Жаңалықтар

Бала күтушісі: қамқоршы ма, қаймана ма?

ашық дереккөзі

Бала күтушісі: қамқоршы ма, қаймана ма?

Жуырда Таразға жол түсті. Ондағы жұмысым біткен соң, Алматыға шұғыл қайту керек боп, қала шетіндегі автобекетке келдім. Алмалы қаланы бетке алған көліктердің бірі тоқтап, ала кетті. Менімен бірге жасы 50-ге таяп қалған әйел мінген. Сағатына қарағыштай бергеніне қарап, оның да Алматыға тезірек жеткісі келетінін түсіндім. Сәлден соң жол қысқартайын деп сапарласымды сөзге тарттым. Химия пәнінің мұғалімі екен. Тараздағы мектептердің бірінде ұзақ жыл ұстаздық етіпті. Алайда айлығы аз болғандықтан жұмысын тастап, нәсіпті басқа істен іздеуге тура келген. Бүгінде ауқатты отбасында бала күтушісі болып қызмет ететін Айша апай кішкентай бөбекке асығып бара жатқанын айтты. – Шынымды айтсам, «няня» болып істеймін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Мұғалімдіктен шаршап, таусылмайтын қағаздардан қажып жүрген кезім болатын. Алматыда тұратын құрбыма телефон арқылы мұңымды шағып, басқа жұмыс істегім келетінін айттым. Немен айналысқым келетінін сұрады. Қағазбастылықтан, бітпейтін тексерістен қатты шаршағандықтан болар, «Ми шаршамайтын, жақсы жалақы төлейтін жұмыс болса болды» дедім. – Няня болғың келе ме? –  деді сәл ғана үнсіздіктен соң. – Няня? – Иә, бір таныстарым бала күтуші іздеп жүр. Ауқатты адамдар. 5 айлық балаларына қарайтын адам керек. Айтуларынша, жұмыс аса ауыр емес. Айлықты жақсы төлейді. – Жұмысқа қашан кірісу керек? – дедім қызыққанымды жасыра алмай. – Ертең келсең тіпті жақсы, – деді құрбым. Көп ойланған жоқпын. Барып көрейін, ұнамаса, басқа бір жұмыс қарастырармын дедім де, сол күннің ертеңіне Алматыға тартып кеттім. Жұмыс берушілер мені бірден ұнатты. Үш бала өсіргенімді, мұғалім екенімді біліп, тіпті қуанып кетті. Сол күннен бастап «няняға» айналып шыға келдім, – деп Айша апай жаңа кәсібі туралы баяндап берді. Құрбысы айтқандай, жұмыс расында да ауыр емес екен. Сағат кешкі 7-де келіп, таңғы ауысымда істейтін күтушіні алмастыратын көрінеді. – Кешкі 7-ден таңғы 7-ге дейін істеймін. Мен келгенше таңғы ауысымдағы қыз баланы тамақтандырып, таза ауада серуендетеді, ойнатады. Ал мен кешкі асын беріп, жуындырамын да, ұйықтатамын. Бөбек мазасыз емес, ұйқысы тыныш. Түн ортасында бір рет тамақтанады да, қайта ұйқыға кетеді. Баладан басқада шаруам жоқ. Сәбидің әке-шешесі өзге жұмыс берушілер секілді кір жуу, үй жинау, тамақ істеу деген шаруаларды бала күтушіге жүктемейді. Бұл істермен айналысатын басқа адам бар, – дейді бала күтуші. Сәбидің ата-анасы сенбі-жексенбіде демалатындықтан, Айша апай аптасына бес күн істейді екен. Жалақысы – 140 мың теңге. Мұғалімдіктен табатын табысынан айтарлықтай жоғары әрі жүктемесі анағұрлым аз болғандықтан жаңа жұмысына Айша апайдың көңілі тоқ. Бір ғана қиындығы – Алматы мен Тараз арасының алшақтығы. Балалары ересек болса да, оларды көзімен көріп, көңілін жайландыру үшін сенбі сайын Таразға жолға шығып, жексенбі күні кері қайтуға мәжбүр екен. Жолдасы өмірден ерте озыпты. Үш баласын жалғыз өзі тәрбиелеген ана балалары қанша есейсе де, әлі күнге дейін қызғыштай қорып, тапқан-таянғанын ауыздарына тосумен келеді.

«Ищу няню...»

