиссер сол дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік сипатын жан-жақты қарастырып, «халық жауы» атанып жазықсыз жапа шеккен Мұртаза сынды азаматтардың отбасы тағдырын Айша бейнесі арқылы көрсетуді басты мақсат етті. Сонымен бірге Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы ауыл тұрғындарының иығына жүктелген ауыртпалық, аштық пен жоқшылықтың зардабын шынайы бейнеледі. Заңғар жазушы Ш.Мұртазаның екі бірдей көркем туындысының басын біріктіріп, сахналық нұсқасын жасаған Еркін Жуасбек авторлық көркем баяндауларды ішкі қуаты мол диалогтарға айналдырып, кейіпкерлер әрекетін тартыс желісіне бағындырған. Бұл сахнада суреттелетін оқиғаның әлеуметтік ауқымын кеңейтіп, кейіпкер мен қоғам арасындағы қайшылықтың айқын көрінуіне негіз болды. Режиссер қойылымның сахналық архитектоникасы мен спектакльдің пластикалық шешімін оңтайлы ойластырумен бірге, сахна кеңістігін толық пайдаланған. Шымылдық ашылған кезде қазақ даласының ұлан-ғайыр кеңдігі, ауыл адамдарының емін-еркін қозғалыстары арқылы кескіндемелік әдемілікпен шешілген. Залда отырған көрермендер суретшінің бейнелі де бедерлі үлкен полотнолы көркем туындысын тамашалағандай әсерге бөленеді. Бүкіл сахна жарықтың көмегімен құлпырып, әрбір кейіпкердің іс-әрекеті тайға таңба басқандай анық көрінеді. Спектакльдің алғашқы сахнасы ауыл адамдарының күнделікті алаңсыз тіршілігін көрсетуден басталады. Өз шаңырағында бала-шағасының ортасында домбыра тартып, ән айтып алаңсыз отырған Мұртазаны –Ж.Толғанбай НКВД-ның түсі суық шабармандары сүйреп әкетеді. Қанды қақпанға ілінгенін түсінген Мұртаза: «Айша, балаларға ие бол! Отымды өшірме!» деген сөздерді айтып қана үлгереді. Сүйген жарына балаларын аманат етіп қалдырған отағасының бұл сөздерін режиссер спектакльдің басты нысанасына айналдырып, бұдан кейінгі сахналардың барлығын да осы ойды ашуға бағыттаған. Яғни, ұрпақты аман сақтап қалу мәселесі спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Қорғансыз қалып, шарасыздықтан шырылдаған Айша үш бүлдіршінді асырау үшін бел жазбай жұмыс істесе, соғыстан оралмаған баласынан қалған жалғыз немересін басқа босағаға телміртпес үшін әмеңгерлік жолымен кіші ұлына келінін күшпен қосуға мәжбүр болған Мамай ақсақалдың әрекетінен ұрпақты сақтау идеясы байқалады. Халқымыздың басынан кешкен қилы кезеңді дәуір рухына сәйкес беру үшін режиссер мен суретші М.Сапаров сахнаның түпкі жағына қойылған үлкен қақпаны символдық тұрғыда оңтайлы ойнатқан. Бұл қақпа – спектакльдің басынан соңынан дейін екі дүниенің есігіндей әсерге бөлейді. Қақпа ашыла қалғанда бірер минут Led экраннан кеңес әскерлерінің майдан даласындағы қиян-кескі шайқасы көрсетіледі. Көрерменге сол есіктің арт жағында ажал құрығы дайын тұрғандай сезіледі. Өйткені қақпа әр ашылып жабылған сайын кейіпкерлердің өміріне қатысты маңызды оқиғалар болып, олардың ішкі жан дүниесіндегі арпалыстар күшейе түседі. Өне бойыңды тітіркендіретін музыка үнімен қоса, будақтап көтерілетін тұман заман ызғарымен бірге денені қарыған кәдімгі аяздың күшін де айнытпай берген. Осындай сахналық эффектілер арқылы режиссер спектакльдің атмосферасын тура тапқан. Сахнаның сол жағына Айшаның, оң жағына Мамай ақсақалдың үйі қатар орналасқан. Бұл арқылы режиссер екі отбасы мүшелерінің хал-күйі мен қайғы-қасіретін параллельді көрсетіп, эмоциялық жағынан өтімді, психологиялық тұрғыда нанымды, актерлік орындаушылығы шынайы көңіл күйлерге жетелейтін кең тынысты қойылым тудырды. Т.