Meta-да жұмыс істейтін Бекзат: Шетте жүрсем де, Қазақстанға пайдам тиіп жатыр
Бекзат Тұрапбеков Meta (бұрынғы атауы – Facebook) корпорациясының Лондондағы кеңсесінде жұмыс істейді. Quran.kz мобильді қосымшасының авторы.
Facebook немесе Instagram-ға салып жүрген суреттеріңіздің сапалы әрі дұрыс жүктелу процесіне қазақ баласының қатысы бар десем, сенер ме едіңіз. Meta (бұрынғы атауы – Facebook) корпорациясының Лондондағы кеңсесінде жұмыс істейтін отандасымыз Бекзат Тұрапбеков дәл осы функцияға жауапты командада жұмыс істейді. Оған дейін ол әйгілі Booking.com компаниясында төрт жыл бойы тәжірибе жинақтаған. Оған қоса, ол – қазір қазақстандықтардың аузында жүрген Quran.kz мобильді қосымшасының авторы. Шетте жүргеніне сегіз жылға жуықтаса да, елдегі жас өрендерге бар білгенін үйретіп жүрген Бекзатқа хабарласып, әңгімелескен едік.
– Біз сұхбаттасқан бірнеше ІТ-маман оқып жүрген кезінде бұл саланы өздігінен жете түсінбегенін, мұнда бет бұруына әлдекімдердің себепкер болғанын айтады. Сенде де солай болды ма, әлде?
– Талдықорғандағы қазақ-түрік лицейіне оқуға ауысқан соң онда оқитын ағам болашағымды ІТ саласымен байланыстырғаным дұрыс екенін қадап айтты. Алайда ол уақытта орта мектептен енді ауысқан кезде көп нәрсені байыбына жетіп түсіне бермейсің ғой. Кейін бір жылдан соң олимпиадаларға қатысу үшін белгілі бір бағытты таңдау керек болды. Мен математика пәніне көп ден қойғым келген, бірақ әлгі ағам тағы да ІТ-ды таңда деп ақылын айтты. Себебі мұнда бәрін компьютер шешеді, ал математикадан өтетін жарыстарда әдетте төреші шешім қабылдайды. Расымен, ІТ несімен жақсы дейсіз? Сен құрастырған кодтың дұрыс-бұрысын компьютер шешеді. Бәрі айқын, бәрі анық. Компьютерге сенің қай жерден екенің, қай тілде сөйлейтінің, кім екенің маңызды емес. Бастысы – сен ойлап тапқан шешімді компьютердің дұрыс я бұрыс санауы. Осындай қабілетің болса, сұранысқа ие маман бола аласың. Себебі бүгінде ІТ алпауыттары саналатын компаниялар сондай нәтиже шығара алатын мамандарды іздейді. Мен мектепте оқып жүргенде тек оқумен ғана шектелмедім, сонымен қатар ІТ-ға қатысы бар мамандармен әңгімелестім. Google секілді ірі компанияда біліктілігін арттырған отандасымыз Мадияр Айтбаевпен ақылдасып, неден бастаған жөн, қандай ерекшеліктері бар екенін талқылап, бағыт-бағдар сұрадым. Каникулда көпшілік жазғы демалысқа шыққанда, мен бас алмай бағдарлама жасақтау ісін зерттеумен болдым. Бұлай істегенім дұрыс болыпты, себебі мектепте қатарластарым қай бағытта жұмыс істеу керек екенін енді бағамдап жатқанда, менің мақсатым айқын, бағытым анық болды. Осы ретте оқушыларға айтарым, ерте кезден өзіңе ненің қажет, ненің керек емес екенін ажырата білгеннің пайдасы зор. Басында бұл салаға бет бұрғанымда қиындыққа тап болдым. Қазір ІТ-ды жаңғақша шағып жүрген небір мықтылардың өзі кезінде тіпті тышқанды қалай қолдану керек екенін білмей, дал болғанын айтады. Алайда білімге деген «аштық», үнемі бірдеңені зерттеу, тың дүние білуге ұмтылу сені тіпті алпауыттар таласуға тұрарлық мықты маман етіп шығарады. Оқушы кезіңде көп уақыт барда ізденсең, дами түссең, ертең маман атанған кезде бұл саған жемісін молынан береді. Сондықтан ерте кезден бастап әрекет еткенің абзал. Мұндайда олимпиаданың да маңызы зор. Әдетте, мектепте балалар сыртқа шыға сала, ойынға қарай жүгіреді ғой. Ал оның назарын бері бұрып, жарыс түрінде ұйымдастырылатын іс-шараға қатыстырса, ол түбі жарыстан жарысқа қатысып, соңында өзіне не керегін жете ұғады. Бір жағынан, әлбетте медаль алғаның да жанға майдай жағады. Екінші жағынан, жарысқа дайындалып жүріп, жаңа білім игересің, жаңа нейрондар құрасың. Тіпті, олимпиададан орын да алмай-ақ қой. Алайда онда алған білім өмірбақи өзіңмен қалады. Сол білімімнің арқасында мен Сүлеймен Демирел атындағы университеттің инженерия факультетіне оқуға түстім.
