Шетелдік азаматтан пара талап еткен: полиция қызметкері 3 жылға сотталды
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Полиция қызметкері шетел азаматын заң бұзғаны үшін ұзақ уақыт жауапкершілікке тартпаған әрі одан 100 мың теңге пара алған. Сот кінәлі тұлғаны 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады turkystan.kz.
ҚазАқпарат мәліметінше, Павлодар қаласының №2 соты көші-қон полициясының қызметкері К.-ға қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
Белгілі болғандай қызметкер К. 2022 жылдың 31 тамызы мен 2023 жылдың 23 сәуірі аралығында шетел азаматы Э.-ні көші-қон заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат бергені үшін жалпы сомасы 100 мың теңгені пара ретінде алған. Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.
«Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша негізгі жаза ретінде айыппұл немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот барлық жағдайды ескере отырып, К.-ға төмен мерзім - 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ К. «полиция аға лейтенанты» арнаулы атағынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», деп хабарлады Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметінен.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.