ӨЗ ЕЛІНЕ СЫЙМАҒАН СӨЗ ЗЕРГЕРЛЕРІ

ӨЗ ЕЛІНЕ СЫЙМАҒАН СӨЗ ЗЕРГЕРЛЕРІ

ӨЗ ЕЛІНЕ СЫЙМАҒАН СӨЗ ЗЕРГЕРЛЕРІ
ашық дереккөзі
Орталық Азия озалдан өмірге дарынды тұлғаларды көп әкелген өңір. Өкінішке орай, кейбір тұлғаларымызды аялай алмайтынымыз да шындық. Тарихқа жүгінсек, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан Беруни, Захириддин Мұхаммед Бабыр сияқты қаншама алыптарымыз сан түрлі себептермен шетел асып кеткен. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» демекші, бәлкім, олардың бұл әрекеттері бір жағынан дұрыс та болған шығар. Егер Әбу Насыр Фарабта, Әбу Райхан Қиятта жүре бергенде әлемдік деңгейге шыға алар ма еді, шыға алмас па еді, кім білсін? Он төрт жасында Падишах болған Захириддин туған жері Әндіжанды немесе Самарқанды билегенде сағынышқа толы ғазалдар мен  «Бабырнама» өмірге келер ме еді, келмес пе еді?..  Мейлі, есте жоқ ескі заман қойнауына сүңгімей-ақ қоялық, соңғы жиырма бес жылда аймақтағы дербес бес мемлекетте қаламгерлердің жай-күйі қалай болды? Өз еліне сыймай жыраққа кетіп жатқан жазушы, ақын, журналистер бар ма? Олар шетке не үшін кетті және жеткен жерінде не тындырып жүр?

«Соңғы  бұлбұл  тастап  кетті  Өзбекстанды...»

Кеңес өкіметі келмеске кетіп, тәуелсіздік алған шақта Өзбекстанның халқының саны 21 миллион болатын. Қазір ресми деректерге сенсек, 32 миллионнан асты. Әлем әлеуметтанушылары кедей елдердің халқы өсімтал келеді деп санайды. Өзбекстанда ішкі жалпы өнім немесе басқа да экономикалық деректер өте құпия сақталғанымен, хал­қы­ның бай тұрмайтыны бесенеден белгілі. Оппозициялық басылымдардың тексерілмеген мәліметіне қарағанда, бұл елдің 8 миллион азаматы өзге елдерде жалдамалы жұмыспен шұғылданып, бала-шағасын асырайды. Өзбекстанды И. Кәримов басқарған 27 жылда еркін ойлы адамдар қудаланды. 2016 жылы 2 қыркүйекте И. Кәримов өлген кезде шетелдік сарапшылар: «оппозиция Кәримовтан бұрынырақ өлген еді, енді сайланатын президентке тегеурінді қарсылық танытатын саяси топ та, тұлға да жоқ» деген болатын. Расында да, солай боп шықты. Оппозициялық пікір ең алдымен саясат­керлердің миында емес, көбінесе қалам­герлердің ойында пайда болады.  Бөгде пікір бірте-бірте қағаз жүзіне көшіп, айналасына жақтастар жинала бастайды. Сол жақтастар саясаткерлерге айналады. Сондықтанда, темір қазықтың ұшы жерге кіріп, басы соққы жейтіні сияқты ең алдымен қаламгерлер билік тарапынан қарсылыққа кезігеді. Өзбек билігі ширек ғасырдан астам уақыттан  бері өте қатал басқару тәсілін қолданып келе жатқандықтан, бұл елден бас сауғалап, шығына қашқандар көп. Соның алғашқыларының бірі – әйгілі жазушы Тимур Ысқақұлы Пулатов. 1939 жылы Бұхара қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Бұхара педагогикалық институтын, 1967 жылы Мәскеудегі сценаристер мен режиссерлар дайындайтын жоғары курсты бітіріп, «Өзбекфильм» киностудиясында бас редактор боп еңбек жолын бастаған. Жастайынан жазушылыққа қызыққандықтан орыс тілінде шығарма жазуға ден қояды. 