– Сол біліміңнің арқасында бірінші курстан бастап жұмыс істепсің.
– Мектептегідей университет қабырғасында да көп нәрсеге қызықтым, сұрадым, іздендім. Көп түлек университет сені үйретеді деп ойлайды. Бұл – ағат пікір. Ешкімді күтпеу керек. Университет саған қандай мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Ал ары қарай қимылдау өзіңе байланысты. Онда бағдарлама жасақтауға үйрету әсте мүмкін емес. Мен сол кезден бастап iOS жүйесін зерттеуді қолға алдым. Ол уақытта қазіргідей емес, ресурс аз болатын. Алайда білсем, көрсем деген құштарлықтың арқасында өзіме керегін біліп, жобаларға жаратып жүрдім. Мен түрлі компанияда жұмыс істедім, банктердің қосымшасын, WhatsApp-тың баламасын әзірлеуге ат салыстым. Ең үлкен олжам деп 2014 жылы Kino.kz жүйесінің мобильді қосымшасын қайта басып шығаруын айтар едім. Осындай ірі жобаны іске асырған соң, санамда сілкініс болып, «Менің қолымнан келеді екен ғой» деп, өз-өзіме сенімім арта түсті. Сөйтіп, университет бітірген кезде біраз «багажым» болды.
– Университет бітірген бойда қонақүй мен тұрғын бөлмелерді брондау бойынша әлемдік көшбасшы саналатын әйгілі Booking.com компаниясының Амстердамдағы кеңсесіне жұмысқа тұру – әркімге беріле бермейтін мүмкіндік. Әдетте, шетелде жұмыс істеген тәжірибесі жоқ мамандардың әлемнің ірі компанияларына жұмысқа бірден қабылдануы екіталай еді. Ал сені сонда жұмыс істейтін көп қазақ балалары тартты ма?
– Иә, сол уақытта Booking.com-ның Амстердамдағы кеңсесінде 20-ға жуық қазақ жұмыс істейтін. Солар «Осында келіңдер. Booking қазір көп маман іздеп жатыр» деп ақылын айтты. Алдымен түйіндемемді жолдадым, сосын сұхбаттасуға Амстердамға шақырылдым. Басында университетті енді бітірген мені толық штатқа алмайтын болар деп уайымдап едім. Алайда олар елде жинаған жұмыс тәжірибемді ескеріп, штатқа шақырып, келісімшарт ұсынды. Мен онда төрт жыл жұмыс істедім. Байқағаныңыздай, мен біріншi курстан бастап іOS жүйесін зерттеумен айналыстым. Осы саланың маманы болуға тырыстым. Booking.com-да да іOS-пен жұмыс істедім. Оның қосымшасын жасақтауға атсалыстым. Онда бұрын қонақүй мен тұрғын бөлмелерді ғана брондау мүмкін еді ғой. Мен ондағы командаммен бірге алғаш рет ұшуды брондау функциясын құрастырып шығардым.
– Кейін бір алпауыт компаниядан екінші алпауыт корпорацияға ауысуға не түрткі болды?
– Meta-ның рекрутері бірінші жазып, жұмысқа шақырды. Бір жағынан басқа компанияда істеп көруді, басқа ортада дамуды мақсат еттім. Оған қоса, Meta – техникалық компания, ондағы берілетін тапсырмалардың «ауқымы» әлдеқайда кең. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, бойым үйреніп қалған Booking-тен Meta-ға ауыстым. Биыл оның Лондондағы кеңсесінде істеп жатқаныма төрт жыл болады.
– Meta-да қандай функцияға жауаптысың сонда?
– Онда инфрақұрылымдық команданың қатарын толықтырдым. Қарапайым тілмен айтсам, Meta-ның барлық қосымшасына, соның ішінде Facebook пен Instagram-ға жүктелетін барлық суретке жауаптымын. Мысалы, сіз қазір парақшаңызға бір пост жазып, сурет салатын болсаңыз, біздің команда сол суреттің сапалы шығуына, жылдам жүктелуіне жауап береді. Әлбетте, бұл техникалық жағынан бұрынғы істегенімнен қиынырақ. Басында мұны түсіну қиын болды. Дегенмен кейін бұл менің кәсіби маман ретінде өсуіме оң әсерін берді.