Жаманқұлов спектакльдің пластикалық шешімі мен мизансценаларды бедерлі құрумен бірге актерлердің рөлді меңгеруіне ерекше көңіл бөлген. Әр актер бейне жасаумен бірге, сахналық ой-әрекетінің айқындығымен идеялық-әлеуметтік жүк көтерген. Қойылым оқиғасын дамытып отыратын Айша рөлін белгілі сахна шебері Дәрия Жүсіп орындады. Театр төрінде небір қыз-келіншектер мен ана бейнелерін жасауда тәжірибесі мол актриса Айшаның жарына адал, балаларына пана болып, ар-намысын ешкімге таптатпаған қайсар ана тұғырына көтерді. Бүкіл спектакль бойы күрделі психологиялық қарым-қатынастарды ұстап отыратын Д.Жүсіп көп қырлы, қыртысы мол кейіпкерінің психофизикалық қалып-күй ахуалын тура тапқан. Актрисаның әрбір қозғалысы мен көзқарасы іштей ширыққан адамның жан күйзелісін анық жеткізеді. Баласының «Саясат деген не?» деген сұрағына «Оны кім біліпті?» деп жауап қайырады. Орындаушы Айшаның айналасындағы саяси оқиғаларға деген түсініктерінің тым қарапайым екенін иланымды етіп берді. Шынымен де, күнделікті тіршілік күйбеңімен айналысып жүрген әйелдің аузынан осындай жауаптың қайтарылуына күмәнсіз сенесің. Ең бастысы, актриса өз кейіпкерін қиындық көрген сайын шар болаттай шыңдалып, асау толқынға қарсы жүзе білетін өткір мінезді етіп кескіндеді. Жастай жесірліктің тауқыметін тартып әрі соңынан қалмай «халық жауының» әйелі екенін бетіне басып, жүйкесін тоздырған Тасбеттің – Ж.Садырбаев қорлығына төтеп берген Айша рухының беріктігіне тәнті боласың. Әсіресе, жалғыз сиырын ауру деп тартып алмақшы болған одан қорықпастан сиырды сойып, бүкіл ел-жұртқа таратып беретін сәті де ерлікпен тең. Қылышынан қан сорғалап тұрған сол заманда мұндай тәуекелге жүрегінің түгі бар адам ғана баратыны сөзсіз. Шиеттей балаларын аштықтан құтқару үшін Барысханды жанына ертіп үскірген боранда «Зингер» тігін машинасын алып келетін сахна да ерекше әсерге бөлейді. Бұл барлық қазақ анасының балаларға деген махаббаты мен мейірімінің шексіздігін көрсетеді. Режиссерлік интерпретацияда Айша ауыртпалықтарға қарсы тұра білетін қайратты жан. Қызыл империяның езгісі, жоқшылықтың қыспағы, сағыныш пен күйініш шері, оның көңілін қара қазан етсе де, емендей иілмейді. Ол: «Жаратқан қайырымды болса, пенделерін неге мұнша зарықтырады? Қайда оның қайырымы? Жаратқанға мына мен не жаздым? Мына Тотия не жазды? Мына балалар не жазды? ...Жер жүзінде жетім қалғандар мен жесір қалғандар жабыла қол көтерсе, аспан астында бос орын аз қалар еді. Не жазыпты соның бәрі Жасағанға?!», – деп мұңын шағады. Айшаның жүрегін жарып шыққан бұл сөздер қазіргі кезде де мағынасын жоғалтқан жоқ. Адамдардың жер бетінде азап шегуіне адамзаттың өздері кінәлі екенін уақыт көрсетіп келеді. Айша – Д.