1964 жылы жарыққа шыққан «Не ходи по обочине» атты алғашқы хикаятымен республикаға талантты жазушы ретінде танылып, 1968 жылы «Прочие населенные пункты» хикаятын жазады. Бұл хикаят желісімен өзі жазған сценарий негізінде «Возвращения командира» көркем фильмі түсірілген. Содан соң жас жазушының басына бұлт үйіріледі. Кеңестік стандартқа сай келетін ауылдар тұрғанда, өркениеттен жұрдай елді мекен жайлы жазу мүмкін емес-ті. Сол кездің сыңаржақ сыншылары тарапынан сыналған соң, аталған шығармаға тыйым салынған. Ол кезде жазушы үшін одан асқан қатал шара бар ма? Барша есіктер тарс жабылып, жазушының «Второе путешествие Каипа», «Завсягдатай», «Сторожевые башни» шығармалары дер кезінде басылмай, біраз кешеуілдеп жарық көрген. Талай тауқыметті көрсе де, тауы шағылмаған Тимур Пулатов көп еңбектеніп «Страсти Бухарского дома» трилогиясын жазып шығады. Дегенмен өткен ғасырдың 80-жылдарына келгенде тоң біршама жібіп, билік жазушыға оң қабақ танытады. «Черепаха Тарази» романы әдебиеттегі құбылыс ретінде бағаланып, автордың шығармалары өзге тілдерге аударыла бастаған. Тіпті, 80-жылдардың аяғында оған Хамза атындағы Өзбекстан мемлекеттік сыйлығы берілген. Алайда көп өтпей тағы да билікке жақпай қалғандықтан жазушы Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Тимур Пулатов 1991 жылы КСРО жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы боп сайланды. 1992 жылы жазушылар одағы таратылған соң ол Ресей және ТМД елдері жазушылар одақтарының халықаралық қауымдастығы (МСПС – международные сообщество писательские союзов России и стран СНГ) атқару комитетінің бірінші хатшысы, 1994 жылы төрағасы боп сайланып, 2000 жылға дейін осы лауазымда жемісті еңбек етті. Жазушының шығармалары ағылшын, араб, урду, парсы, хинди, венгер, чех, словак, итальян, неміс, фин т.б көптеген тілдерге аударылған. Оның шығармашылығы бойынша АҚШ, Германия, Италия сияқты елдерде диссертациялар қорғалып, монографиялар шыққан. Өзбекстан және Тәжікстан халық жазушысы, Важа Пшавели (Грузия), Саят Нова (Армения) атындағы әдеби, Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері Тимур Пулатов Мәскеу қаласында тұрады. Оның «Плавающая Евразия» романы да әлемдік бестселлерге айналды. Өкінішке қарай, бүгінде жазушы шығармалары өз елінде басылмайды... Бірнеше жыл бұрын Ташкент қаласында жазушының қызы мерт болған-ды. Дәлірек айтсақ, әлдекімдер оны көп қабатты үйдің терезесінен тастап жіберген. Жазушы бұл қастандықты өзбек билігінің айтуымен арнаулы қызмет өкілдері жүзеге асырған деп санайды. Эмиграцияда жүрген өзбек елінің талантты ақыны Мұхаммед Салых (Салай Мадаминов) 1949 жылы Хорезм облысының Үргеніш ауданында дүниеге келген. Ол 1966 жылы орта мектепті бітіріп, 1968 жылы әскерге аттанып, сол жылы тамызда Кеңес Армиясының құрамында Чехословакиядағы интервенцияға қатысқан. Осы арқылы ол өзін «әлемдегі езілген халықтардың құтқарушысы» санайтын мемлекеттің шынайы саясатының сырын ұғынып, Кеңес өкіметіне деген көзқарасы өзгереді. 