Саясат

Ақтау қаласының әкімі ауысты

Әбілқайыр Байпақов. Фото: Ақтау әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұған дейін қала әкімі болған Ұлықбек Тналиев өз еркімен қызметінен кеткен.

Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Байпақов Әбілқайыр Жаңайұлы Ақтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұған дейін қала әкімі болған Ұлықбек Тналиев өз еркімен қызметінен кеткен.

Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

Осы жылдар ішінде облыстың мемлекеттік органдарында, оның ішінде Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы мен мәдениет басқармасында, Ақтау қаласы, Түпқараған және Қарақия аудандары әкімі аппаратында, облыс әкімі аппаратында басшы, Баянды ауылының әкімі, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ директоры, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарған жұмысы үшін Ұлықбек Тналиевке алғыс айтып, Әбілқайыр Байпақовқа облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.