Жаһан

Оңтүстік Кореяда ит-мысыққа арналған арбаның сатылымы балалардың арбасынан асып кеткен

сурет: istockphoto.com

Бұл сандар жаңа туған нәрестелердің аз болуы мен үй жануарларын ұстайтын адамдардың санының артуы сияқты үрдісті дәл көрсетеді.

Оңтүстік Кореяда иттерге арналған арбаның сатылымы балалардың арбасынан асып кеткен. Бұл туралы koreatimes.co.kr Gmarket электрондық коммерция платформасының операторына сілтеме жасап хабарлады.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, биыл алғашқы үш тоқсанда платформадан сатылған арбалардың жалпы санының 43 пайызы сәбилердікі болса, қалған 57 пайызы негізінен ит пен мысыққа арналған арбалар болған. Бұл дегеніміз, үй жануарлары арбаларының үлесі 2021 жылы 33 пайыздан 2022 жылы 36 пайызға және биыл 57 пайызға дейін өскенін көрсетеді. Gmarket өкілі сатылым көрсеткіштері соңғы жылдары тұрақты үрдісті көрсететінін айтып, 2023 жылы нәресте арбаларының сатылымының ерекше күрт төмендеуінің себебін анықтау үшін терең талдау қажет болуы мүмкін екенін қосты.

Бұл сандар жаңа туған нәрестелердің аз болуы мен үй жануарларын ұстайтын адамдардың санының артуы сияқты үрдісті дәл көрсетеді.

Корея статистикасына сәйкес, жалпы туу коэффициенті, яғни бір әйелге шаққандағы орташа бала саны 2022 жылы әлемдегі ең төменгі көрсеткішке жетіп, 0,78 болды. Бұл көрсеткіш одан әрі төмендейді деген болжам бар. 

Сонымен қатар, үй жануарларын асырайтындардың саны артып келеді. Елдің Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және ауыл істері министрлігінің мәліметтері бойынша, өткен жылы 6 миллионнан астам отбасы үй жануарларын асыраған, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,6 миллион болған.