1970 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтының жоғарғы курсында білім алды. Алғашқы өлеңдер жинағы 1977 жылы жарық көріп, авангард ақын ретінде бірден даңқ тұғырына көтеріледі. Бірақ «Совет Узбекистони» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы Лазиз Қаюмов «О пагубном влиянии Запада в поэзии» деген мақала жазып, ақын жырларының идеологиялық тұрғыдан кеңестік қоғамға зиянды екенін айтып, отызға толмаған жас талантты шайырды әуре-сарсаңға салды. Сөйтсе де ақынның батыс авангардизмі (әсіресе, сюрреализм) мен күрделі софылық философияның (Жалаледдин Руми мектебі) синтезінен жаралған жырларын бұғаттау мүмкін болмады. Ол 20-ға жуық жыр және эсселер жинағын шығарды. Ф.Кафка прозасын, ХХ ғасырдағы француз ақындарының жырларын өзбек тіліне аударды. Өзінің де өлеңдері көптеген тілдерге аударылды. 80-жылдардың ортасында ол саясатпен айналыса бастаған. 1984 жыл желтоқсан айында ол Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің ана тілі, ұлттық әдебиет пен тарихқа қатысты ұстанған саясатына қарсы тұңғыш манифесін жазады. Оған 53 жас ақын қол қояды. «Қайта құру» басталып, кішкене еркіндік самалы есе бастаған шақта ол достарымен бірге «Бірлік» қозғалысын құрса, 1989 жылы «Эрк» (бостандық) демократиялық партиясын саяси сахнаға шығарды. 1990 жылы Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты боп сайлан ақын саяси аренада белсенділігімен көзге түсті. 1990 жылдың 20 маусымында ол басқарған «Эрк» партиясының ұсынысымен Жоғарғы Кеңес Өзбекстанның тәуелсіздік декларациясын қабылдайды. 1991 жылғы Янаев төңкерісінен соң Ислам Кәримов бастаған коммунистер 31 тамызда тағы бір рет тәуелсіздік декларациясын қабылдаған. Мұхаммед Салых 1991 жылдың желтоқсан айында өткен президент сайлауында Ислам Кәримовтың қарсыласына айналды. Ресми дерек бойынша ол – 12,7% дауыс алған. Ал, Өзбекстан радиосы М. Салыхты 33% дауыс алды деп жариялап жіберген болатын. Осындай әділетсіздікке қарсы боп, сайлаудан соң шеруге шыққан студенттер жәбір көрді, оппозициялық газет жабылды, партия хатшысы Атаназар Ариф қамалды. Мұхаммед Салых 1992 жылы 2 шілдеде жаппай қудалауға қарсылық ретінде депутаттық мандатынан бас тартты. Міне осыдан бастап ел билігі тарапынан саясаткер ақынға қарсы қудалау науқаны басталды: Желтоқсан айында «Ұлттық мәжіліс» құрғандығы үшін айыпталса, 1993 жылы сәуір айында сатқын деп айыпталып, қамауға алынды. Бірақ халықаралық қауымдастықтың арқасында Ташкенттен кетпеу шартымен қамаудан босатылды. Алайда, ол елден қашып шығып, Бакуді паналады. Бірнеше күн өткен оны жылы жүзбен күтіп алған Әзірбайжан елінің сол кездегі президенті Абулфейз Элчибейді көтерілісшілер биліктен тайдырды. Осыдан соң М.