Жаңалықтар

Тыңдаушыларға сертификат тапсырылды

Бүгін елордадағы кітапханалардың бірінде журналист-публицист, медиа зерттеуші, Президент сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Медиа әлемі» атты курсының тыңдаушыларына сертификат тапсыру рәсімі өтті.  Мектеп, колледж оқушыларының арасынан журналист болуды армандайтын балалардан іріктелген топтың мүшелері 6 ай бойы журналистика негіздерін меңгерді. Олар сауатты мәтін жазуға, әдеппен сұрақ қоюға, аудиторияның алдында сөйлеуге машықтанды.  Курста балалардың жазу қабілетін шыңдауға, болашағына бағыт-бағдар беруге арналған қызықты ойындар, шағын анкета, әлеуметтік сауалнама қолданылды. Журналистика негіздері мынадай 9 бағыт бойынша оқытылды: «Мамандық туралы», «Тақырып», «Жанрлар», «Жаңалық ақпараты», «Жалған ақпарат және фактчекинг», «Лид», «Блог және жаңа медиа», «Фотожурналистика және бейнежазба», «Мультимедиялық журналистика». Медианың түрлері бойынша шағын лекциялар оқылды. Ең бастысы, теориялық білім мен практикалық дәрістер қатар жүргізілді. 

Заметка, хат, эссе, мақала, сұхбат, репортаж және т.б. журналистика жанрлары бойынша тыңдаушылардың дайындаған материалдары газеттерге шығып, интернеттегі сайттарда жарияланды.  Курс журналистика факультетіне түскісі келетін түлектерге мынадай көмек көрсетті: -    журналистика негіздерін меңгеру; -    барлық жанрларда журналистік материал жазу;  -    портфолио дайындау (жарияланым, резюме, өмір-дерек және т.б.); -    шығармашылық емтиханға шығарма жазуға дайындалу; -    журфакққа түсетін кезде әңгімелесу сынағына дайындалу; Журналистика факультетіне түсерде «Медиа әлемі» курсын оқып бітірген оқушылардың қолында: -    әртүрлі жанрларда (эссе, мақала, интервью, репортаж және т.б.) жарияланған материалдар; -    дайын портфолио; «Медиа әлемі» курсын бітіргенін растайтын сертификат болды. Соның нәтижесінде курсты бітірген 11-сынып оқушылары жоғары оқу орнына түсерде жоғары балл алып, грантқа үміткер болып отыр. Солардың бірі – Астанадағы №8 мектеп-лицейдің түлегі Аружан Есенгелді. Ол Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің журналистика және саясаттану факультетіне құжат тапсырып, шығармашылық емтиханнан ең жоғары 50/50 балл жинады.