Жаңалықтар

Instagram арқылы лотерея ұйымдастырған шымкенттік 1 жылға сотталды

Қаржы мониторинг агенттігі

Айыпталушыға 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Қала тұрғыны «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясысыз, заңсыз пайда табу мақсатында 2 аккаунттан тікелей эфирде «ЛОТО» ойнатқаны анықталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, лотерея ұтысы ретінде «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылған.

«Аталған заттар тәркіленіп, заттай дәлелдемелер деп танылды. Сонымен қатар, ол билеттерді сату үшін жарнама жасаған (1 данасын – 5000 теңгеге, 3 дана – 10000 теңге, 6 дана – 20000 теңге, 12 дана – 40000 теңге, 30 дана – 100000 теңге). 2023 жылы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 миллион теңгеден асты», – делінген хабарламада.

Айыпталушы сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің карт-шотына және туыстарының шоттарына жинаған. Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі бойынша заттай айғақтар мемлекет кірісіне тәркіленді.