Жаңалықтар

Еуропалық Одақ пен ЮНЕСКО «Орталық Азиядағы Жібек жолының мұра дәліздері» аймақтық жобасының жетістіктерін атап өтті

Жоба сарапшылары орыс және ағылшын тілдеріндегі «Жібек жолы мұрасы бойынша гидтерге арналған оқу құралын» қайта қарастырып, мазмұнын кеңейтті.

Бүгін Астана қаласында Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесі 2018 жылдан бері іске асырып келген «Орталық Азиядағы Жібек жолы мұрасының дәліздері – Еуропалық мәдени мұра жылының халықаралық аспектілері» ауқымды өңірлік жобасының нәтижелері жарияланды.

Жоба Жібек жолының мәдени мұрасын сақтап, насихаттауға, материалдық және материалдық емес мұраның құндылығын арттыру, сондай-ақ, Орталық Азия елдерінде мұраны басқару саласындағы адами және институционалды әлеуетті нығайтуға бағытталған. Жоба аясындағы бастамалардың барлығы өңірдің тұрақты дамуындағы мәдениеттің рөлі мен қосатын үлесін нығайтуға арналған.

Бүгінде Орталық Азия мен Еуропаны қосатын Транскаспий көлік дәлізін дамытумен айналысып жатырмыз. Шын мәнінде, бізді көп ғасыр бұрын байланыстырған ескі  Жібек Жолын жаңғыртып жатырмыз. Жоба ата-бабаларымыздың мұрасын сақтап қалуға және бүкіл Орталық Азияны байланыстырған әйгілі мәдени қазынаны насихаттауға септігін тигізді. Атқарылған жұмысымыз ежелгі салт-дәстүрлерге сүйене отырып, болашақты құруға көмектеседі деген үміттеміз. Сонымен қатар, өздерінің жеке бағыттарын құрып, жергілікті табиғаттың сұлулығы мен бай мәдениетіне қызығатын көптеген туристтерді тартып, жергілікті халыққа пайдасын тигізеді деп сенеміз, — дейді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас.

Жобаның негізгі іс-шаралары Жібек Жолы бойындағы нысандарды қалпына келтіру, мәдени мұра негізінде туристік әлеуетті арттыру, сонымен қатар, бенефициар-мемлекеттердегі материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелерін қамтыды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары Орталық Азиядағы келесі мұра нысандарында жүргізілді:  Құлан ортағасырлық қалашығы (Қазақстан), Қызыл өзен ортағасырлық қалашығы (Қырғызстан), Тәжікстан ұлттық саябағы (Тәжікстан) және Хиуадағы (Өзбекстан) Бүкіләлемдік мұра нысаны.

Жоба сарапшылары орыс және ағылшын тілдеріндегі «Жібек жолы мұрасы бойынша гидтерге арналған оқу құралын» қайта қарастырып, мазмұнын кеңейтті. Сонымен қатар, World Heritage Journey халықаралық онлайн-платформасында Жібек Жолына арналған бөлім ашты.  Платформа арқылы кез келген адам Бүкіләлемдік мұра нысандарымен таныса алады. 

«Орталық Азиядағы Жібек Жолы мұрасының дәліздері – Еуропалық мәдени мұра жылының халықаралық аспектілері» жобасы ЮНЕСКО-ның Жібек Жолын 1980 жылдары бастау алған ұзақ жылғы зерттеу дәстүріне зор үлес қосты. Бастама аясында біз жергілікті қауымдастықтардың дамуын ынталандыратын мүмкіндіктер мен жағдайларды барынша жасауға тырыстық. Бұл жоба елдер мен ұрпақтар арасындағы мәдени диалогтың маңызды құрамдас бөлігі деп санаймыз, — деп Амир Пирич, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесінің директоры түйіндеді.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы мен Түрікменстан ұлттық мұражайлары ұсынған Жібек Жолының 60 бірегей тарихи музейлік жәдігерінің виртуалды көрмесі таныстырылды. Оның бір ерекшелігі – кез келген адам бірыңғай онлайн-алаңда 60 нысанды бірден 2D және 3D форматтарында көре алады.