Салых Түркияға кетуге мәжбүр болды. 1999 жылы Ташкентте болған жарылыстан соң, М.Салых қастандықты ұйымдастырушы ретінде айыпталып, 15 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Інілері ұзақ мерзімге қамалды. Ал жарылысты ұйымдастырушы ретінде қамалған Зайниддин Асқаров «Голос Америка» радиосына түрмеде отырып берген сұхбатында бұл іске М.Салыхтың мүлде қатысы жоқ екендігін айтты. 2001 жылы Өзбекстан ІІМ бөлім бастығы, полковник Батыр Тұрсынов пен интерполдың өзбек бөлімінің директоры, полковник Махмуд Хаитов Норвегияда жүрген Мұхаммед Салыхтың көзін құрту үшін шешен содырларын жалдайды. Алайда, соңғы сәтте Мұхаммед Салыхтың суретін көрген Зелимхан Яндарбиев Горький атындағы әдебиет институтында бірге оқыған курстасы Салай Мадаминов екендігін біліп, содырларды тоқтатқан әрі қастандық туралы жариялаған. 2013 жылы белгісіз біреулер М.Салыхтың Стамбулдағы үйіне оқ жаудырған, бірақ, күзет күшті болғандықтан ешкім зиян шекпеді. Ал 2014 жылы әйгілі түрік газеті «Yeni Safak» үш кісінің М. Салыхқа қастандық жасамақ болғанын жазды. Сәл шегініс жасап, М. Салых өміріндегі тағы бір елеулі оқиғаны айта кетеік. 2001 жылы 28 қарашада «Азаттық» радиосының шақыртуымен ол Амстердамнан Прагаға ұшып келеді. Алайда Өзбек билігінің сұрауы бойынша әуежайда қамауға алынып, Панкрац түрмесіне жөнелтіледі. Чехия президенті Вацлав Гавел бір кездері осы түрмеде отырған болатын. 30 қарашада Прага соты соңынан Өзбекстанға экстрадициялау үшін 40 күнге қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Норвегия елшісі Лассе Сейму түрмеге келіп, Мұхаммед Салыхқа «сотқа дейін жеткізбей түрмеден алып шығу үшін Норвегия бар амалды қолданатынын, әйтпесе, экстрадиция қаупі төніп тұрғанын» айтса да, М.Салых түрмеден заңсыз жолмен шыққысы келмей, «сотты күтем, Өзбекстан айыпты екенімді дәлелдейтін барша құжаттарын жіберсін, дәлелдей алса сот шешімімен келісем» дейді. Халықаралық қауымдастық М. Салыхты азат ету жайлы Чехияға үндеу жолдай бастады. «New York Times» газетінің тілшісі Питер Грин тұтқынмен кездесіп, 9 желтоқсанда жариялаған мақала әлемде үлкен толқыныс тудырды. 10 желтоқсанда ел президенті Вацлав Гавел ішкі істер минстрімен сөйлескенін, М. Салых жуық арада бостандыққа шығатынын хабарласа, 11 желтоқсанда СТК агенттігіне М.Салыхпен кездесетінін айтты. 12 желтоқсанда Вацлав Гавел президент сарайында тұтқын М.Салыхты қабылдады. 14 желтоқсанда Прага қалалық соты Өзбекстан ұсынған барша материалдарды саясиланған деп танып, М.Салыхты Өзбекстанға бермеу жөнінде шешім шығарды. Бұған ашуланған Өзбекстан президенті трамвай вагондарын алу үшін Чехиямен жасасқан 50 миллион долларлық келісім-шартты бұзды. Сонда Вацлав Гавел «мен Мұхаммед Салыхтай бір диссидент ақынды 50 миллион долларға айырбастамаймын» деген тарихи сөзін айтқан болатын. 