Жүсіп күрсінеді, күңіренеді, тағдырына налиды. Бірақ қанаты қатпаған балаларына қарап, белін бекем буып, ерлерше қайрат жияды. Спектакльдің азаматтық арқауы да – осы. Айша үшін – балаларын аман сақтау – мұрат. Ұрпақ аман болса – ел болашағы бар. Сахнадан режиссердің осы ойы анық аңғарылып, қойылым рухын асқақтата түскен. Актриса Айша рөлі арқылы қиындыққа мойымай, балаларының, әулетінің, елінің қамын жеп, мықты ұрпақ өсірген қазақ аналарының жиынтық бейнесін жасады. Балалық шағы сағымға айналып, жоқшылық пен ауыр еңбектен көзін ашпаған Барысхан рөлін орындаған Елжан Тұрыс кейіпкерінің күрескерлік рухын жеткізе алды. Оның Барысханы өте сергек, елгезек, тез қимылдайтын елпек мінезді бала болып сомдалды. Ол әкесін жазықсыз мерт еткен Кеңес өкіметін іштей жек көреді. Баланың ширауына қоғамдық ахуалдың қатты әсер еткенін, анасының жанында жүріп әділетсіздік пен қорлықтың кермек дәмін ерте сезінуін актер психологиялық-эмоционалдық дәлдікпен көрсетті. Қыстың жабырқау түнінде Айша балаларының көңілін аулап есінде қалған ертегісін айтады. Онда патшаға қарасты Мыңбұлақтағы қалың еліктің бірін жеп кеткен көкбөріні ұстап әкелген шабармандар ханның бұйрығымен оның терісін тірідей сыпырып алады. Сонда арланның қыңқ еткен дыбыс шығармауы Барысханға ерекше әсер етеді. Режиссер осы аңыздағы қасқырға көп мағына сидырған. Бұл ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың қамытын киіп, қаншама қорлық пен зорлық көрсе де, терісіз қалған көкбөрідей үнсіз төзген халқымызды меңзейді. Қасқырдың қайсарлығы Барысханның жігерін жанып, рухын қайрай түседі. Актер өз ойында анасының сырласы әрі мұңдасы бола жүріп, өзіндік көзқарасы бар, мақсаты мен мұраты айқын жеткіншек бейнесін мүсіндеді. Қойылымдағы шырайы мол кейіпкердің қатарына А.Бектеміров тұщындыра сомдаған Мамайды айту лайық. Орындаушы сол кездегі қазақ қарияларының еңбек майданында ғана емес, ауылдағы жетім-жесірлерге пана бола білген ел ақсақалдарының жиынтық бейнесін жасады. Актердің байсалды қимыл-қозғалысы, ойлы көзқарасы, парасатты келбеті бәрі де кейіпкер бейнесіне сәйкес табылған. Мамай соғыста қаза тапқан баласы Орақтың ізін өшірмей, одан қалған жалғыз тұяқты жат жұртқа жібермеуге белін бекем буады. Кіші баласы Нұрперзентке: «...Орақ енді келмейді. Келін кетпекке ой қылып жүр. Ол кетсе, бізге Әскербек жоқ. Орақтың оты өшеді. Түсіндің бе, ей мылқау! Орақтың оты мүлде өшеді», – деп күйінішпен тіл қатады. Ал Тотия мінез көрсетіп, бұлқан-талқан болып, төркініне кетуге беттегенде көзінен сорасы ағып, үлкен басымен босағаға көлденеңінен жатып, келінін жібермейді. Осы сахнада актер өз кейіпкерінің психологиялық көңіл күйін биік нүктеге жеткізіп, ұрпағы үшін жанын қиюға даяр адамның кескінін айнытпай жасады. Мамайдың әрекеті отбасының берекесі мен бірлігін сақтауға бағытталған. Нұрперзент басқа қызды жақсы көрсе де, әке сөзін жерге тастамай, тағдырға мойынсұнып, ата-анасының тілегін жерге қалдырмайды. Жесірін қаңғытпай, жетімін кісі қолына қаратпауды көксеп тұрған дана қарияның жан айқайын баласы дұрыс түсінеді. Актер ойында Мамай бір отбасының діңгегі емес, бүкіл қазақ қоғамының тірегіне айналған деңгейге көтерілді. Қамқа рөліндегі Г.Жақыпова кейіпкерінің сахналық кескінін сәтті тапқан. Ақ жаулығы желбіреп, бала-шағасының болашағына алаңдап, бір сәт тыныш отыра алмайтын мейірімді әженің жан толқынын, жүрек лүпілін актриса шеберлікпен жеткізді. Соғыста мерт болған ұлын ойлап қос жанары су қараңғы болып солса да, үй ішіндегі адамдардың күйініші мен сүйінішін дәл сезіп, солармен бірге тыныстап отыратынын әрбір қимылынан аңғартады. Көзі көрмесе де, көкірегі ояу Қамқаның қайраты мен қажыры ешкімнен кем емес. Күндіз-түні