T-Newspaper

Қаржылық сауат пәні оқу бағдарламасына енеді

сурет: «AMANAT» партиясы баспасөз қызметі

Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілмек.

«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалімдерді қаржылық сауатты оқыту дағдыларына үйретуді ұйымдастырды. Ел бойынша барлығы 7 500 мектеп, колледж және университет мұғалімдері оқытылады. Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілмек.

Астанада оқу семинарының қа­ты­су­шыларымен Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, мұға­лімдер әр­дайым қоғамдағы жаңа және прог­рес­сивті бастамалардың негізгі нұс­қаушысы. Сондықтан педа­гог­тердің қар­жылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауа­т­ты көтеру бойынша «Қарызсыз қоғам» жо­басына ерекше назар аударды. Пре­зидент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жал­пы­ұлттық жобаға ай­налдыруды және оның ау­қымын кеңей­туді тапсырды. Бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Біздің Президентіміздің негізгі саясаты – ре­формаларды халық үшін және ха­лықпен бірге жүргізу. Сон­дықтан біз, сіздерді, мұғалімдерді шақы­рып, қаржылық сауат­ты көтеру бойынша жұмыс істегіміз келеді, – деді ол.

Мәжіліс Спикері бүгінгі отандық білім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қажетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл алдыңғы қатарлы шетелдік елдердің тәжірибесі. Ол сондай-ақ мемлекет халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Мәжілістегі «AMANAT» пар­тиясы фракциясы халықтың несиелік жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл заң бірінші кезекте азаматтардың мүдделерін қор­ғауға бағытталған. Партия хатшысы Эльдар Жұма­ға­зиевтің айтуынша, 2024 жылы қар­жылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқиды. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтеді. Осы­лайша, биыл «Қарызсыз қоғам» жо­ба­сымен 750 мың адам қамтылады. «Қарызсыз қоғам» жобасының әдіс­керлер жұмыс тобының жетекшісі Алма Дощанова 600 мың мұғалім, оқушы және олардың ата-аналары арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін айтты. Зерттеу нәтижелері бойынша, сауалнамаға қа­тысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастаманы ата-аналар тарапы да қолдайды, 78% респондент балаларының қаржылық сауаттылықты оқуға қызы­ғушылық танытқанын айтады. Әдіскер-жобалаушы Назым Бекжігіттің пікірінше, қаржылық сауатты азамат елдің дамуына негіз болады. Семей қаласының №5 гимназия мұғалімі Сайрамгүл Жұмаділованың пікірінше, қазіргі уақытта смартфонның көмегімен несие рәсімдеуге болатын цифрлық дәуірде баланы қаражатты басқаруға, жоспарлауға және шығын­дарды есептеуге үйрету өте маңызды.

– Мектептерде қаржылық сауат­ты оқыту маңызды, өйткені ол ба­лаларды ақшаны басқаруға үйретеді: бюджет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болу. Қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға көмектеседі, – деді ол. 

Кездесуде Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлері Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбек «Қарызсыз қоғам» жобасының жоғары өзектілігіне тоқталып, оны білім берудің үш дең­гейінде – мектептерде, кол­ледж­дерде және университеттерде толық қол­дайтынын айтты. Атап айтқанда, қар­­жылық сауат бойынша мектеп олимпиа­далары өткізіледі. Осы пәнді оқыту қарқыны артады. Ол бүкіл ел бойынша, әсіресе экономикамен бай­ланысты емес мамандықтар үшін барлық жоғары оқу орындарында міндетті болады. Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Жобаны іске асыру бары­сын­да 150 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқу курсының қатысушыларына ың­ғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-плат­формасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы ма­териалдар мен бейне сабақтарды жүк­теп алуға болады.