2011 жылы 28 мамырда Берлинде Өзбекстан халықтық қозғалысы құрылды. Оның құрамына 8 оппозизиялық ұйым енді. М. Салых төраға боп сайланды. 2012 жылы маусымда Прагада қозғалыстың 2-съезі болды. М.Салых тағы да төраға боп сайланды. 2016 жылы Самарқанда Реджеп Тайып Эрдоғанмен кездесу барысында Өзбекстанның жаңа басшысы Ш.Мірзияев та М.Салыхты Түркиядан шығарып жіберуін сұрағанын баспасөз жарыса жазды. Эрдоған келіспеген тәрізді. Мұхаммед Салых әлі Түркияда тұрып жатыр. Жоғарыдағылардың қатарына қосылатын тағы бір танымал өзбек қаламгері – Ядгар Абид. Ол 1940 жылы Ташкентте туылған. 1981 жылы М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. ...1990 жылы 3 наурызда Ташкент облысының Паркент ауданында қақтығыс боп, үкімет әскері бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырып, ресми дерек бойынша 4 кісі қаза тапқаны айтылды. Ал бейресми дерек көздері «қақтығыста 60 адам ажал құшып, 200 адам жарақаттанған» дейді. Сонда 7 наурызда ақын Ядгар Абид Паркентке барып, ештеңеден тайсалмай аудан орталығын қоршап тұрған әскерилерге қарап «Ит, ат! Ит, ат!» деп өлең оқыды. Сол кезде оның жанында «Бірлік» қозғалысының өкілдері ақын Г.Нұрыллаева, әнші Д. Хасан, кибернетик ғалым, ғылым докторы Ә. Пулат, адвокат М. Адылов, құқық қорғаушы Т. Якубов, физик Д. Нарзиқұловтар бар еді. Көп өтпей басына өлім қаупі төнгендіктен Ядгар Абид Кавказ арқылы Мәскеуге қашып кетуге мәжбүр болды. Сонда жүріп, «Азаттық» радиосында бірнеше жыл шолушы боп істеді. Ал Өзбекстанда оны сырттай 13 жылға соттаған-ды. Оған бір рет Мәскеуде қастандық жасалды. Бірақ ажалсыз қаламгер аман қалды. 1996 жылы Human Rights Watch сыйлығының лауреаты атанса, 1997 жылы Австрияға кетіп, грац (город убежище – баспана қаласы) жобасының алғашқы стипендиаты болды. 1998 жылы Австрияда «Политический обитатель ночлежного дома» мәртебесін алған Б.Абид 2007 жылдан неміс тілді жазушылар PEN клубының мүшесі. Оның шығармаларының танымалдылығы сонша, бұдан 5-6 жыл бұрын И.Кәримовтың қызы Гүлнара Кәримова бір кездері Ядгар Абидтің «Ұмытпа мені» атты өлеңіне жазылып, «Вадыл келіні» көркем фильмі арқылы танымал болған әнді шырқаған болатын... Жалпы өзбек елінен кетіп, шетелді паналап жүргендердің қарасы едәуір. Солардың кейбіреулерін атап өтсек: жазушы Сафар Бекжан Щвейцарияның Лозанна қаласында, Мақсуд Бекжан Норвегияда, журналистер Ғалима Бұхарбаева Германияда, Исмат Хушев Канадада, Жахангир Маматов АҚШ-та. Ұзын саны 56 өзбек қаламгері эмиграцияда. ...Мұхаммед Салых елден кеткен кезде белгілі ақын Төре Мырза «Соңғы бұлбұл тастап кетті Өзбекстанды» деп өлең жазған болатын. Әрине, өзбек елі әлі талай дарынды өмірге әкелер, М.Салых соңғысы бола қоймас. Дегенмен, бір жайтты айта кеткен жөн: заманауи өзбек әдебиетінен эмиграциядағы өзбек әдебиеті мықты бүгінде.

Түркімен қарсылығының туын көтерген тұлға

 Түркіменстан – аймақтағы жабық мемлекет. Түркіменбашы Сапармұрат Ниязов кезіндегі басқару тәсілі әлі де өзгермегендіктен, бұл елде не боп жатқанын егжей-тегжейлі білу мүмкін емес. Дегенмен бұл елде де тауқыметке төзбей, бас сауғалап кеткен тұлғалар баршылық. Солардың ішіндегі ең атақтысы Ақ Велсапар екені даусыз. Ақ Велсапар (Ақмұхаммед Жұмаевич Велсапаров) 1956 жылы Түркіменстанда дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1979 жылы бітірген. 1987 жылдан Жазушылар одағының мүшесі. Орталық Азиядағы экологиялық проблемаларды көтеріп, мақта алқаптарында пестицидтің көп қолданылуының адамға, қоршаған ортаға зияны, Арал теңізінің тартылуынан туған экологиялық апаттар жайында шығармалар жазғаны үшін түркімен билігі оны «халық жауы» деп жариялап, қылмыстық іс қозғайды. 1993 жылы үй қамауына алынған соң Жазушылар одағы мүшелігінен өшіріледі. Түрмеге түссе тірі қалмасын білген Ақ Велсапар отбасымен Түркіменстаннан қашып шығып, 1994 жылы Швецияға келеді. Мұнда ол шведтердің шығармашылық одағына мүшелікке қабылданады. Бұрын түркімен және орыс тілінде қалам тербейтін Ақ Велсапар бертін келе швед тілінде де жаза бастайды. Оның «Долгое путешествие к близким» (1988), «Этот мрак светлее» (1989), «Висела кривая сабля на старом ковре» (1990), «Откровения Мулли Тахира» (1992), «Кобра» (2003), «Легенда об Айпи» (2012) атты кітаптары әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Қазір түркімен әдебиетін әлемге танытып жүрген осы қаламгер. Жазушының «Легенда об Айпи» (2012) романына Каспий бойының өзекті мәселелері арқау етілгендіктен, бізді де толғандырары сөзсіз. Ақ Велсапар Швециядан жеке баспасын ашып, Орталық Азия қаламгерлерінің туындыларын шығаруды қолға алған. Өткен жылы 60 жасқа толған түркіменнің эмигрант ақыны туралы шетелдік баспасөзде бірнеше мақала, сұхбаттар жарияланды.

«Орыс  әдебиетінің Дантесі»  атанған тәжік

Эмиграция кету мәселесінде тәжік халқының да қаламгерлері жоқ емес. Бұл елде туып, шетелге кеткендер туралы айтар болсақ, Тимур Зұлфыхаров есімізге түседі. Т.Зұлфыхаров 1936 жылы Душанбеде дүниеге келген. Ақын, жазушы, драматург. Шығармаларын орыс тілінде жазады. Әкесі Қасым Зұлфыхаров Бұхара халық республикасында комиссар боп, 1937 жылы репрессияға ұшыраған. Анасы Людмила Владимировна Успенская тілші, профессор. Жас кезінен жазушы болуды арман­даған Тимур Ленинград мемлекеттік уни­верситетінің филология факультетіне оқуға түседі. Соң М. Горький атындағы әдебиет институтына ауысады. Онда Белла Ахмадулина, Евгений Евтушенко, Юрий Казаков секілді орыс әдебиетінің танымал қаламгерлерімен бірге оқып, аталған оқу орнын 1961 жылы бітіреді. Әдебиетте жеткен жетістіктері таң қаларлық: Ол 1971 жылы «Смерть Амир Тимура» туындысымен  танылды. Қожа Насреддин, Омар Хайям, Иван Грозный жайлы сүбелі шығармалар жазды. «Земные и небесные странствия поэта» романы 1993 жылғы Еуропаның үздік романы атанып, Англияның «Коллетс» сыйлығын алды. 1991-2000 жылдарда Нобель сыйлығына ұсынылды. 