Қоғам

«Үйге 10-15 кг тамақ таситынмын»: Блогер Динара Болат қыз баланы көбірек еркелету керегін айтты

Блогер өз оқырмандарына еркелей алу қасиеті туралы ойымен бөлісті.

Динара Болат ата-аналарды қыз балаларын еркелетіп, айрықша құрметпен өсіруге шақырды, деп жазды turkystan.kz.

Бұрын ұлды тоқшылық, қызды жоқшылық бұзатыны жөнінде жазғам. Енді еркелей алу қасиеті туралы айтпақпын. Ханшайымдай өмір сүру үшін Патша мен Патшайымның қызы болып, барлық еркелікті әуелі өз үйіңде көріп өсу керек дегенді оқыдым. Дұрыс екен. Ер адамға, айналаға еркелей алу үшін еркелік бала кезіңнен ол норма боп қалыптасу керек. Қыз баласы үшін оны қалыптастыратын әке, бұзатын ана. Менің әкем бай болған жоқ. Ханшайымның көйлектерін кимедім. Бірақ басқа еркелігімнің бәрін көтерді. “Папа, суретімді салып берші”. “Папа, еңбек сабағынан жасап берші”. “Папа, сызу сабағынан сызып берші”. Тіпті бала кезімде ішім қатып горшокта қиналып отырсам да анамды емес көмекке әкемді шақыратын едім. Үйде әкем қатты еркелетті. Тұрмысқа шықтым. Анамның үлгісі бәрін бұзды. Анам ешқашан әкемнің көмегін күтіп тұрмайтын. Ер адамның шаруасы демей отан, отбасы үшін деп алға шаба беретін. Дәл солай болуы керек деп ойлаған мен отбасында ер адамның міндеттеріне кірісіп кететінмін. Тұрмысқа шыққанда орталық базарға жақын тұрдық. Анамның үлгісімен күнара 10-15 кг үйге тамақ таситынмын. Кім сұрады? Кімге керек? Түсініксіз. Кейін басым тасқа соғылып, соғылып, жауапкершіліктің барлығын жолдасыма тапсырдым. Әкем ханшайымдай өсірген қызын өзіме қайтардым. Көмекті де, қажетін де айналамдағы ер атаулыдан оңай сұраймын. Ер адам міндетті деген түсінік жоқ. Инфантильность емес. Орнымен әдемі еркелеу ғана", - деп жазды Динара Болат.

Оның айтуынша, еркелік әйелдерге ғана жарасатын қылық.

"Еркелік бізге ғана жарасады. Қажет кезде көмек сұрап, сыйлық қабылдауды қалыпты көретін нәзікжандылардың қатары көбею үшін үйде әкесі қызының қалауын орындап, анасы дұрыс үлгі көрсету керек екен. Әрдайым қымбат сыйлық сыйлау мүмкін емес. Дегенмен дәмін де татыру керек. Ал сөзбен еркелетіп, мерейін өсіріп, амалмен қамқорлық көрсету қашанда тегін. Бүкіл әлем боп әлдилеп, мәпелеп өсіргені, қыздарымыздың әрі қарай да бар жақсыға лайық екені санасында нық бекісін", - деді блогер әлеуметтік желіде.