Денсаулық сақтау саласының өзекті сауалы талқыланды
Еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам дәрігер, медбике, оқытушы, ғалым, медициналық ұйымдардың басшысы, денсаулық сақтау саласының ардагері мен сарапшысы «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында бас қосты.
Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, отандық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ қатысушыларға партияның және мекемелердің наградалары табысталды. Жаңа диалог алаңының алғашқы жиыны Nazarbayev University медицина мектебінде өтті. «Дәрігер Talks»-тың ерекшелігі – мұнда дәрігерлер денсаулық сақтау саласын дамыту аясында өмірдегі және кәсіптегі өздерінің жеке қалыптасу тарихымен бөліседі. Сөз басында, Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов барша қатысушыны өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтап, мемлекет әрқашан денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол сондай-ақ партияның 70 мыңға жуық мүшесі – медицина саласының өкілдері екенін және олар «AMANAT»-тың маңызды тірегі саналатынын жеткізді. – Мемлекет басшысының ұсынысымен қайтадан «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы енгізілді. Қоғам дәрігерлеріміздің ерен еңбегін бағалап қана қоймай, олар туралы егжей-тегжейлі білуі керек деп санаймын. Сол себепті де «AMANAT» партиясы осы «Дәрігер Talks» алаңын ашып отыр. Осы жерде медицина қоғамдастығы депутаттық корпуспен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге ашық диалог форматында өзекті мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын айқындай алады. Біздің міндетіміз – әр дәрігердің үнін жеткізу, – деді ол. Сондай-ақ Ерлан Қошанов жуырда денсаулық сақтау заңнамасына енгізілген түзетулерге назар аударды. Бұл түзетулерді «AMANAT» партиясы әзірледі. Заңда медицина қызметкерлеріне арналған бірқатар әлеуметтік кепілдіктер қарастырылып, олардың құқығын қорғау жұмысы күшейтілуде. «AMANAT» партиясының Төрағасы дәрігерлерге қол жұмсау оқиғалары жиілеп бара жатқанына жеке тоқталды. – Мұндай әрекеттерді ақтап алуға болмайды. Сондықтан біз барлық деңгейдегі медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Депутаттар – «AMANAT» Фракциясының мүшелері медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуге бастамашы болды. Жақын арада біз медицина қызметкерлерін қорғауды заң жүзінде күшейтеміз, – деді Ерлан Қошанов. Кездесуге қатысушылар Президент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерін қолдау және жалпы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бұрын-соңды болмаған оң шаралар қолға алынып жатқанына назар аударды. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020-2023 жылдар аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсті. Мәселен, дәрігерлердің еңбекақысы 3 еседен астам жоғарыласа, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 еседен астам өсті. Бұл дегеніміз – 270 мыңнан астам отандасымыз бен олардың отбасы мүшелері, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова. Ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдық жерге көшіп барған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген. – Еңбегім бағаланатын әрі сұранысқа ие болатын жұмыс орнын іздедім. Ауылдық жерде әрдайым дәрігер керек. Осында көмегім шынымен қажет екенін сезіндім. Көтерме жәрдемақы алып, баспанаға да қол жеткіздім. Бірақ мен үшін ең құнды дүние – жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласы, олардың жанға жайлы ортасы мен көрсетіп жатқан қолдауы, – деді Павлодар облысы Прииртышск ауылындағы жалпы тәжірибе дәрігері Закир Баратов. «Өмір тынысы» трансплантация жасалған адамдарды оңалту бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов донор мәселесіне тоқталды. Оның өзіне де осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын жүрек трансплантациясы жасалды. – Донор болу – ойланып, толғанып барып жасалатын маңызды қадам екенін түсінген жөн. Мәселен, мен өмірден озған соң қандай да бір ағзам өзге адамның өмірін жалғап, ол екі-үш балалы болса – өмір жалғасы дегеніңіз осы емес пе? Әр адам донорлыққа қатысты көзқарасты түсінуі керек, – деді ол. «Дәрігер Talks» қатысушылары денсаулық сақтау саласына және әлеуметтік салаға қатысты бірқатар бастама көтерді. Іс-шара барысында Алматы облысы Ұзынағаш ауылының дәрігер-реабилитологы Әсел Саурықова, Түркістан қаласының дәрігер-терапевті Камагүл Мұсақожаева, Қостанай облысының бас балалар хирургі Игорь Белобржицкий, Астана қаласының ЛОР-дәрігері Медет Маханбет, Шығыс Қазақстан облысы Ақжар ауылының травматолог-ортопед дәрігері, PhD докторы Елжан Манарбеков, Көкшетау қаласының фельдшері Гүлназ Бөкеш, University Medical Center басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова және өзге де азаматтар сөз сөйледі. Отырыс модераторы – дәрігер, танымал тележүргізуші Айнұр Тәжина. Кездесудің аяғында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерғалиев кәсіби қызметіндегі еселі еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.