2004 жылы «Золотые притчи Ходжи Насреддина» кітабы үшін орыс әдебиетінің үздік шығармаларына берілетін «Ясная поляна» сыйлығын алса, 2005 жылы «Коралловая Эфа» романы жылдың үздік кітабы атанып, 2008 жылы Антон Дельвиг сыйлығын алса, 2011 жылы үздік сценарийі үшін Голливудтың «Хартли-Мерилл» сыйлығының лауреаты болды.  2011 жылы Бүкілресейлік «Пророк Мухаммад – милость для миров» байқауының жеңімпазы атанса, 2011 жылы  Василий Белов атындағы бүкілресейлік қазіргі заман прозасының «Все впереди» атты әдеби конкурстың, 2013 жылы Василий Шукшин атындағы бүкілресейлік қысқа әңгімелердің «Светлые души» конкурсының лауреаты болған. 2010, 2012, 2015 Бунин сыйлығына ұсынылған. Сондай-ақ ол 20-дан аса киносценарийдің авторы ретінде бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған. Тимур Зұлфыхаровты шетелдік мамандар «орыс әдебиетінің Дантесі» деп бағалаған. Кітаптарының жалпы тиражы миллионнан асады. Туған жерінде алғашқы кітабы 1983 жылы жарық көрген. Бүгінде Мәскеу қаласында тұрып сонда еңбек ететін, өз елінен жастай кетіп қалса да «тәжік тауларын, әсіресе Варзоб шатқалын аңсайтынын» жиі айтатын Т.Зұлфыхаров өз қандастарының бір үзім нан үшін әлемнің түкпір-түкпірін кезіп кеткеніне жаны ауыратынын жазып, талай рет өкініш білдірген-ді. Содан ба екен, Тәжікстан басшылығы оған Душанбеден үй сыйласа да, қаламгерге оны өз атына рәсімдеуге рұқсат бермепті... Сол секілді әйгілі ақын Гүлрухсор Сафиева да Тәжікстанда азаматтық соғыс боп жатқан шақта Мәскеуді паналаған-ды. Алайда, оны кейін Ресейден шығарып жіберген. Дәлірек айтсақ, орыс әскерилері Душанбеге алып келіпті...

Түркі бірлігін аңсаған қарақалпақ ақыны

Қарақалпақтың белгілі ақыны әрі түрколог ғалымы Дәулен Айтмұратов 1933 жылы дүниеге келген. О баста шығармашылығын сатиралық өлеңдер мен мысалдар жазумен бастаған ол, соңынан шығыстық поэзия үлгілерімен шығармалар жазған. Алғашқы кітабы «Өлеңдер мен мысалдар» деген атпен 1960 жылы Нөкіс қаласында жарық көрді. 1962 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген соң ойы тереңдеп, саясаттың әдебиетке қалай ықпал етіп отырғанына көзі жеткен ақын жаңа бағытта өлеңдер жаза бастайды. Бірталай поэзиялық туындыларын, «Пірқаққан» комедиясын жазып, жариялайды. Орыс ақындары И.Крылов пен С.Михалковтың мысалдарын аударып, өзінің өлеңдері мен мысалдары «Огонек», «Юность», «Дружба народов» секілді беделді басылымдарда басылып шығады. .Дегенмен өз ортасымен сыйыспаған ақын Қазақстанға қоныс аударып, осы жақта түркология ғылымымен айналысып, біраз жылдан соң еліне қайта оралады. Сөйтіп өзінің түркологиядағы басты еңбегі – «Тюркские этнонимы» (1986) кітабын шығарады. Бір кезде түркі бірлігіне сенетін, түркі бірлігі жолында өзінің әдеби, ғылыми еңбектерімен қызмет еткен ақын өткен ғасырдың 90-жылдарында Ресей астанасы Мәскеу қаласына қоныс аударды. Содан бері ол туралы оның туған жерінде айтылмайды...

Қазақ пен қырғыздан шетке кеткен қаламгерлер бар ма?