– Біз сұхбат алған бірнеше маман сенің Quran.kz мобильді қосымшасын ойлап тауып, оны Қазақстанда жүріп-ақ дамытқаныңды айтып еді. Осы ретте бұл пайдалы қосымшаның құру тарихы туралы өз ауызыңнан ести отырсақ.
– Бұл идея 2-курста оқып жүргенде туындады. Ол уақытта Sajda қосымшасы іске қосылған болатын, алайда онда тек намаз оқу уақыты кіріктірілген-тін. Ал Құран оқитын ешқандай қосымша болмады. Ал мен iOS-та Құран оқуға болатын бір жоба жасағым келді. Бастапқыда мұны өзім үшін әзірледім. Өте жылдам әрі қарапайым етіп істедім. Кейін қарасам, көп адам соны жүктеп жүр екен. Сөйтіп, сауап болсын деген мақсатпен ол қосымшаны бірте-бірте дамыта түстім. Бір жылдан соң достарым Android-қа шақтап, әзірлеп берді. Биыл алғашқы нұсқасын жазғанымызға он жыл болды. Әдепкідегі сол нұсқасы мен кодтарын көрсем, «Мұны қалай жаман қылып істегенмін?» деп таңғаламын (күліп). Бұл қосымшаны әзірлеймін деп жүріп көп нәрсе үйрендім. Бірте-бірте функцияларын көп әрі күрделі қыламын деп жүріп, өзім дамыдым, ілгеріледім. Ол қосымшаның негізгі басымдығы – онда Құранды дауыстап оқытатын Тәжуид ережелері енгізілген. Сол кезде елде мұндай жаңашылдық болмаған, қазір де жоқ. Басында мен де ол ережені білмедім. Кейін өзім де үйрендім, өзгелердің де пайдасына жарады. Сөйтіп, бұл жобам менің рухани әрі кәсіби тұрғыда дамуыма септігін тигізді. Оның үстіне, Quran.kz секілді қосымшаны әзірлеген өзің болғасын, дұрыс жүріп-тұруға, әдептен озбауға, жоба иесіне лайық болуға тырысасың. Ол қосымшаға құбыла, Құран туралы мәліметтен бөлек, біраз ресурстар кіріктірілген. Онда тек ислами кітаптар жүктелген жоқ, сондай-ақ тайм менеджмент, өз-өзіңді дамыту, пайдалы әдет қалыптастыру жайында көп пайдалы кітаптар бар. Айтпағым, көпшілік ойлағандай онда тек діни деректер емес, көкжиекті кеңейтетін өзге де тиімді ресурстарды енгізіп қойдық. Тек тексерілген, нақты мағлұматтар болсын деген мақсатпен «Самға» деген баспамен келісімшарт жасасып, олар әзірлеген туындыларды пайдаланып жүрміз.
– Түсінуімше, бүгінде мұны миллиондаған адам жүктеп, қолданып жүрсе де, сен бұл жобадан пайда көріп жатқан жоқсың. Әрі бұл тек ішкі нарыққа бағытталғанын өзің айтып өттің. Алдағы уақытта сыртқы нарықты бағындырып, өзге тілдердегі нұсқасын енгізу ойда бар шығар.
– Жоқ, Quran.kz ешқандай да стартап емес. Біз бұдан ақша таппаймыз, керісінше көп қаражат жұмсаймыз дер едім. Әлбетте, алдағы уақытта коммерциялық жобаға айналып, өз-өзін ақтап жатса, жақсы болар еді. «Самға» баспасының кітаптарын сатып алуға мүмкіндік беретін функцияны іске қостық. Алайда одан түскен қаражатты сол кітаптарды әзірлеген редакцияға жібереміз. Мұның бәрін қайырымдылық мақсатында іске асырып келеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен бұл істі Алланың разылығы үшін қолға алдым. Сіз айтқандай миллиондаған емес, одан да аз адам қолданса да, Quran.kz жүзеге асыруға тұрарлық жоба болды. Қазір бұл жобаны жалғыз жүргізбеймін, қатарыма көп адам қосылды. Олардың ешбірі айлық алмайды. Олар да – мен секілді мүддені көздеген, көзі ашық жастар. Бос уақытымды сол балаларға ментор болуға жұмсап жүрмін. Бізде тәжірибе бар, бірақ соны «үлестіруге» уақыт жоқ. Ал ІТ-ға енді аяқ басып жатқандарда уақыт та, энергия да бар, алайда жеткілікті білім жоқ. Сондықтан Quran.kz-ті тәжірибе алмасу алаңы қылып, бар білгенімді үйретіп жүрген жайым бар. Алдағы уақытта тек Қазақстан тұрғындары емес, күллі әлем қолданатын жобаға айналса деген мақсат бар. Мобильді қосымша көп уақыт бойы тек қазақша мәлімет таратты. Келесі айдан бастап орыс тілін қоспақпыз. Қазір көп адам өзге тілдердегі де нұсқасын сұрап жатыр. Осылайша, бірте-бірте сыртқы нарыққа шықпақ ойымыз бар.