балаларының амандығын Алладан тілейтін дарқан көңілді Қамқаның өн бойынан қазақ аналарына тән кеңдік пен қамқорлық есіп тұрды. Спектакльде Нұрперзент пен Айдайдың жолығысатын сахнасы лирикалық тұрғыда шешілген. Сахнаның түпкі жағындағы Led экраннан көрсетілген ақ қайыңдар мен жайқалған гүлдер жастардың жан дүниесінің тазалығындай әсер берсе, жоғарыдан түсірілген түрлі-түсті жарықтар махаббаттың символындай көрініп, қойылымның поэтикалық қуатын күшейте түскен. Нұрперзент – Ермек Бектасов пен Айдай – Саяжан Құлымбетова бір-бірімен оңаша жолығысқан бозбала мен бойжеткеннің сөздері мен іс-әрекеттерінен қазақ жастарына тән биязылық пен ұяңдықты көрсете алды. Орындаушылар алғашқы махаббат сезімінің таңғы шықтай мөлдірлігін, балалықтың балауса тазалығын ебедейсіз қимылдарымен, бірінің көзіне бірі тік қарай алмай ұялу арқылы жеткізді. Олардың арасында тұтанған нұрлы сезімнің шуағы айналасына жылылық сеуіп, көрермен көңілін серпілтіп жібереді. Жүгіріп кеткен қыз соңынан қарап тұрған Нұрперзенттің қуанышты көңіл күйін Мамай ақсақалдың Орақ туралы зары бұзып кетеді. Сахнаны қайтадан күңгірттік басып, екі жастың алдағы уақытта бірге бола алмайтынынан хабардар етеді. Жесірліктің қамытын ерте киген Тотия рөліндегі Арай Өмірова жас әйелдің ішкі қасіретін дұрыс түсінген. Үріп ауызға салардай жас келіншектің қабағын кірбің басып, үнемі ой үстінде жүреді. Күйеуінің інісіне қосылуға қарсылығын көрсеткенімен де ата-енесінің сөзін тастамай ибалық танытады. Жүрегі қаламаса да амалсыздан баласы үшін өзін құрбандыққа қиған Тотияның жан тебіреністерін актриса нанымды етіп, ұтымды берді. Спектакльдің соңы оптимистік рухта аяқталады. Айша жастарға қарап: «Ұшыңдар! Сендер қанат қағып ұшыңдар! ...», – деп оларға ақ батасын береді. Осы сәтте көк жүзінде ерсілі-қарсылы құстар самғап ұшады. Бұл арман қанатына мінген жастардың болашаққа деген сенімі мен үмітін көрсететін әдемі шешім. Аталған спектакльдегі актерлік ансамбльдің тұтастығы, композициялық жинақтылық, ырғақтылықты ұтымды ұстану, сахна кеңістігін қолдануындағы қызықты шешімдер Т.Жаманқұловтың суреткерлік даралығын танытады. Режиссермен бірлесіп жұмыс жасаған композитор Ш.Базарқұлованың музыкасы қойылымның идеялық мазмұнын ашуға мол септігін тигізген. Сонымен қатар әр кейіпкердің өмірбаяндық тарихына қатысты сахналық костюмдерді жасаған Б.Әбдіманапованың еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Спектакльдің биін қоюшылар – Г.Мұхамеджанова мен Г.Бахарова көпшілік сахналардағы билерді кәсіби деңгейде қойған. Қорыта айтқанда, белгілі сахна саңлағы, талғампаз режиссер Т.Жаманқұловтың шабытты режиссурасымен қойылған «Ай мен Айша» спектаклі өзінің эпикалық кеңдігімен, шығармашылық талапқа сай идеялық құндылығымен көрерменнің тарихи жадысын жаңғыртып, ұлтымыздың ұлылығы мен қайталанбас өмірін суреттеп беруімен құнды. Спектакль бүгінгі жас ұрпаққа өткен тарихымызды парақтап, ата-апаларымыздың өршіл рухының арқасында бүгінгі егемендікке жеткенімізді паш етеді. Сондықтан да бүкіладамзаттық мәңгілік мәселелерді арқау еткен «Ай мен Айша» қойылымы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға лайық спектакль деп білеміз.
Бақыт НҰРПЕЙІС, өнертану докторы, театртанушы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры