Отқа май құйған «Ормуз-2»

Отқа май құйған «Ормуз-2»

Отқа май құйған «Ормуз-2»
ашық дереккөзі
Өткен аптада Иран Ислам Республикасы Сақшылар корпусы «Ормуз-2» баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Сақшылар корпусының генералы Әмір Әли Хаджизаденің сөзінше, сынақ сәтті аяқталған. Баллистикалық зымыран теңіз бетіндегі 300 шақырым қашықтықтағы нысананы жойып жіберуге қауқарлы. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл сынақ Тегеранның халықаралық міндеттеріне еш кедергі келтірмейтіндігін мәлімдеді. Яғни, кезекті баллистикалық зымыранды сынақтан өткізген Иран ешқандай ережені бұзған жоқ көрінеді. Сонымен қатар, наурыз айының басында «С-300» қуатты қорғаныстық құрылғысы Иранның орталық даласында сынақтан өтіп, елдің қорғаныстық құрылғыларының қатарына енген болатын. Аталмыш құрылғы сынақ барысында нысанадағы бірнеше зымыранның, соның ішінде баллистикалық зымыран мен ұшқышсыз ұшақтың ізіп кесіп, көзін жойды. Сөйтіп, «С-300» құрылғысы «Мерсад» және «Талаш» сынды ирандық қуатты құрылғылардың қатарына қосылды. Ирандық мамандар осы қорғаныстық құрылғыны қауіп-қатерлер мен операциялық жоспарлар бойынша сынақтан өткізгенін  айта кетуіміз керек. Ал қаңтар айында АҚШ Иранның орта қашықтыққа ататын баллистикалық зымыран жасап жатқандығы жөнінде хабарлаған еді. Деректер бойынша, бұл зымыран сынағы Тегеранға мөлшермен 200 шақырым қашықтықтағы Семнан қаласы маңында жасалыпты. Вашингтоннан тараған хабарға сәйкес, дәл осыған ұқсас сынақ өткен жылдың маусым айында да жүргізілген. Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2015 жылғы шешімінде Иранның 8 жыл бойынша атомдық қару тасымалдай алатын баллистикалық зымыран жұмысын жасауға тыйым салған болатын. Десек те, Иран Республикасы баллистикалық зымырандардың сынақтан өткізуді тоқтатқан жоқ. Сондықтан Иран атом мәселесі халықаралық дау-дамайға  тиек болып отыр. Иранның ядроны дамыту ісін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесі қатты қадағалауға алған. Елдің бұрынғы президенті Ахмадинежад биліктен кеткенге дейін, Иранның ядролық атом саясаты қайшылыққа толы халықаралық мәселе болып келгені жасырын емес. 2013 жылы билікке келген Хассан Роухани дипломатиялық келісімдер арқылы Еуропа мен АҚШ-тың Иранға қаратқан санкцияларының бетін қайтарды. Ал Иранның ақпан айындағы баллистикалық зымыран сынағы АҚШ пен БҰҰ-ның назарын өздеріне одан әрі аудартты. Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы мұнай тасымал жолының қауіпсіздігі үшін Еуропа елдері бұрынғыдай Иранның ядролық қаруды дамытуына қарсы. Сондықтан олар АҚШ-тың сөзін сөйлеуі әбден ықтимал. Ал Ресейдің Иранды қаншалықты қолдайтынын тек алдағы уақыттағы саяси ахуал көрсетеді.  Ресей мен Иран кейбір халықаралық мәселелерде бір-бірін қолдағанымен, бұл жағдайда Кремль кімнің жағында болары белгісіз. Бірақ кешегі сынақта Иранның ешқандай ереже бұзбағанын мәлімдеп, қолдау білдіргеніне қарағанда, Ресей өз позициясынан таймайтын тәрізді. Иранның баллистикалық зымырандарды сынауы АҚШ-пен арадағы жағдайдың күрделенуіне әкелуде. Тіпті, АҚШ билігі депутаттардан Иранға қарсы күш көрсету туралы қарар қабылдауды талап етуде. Конгресс депутаты Элси Хастингстің айтуынша, Тегеранды сабасына түсіретін жалғыз жол – әскери күш көрсету. «Осы арқылы ғана біз Иранның ядролық қару жасауына тосқауыл бола аламыз», – дейді Элси Хастингс. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы қарым-қатынасты қайта қарайтыны айдан анық. Десек те, Трамп Иран баллистикалық зымыранды сынақтан өткізгеннен кейін жаңа санкцияға қол қойып, «Иран нөмірі бірінші терролық мемлекет. Ондай елмен алдағы күндері тек санкция тілімен ғана сөйлесеміз», – деп кесіп айтты. Сондай-ақ, Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы достық келісімді, Ираннан санкцияны алуды «ақылсыз адамдардың тірлігі» деп санайтындығын айтқан. Ақпан айының басында Тегеран екі рет сынақ жасады. Бұдан кейін Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф: «Зымырандық  сынақ алты елмен  (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және Германия) болған келіссөз барысында қол  жеткізген құжатқа қарама-қайшы емес. Зымырандар ядролық оқтұмсық алып ұшуға  дәрменсіз. Демек, бұл  ядролық  бағдарламадан  тыс.  Қарапайым  ғана  соғыс  құралы. Бұл БҰҰ-ның 2231 қарарына   кереғар емес», – деп мәлімдеді. Иран тарапы бұл сынақты қауіпсіз санағанымен, АҚШ Тегеран өткізген сынақтар үлкен қауіп-қатердің басы болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Халықаралық сарапшылар да қазіргі уақытта екі ел арасында әскери қақтығыс орын алуы  мүмкін екендігін жоққа шығармайды.