– Осыдан бес жыл бұрын сен танитын бірнеше маман Қазақстандағы IT саласын «тілі шықпаған балаға» теңеп, көп нәрсеге көңілі толмайтынын айтқан еді. Ал сен елдің ІТ әлеуетін қалай бағалайсың?
– Елде ІТ-ды ұршықша иіретін талантты балалар өте көп. Тек көбі әлемді аһ дегізетін жоба жасау үшін сыртқа шығу керек деген қате пікірді алға тартады. Біле білсеңіз, әу баста Telegram, Instagram секілді техногиганттардың дүниеге келуіне аз ғана адам ғана атсалысқан. Quran.kz-ті де басында өте «нашар» кодпен, жалғыз өзім жасақтап шығардым. Айтпағым, ІТ-да локация анау айтқандай маңызды емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, сен кімсің, қай тілде сөйлейсің, көзіңнің түсі қандай – ешкімге маңызды емес. Сен берілген кодты құрастыра аласың ба, мәселені шеше аласың ба, жоқ па – сол маңызды. Сондықтан аз я көп құраммен қолдан келген өнімді құрастырып шығара беру керек. Біздегі көп баланың ІТ-ға бейім болуына тағы бір себеп – елде математика пәні өте жақсы оқытылады. Кейінгі кезде университеттер ІТ саласына баса көңіл бөле бастады. Ал елде алған біліммен шетелде жемісті жұмыс істеуге болатынына – менің өмір жолым дәлел. Голландияда, Англияда жүріп, білімім жетпей қалған сәттер ешқашан болған емес. Елде білім жағынан мықты база бар.
– Өзің секілді жас мамандардың шекара асып кеткенін естіген көпшілік «Қазақтың миы шетелге кетіп жатыр» деп налиды. «Олар елге енді қайтып келмейді. Сыртта жүріп, елге еш пайдасын тигізбейді» дейді тағы олар.
– Бұған бір ғана жауабым бар: Quran.kz. Он жыл бойы Қазақстан тұрғындарының пайдасына жарап жатқан айрықша жоба. Пайда тигізіп жатыр. Оң әсер беріп жатыр. Осы ретте бір нәрсені айта кетейінші. Сыртта ірі компанияда жұмыс істеп жүрген біз берілген тапсырманы орындап қана қоймай, қабілетімізді шыңдап, талабымызды ұштап жүрміз. Әлбетте, компания сенің бұл қабілетіңді бизнеске пайдаланады. Алайда сыртта жүріп, мен мынадай үрдісті байқадым: шетелде жұмыс істейтін, әсіресе, Google, Amazon, Meta-да еңбектеніп жүрген қазақтар бар білгенін елдегілермен бөліскісі келіп тұрады. Әйтеуір елге пайдасын тигізгісі келеді. Қазіргі жұмысымыздан түсетін табысты өзімізге, бала-шағамызға, ата-анамызға жұмсаймыз. Алайда негізгі жұмысың болса да, өз еліңе, айналаңа, адамзатқа пайда әкелу – біздің көкейдегі екінші мәселе. Шетелде тұрсаң да, туған жеріңе пайда тигізу – басты мақсат. Дегенмен Қазақстанда жүріп, әлеуетіңді аша алмауың да мүмкін. Ал шетелде бәсеке қыз-қыз қайнаған ортада көп нәрсені үйреніп, кейін соны еліңнің мүддесі үшін пайдалансаң оның несі жаман? Мен бұл жағынан тынышпын, себебі менің жобамның әлеуметтік әсері орасан. Пайдасын әкеп жатыр. Оған қоса, Қазақстандағы жас мамандарға ментор болып, бар білгенімді үйретіп жүрмін. Сосын тағы бір айтарым, Қазақстанға қайтып бармауға қақым жоқ. Онда ата-анам, туыс-достарым тұрады. Елмен байланысым қатты. Біз тіпті кеңседе бір-бірімізді көріп қалсақ, емен-жарқын сөйлесіп, бір-біріміздің жағдайымызды білмейінше тараспаймыз. Ал өзге ұлт өкілдері бір-бірін олай қатты тартпайды. Сондықтан алдағы уақытта білімім толысып, тәжірибем молайған соң елге міндетті түрде ораламын.
– Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