Қырғызстан шағын мемлекет болғандықтан ба сыртқа кеткен жазушы, ақындары онша көп емес сияқты. Әлемді аузына қаратқан Айтматовтың дәуірі өткен. Шынын айтқанда, қазіргі қырғыз әдебиетінің өкілдері арасынан аса танымал тұлғаны табу қиындау. Ал, эмиграцияға кеткен ақын, жазушылары жайында деректер көзімізге түсе қойған жоқ. Бәлкім, «демократия аралы» атанған елдің қаламгерлеріне саяси көзқарастары үшін елден кетуге қажеттілік жоқ шығар. Біздің Қазақстанстанда сөз бостандығы да, экономикалық жағдай да көршілерден көш ілгері екені анық. Отанымызда да қиындық көрмей өмір сүруге болады. Солай да болса алпауыттардың қолшоқпарына айналып, экономикалық немесе құқықтық қылмыс жасап, шетел асқан журналистер бар. Ұлты қазақ эмигрант қаламгер ретінде сонау КСРО кезінде елден кетіп қалған, бүгінде АҚШ-тағы Нью Йорк қаласында тұратын ақын Бақыт Кенжеевті айтуға болатын шығар. Бірақ оның елге келіп-кетуіне ешқандай кедергі жоқ. Демек оны шетелде тұрғаны үшін шартты түрде эмигрант дей аламыз. Дегенмен ол туралы азырақ дерек бере кетсек: ол 1950 жылдың 2 тамызында Шымкент қаласында дүниеге келген. Әкесі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, анасы кітапханашы болған. Б.Кенжеев Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінің химия факультетін бітірген. Шығар­малары алғаш рет 1977 жылы «Ленинские горы: Стихи поэтов МГУ» атты ұжымдық жинақта жарияланса, алғашқы өлеңдер жинағы 1984 жылы Америкада басылып шықты. Жас кезінде өлеңдері «Комсомольская правда», «Юность», «Московский комсомолец», «Простор» секілді белгілі басылымдарда жарияланған. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Алексей Цветков, Александр Сопровский, Сергей Гандилевскимен бірге «Мәскеу уақыты» поэтикалық тобының негізін қалаушылардың бірі болды. КСРО-дағы әдебиетке деген саяси қысымға мойынсұнғысы келмеген ол 1982 жылы Канадаға кетіп қалса, 2008 жылы Американың Нью-Йорк қаласына қоныс аударған. Орыс ПЕН-клубының мүшесі. Шығармаларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері қазақ, ағылшын, француз, неміс, испан, голланд, итальян, украин, қытай, швед тілдеріне аударылып басылған.  «Октябрь» журналының (1992), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1996), «Антибукер» сыйлығының (2000), «Москва-транзит» Үлкен сыйлығының (2003), «Русская премия» сыйлығының (2008), «Новый мир» журналы сыйлығының, «Антология» сыйлығының (2006) және «Киевские лавры» фестивалінің (2006) лауреаты. Ал белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Мағауиннің шетелге кетуін әркім әртүрлі топшылайды. Біреулер оны елдегі саяси көзқараспен сыйыспай эмиграцияға кеткен жазушы санаса, енді біреулер АҚШ азаматтығын алып халықаралық радиостанцияның директоры болған баласының қолында тұрып, бұдан да жайлы өмір сүру үшін кетті деп санайды. Біз бұл пікірлерге сүйеніп, қандайда бір қоғамдық пікір туғызуға тырысқымыз келмейді, алайда ол кісінің өзінің тәуелсіз отанында анау айтқандай қысым көрмегенін айтуға тиіспіз, керісінше, билік тарапынан да, әдеби ортадан да өз атақ-абыройына лайық құрмет көріп, бұйырған ырыздықтың қызығын көрген кісі екенін ел білетін шығар деп ойлаймыз. Қалай десекте, бүгінде әрқайсысы әртүрлі саясат ұстанып отырған Орталық Азия елдеріндегі қаламгерлер қауымының қоғамдағы жағдайы бір-біріне ұқсамайды. Соған орай, ондағы рухани атмосфера да әртүрлі. Демек, кей елдерде сөз өнерін ұстанып, елі мен жерінің айбынын асыру жолында тер төгуге тиіс ақын-жазушылар еріксіз отанынан безуге душар болса ол – саясат пен әдебиеттің, билік пен қаламгерлердің сыйыспауы. Ол – әділетсіздік. Одан ұлт та, мемлекет те рухани жеңіліске ұшырайды.