Бүгінде Айша апай секілді бала күтушілеріне сұраныс жоғары. Сондықтан «няня» болғысы келетін  қыз-келіншектердің де қарасы көбейген.  Бос жұмыс орындары жарияланатын «Срочно требуются», «Трудоустройство и обучение» сынды басылымдарды, екі қолға бір күрек іздеушілерге арналған сайттарды ақтарып отырып аңғарғанымыз осы. «Требуется няня», «Балама тез арада күтуші керек» деп басталатын хабарландыруларға қарап, екі шаңырақтың бірі бала күтушісіне зәру дерсің. Олардың талаптары  әртүрлі. Еңбек тәжірибесін талап ететіндер де, бірнеше шет тілін қажет деп санайтын жұмыс берушілер де бар. Ұсынатын жалақылары да әрқалай. Жұмыс жүктемесіне қарай 40 мыңнан 150 мың теңгеге дейін барады. Қазақтың отбасы дейтін қастерлі ошағында бұрын бала күтуші дейтін түсінік болған жоқ. Әже тәрбиесі деген ұғымға ғана басымдық берілді. Жалдамалы тәрбиешілердің табалдырығымыздан аттағаны кеше ғана. Өзегін жарып шыққан перзентін өзгенің тәрбиесіне беру, өзгенің баласын өз жауапкершілігіне алу екі тарапқа да оңай іс емес. Алайда айналып өтер басқа жол жоқ. Ата-ана түзде жүргенде балаға бас-көз болатын адам керек. Бала күтушілердің көмегіне жүгінетіндер көбейгеннен кейін елімізде осындай қызмет түрін ұсынатын арнайы агенттіктердің жұмысы жанданды. Мұндай іспен айналысатын агенттік елімізде алғаш рет 1996 жылы Алматыда ашылған екен. Ол «Тәрбиеші» деп аталыпты. Бұдан кейін оның қатары «Юнити», «Мама mіa», «Добрый ангел», «Күтуші» сынды агенттіктермен толыққан. Қазір бір ғана Алматының өзінде 200-ге жуық бала тәрбиелейтін жеке компаниялар бар екен. Олар көңіліңізден шығатын күтушіні кез келген уақытта тауып бере алады. Осы орайда «бала бағу бизнесінің» күннен-күнге қарыштап дамуына не себеп деген сауалдың тууы заңды. Ең әуелі, гендерлік саясат деп айдарлап алған қоғамдық қатынастар ауызға ілінеді. Қазақ әйелді  өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі деп құрметтегені әлімсақтан белгілі. Отбасы, ошақ қасы ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі іргелі істерге ұйытқы болып жүрген бүгінгі қыз-келіншектердің қоғамдағы орны  ерек. Олар  –  ана, олар – жар, олар – келін, сондай-ақ, түрлі салада ер азаматтармен иық тірестірген жауапты қызметкер, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Ия, расында да қазір  қарадомалақтарын тәрбиелеп, үйде отырған аналардың қатары сиреген. Заман ағымына ілесіп тірлік істесем,  кәсібімнің нәсібін көрсем дейтін әйелдер үйден гөрі түзде көбірек жүреді осы күні. Бұған Елбасының жуырда еліміздің белсенді де беделді қыз-келіншектерімен кездесуінде айтқан сөзі дәлел бола алады. «Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің үшінші мүшеліне аяқ бастық. Осы жылдарда мемлекеттігіміз нығайып, аяғына нық тұруына әйелдердің қосқан үлесі ерекше. Елімізде еңбек ететін азаматтардың тең жартысынан көбі қыз-келіншектер. Әйелдер Үкімет құрамында, Парламент қабырғасында, түрлі деңгейдегі әкімдіктерде табысты жұмыс жасауда», – деді Қазақстан Президенті. Елбасының дерегінше, білім беру саласында 65, денсаулық саласында 75, мемлекеттік қызметте 55 пайыз әйелдер жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерліктің тең жартысы, шағын және орта бизнестің 42 пайызы әйел азаматтардың қолында. «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алған 12 мыңнан астам жастың тең жартысы қыздар. Үй шаруасынан гөрі мемлекеттің шаруасына бейімі артқан нәзік жандылар перзенттерін бала күтушіге тапсырады. Сондықтан «няняларға» деген сұраныс өршіп тұр.

Балабақша – таусылмайтын жыр

Бала күтуші жалдайтын отбасылардың көбеюінің тағы бір себебі – балабақшада орын жетіспеушілігі. Үкімет қанша күш салса да, балабақшадағы ұзын сонар кезек азаяр емес. «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деп, бір күні балабақшадан орын бұйырарына сеніп жүргенде көп ата-ана баласының мектеп жасына жеткенін аңғармай қалады.  Ресми статистикаға сүйенсек, 1990 жылы Қазақстанда 8880 балабақша болыпты. Ал 2000 жылдары соның 1144-і ғана қалған. Кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша балабақша мәселесі қайта қолға алынды. Қалалар мен елді мекендерде заманауи балабақшалардың іргесі қалана бастады. Елбасы 2010 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылға қарай еліміздегі барлық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер балабақшамен қамтамасыз етілуі керектігін тапсырған болатын. Осыған орай «Балапан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама аясында көптеген балабақша салынып, пайдалануға берілгенімен, мәселенің шешімі табыла қойған жоқ. Мәселен, бір ғана Қарағанды облысында 7 мың бүлдіршін кезекте тұр. Оларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтамасыз ету үшін аймақта әлі 25 балабақша ашу керек. Ал Астанада 46 мыңнан астам бала өз кезегін күтуде. Бас қаланың бүлдіршіндерін балабақшамен толық қамту үшін елордада 167 бөбекжай салынуы тиіс. Бұл туралы жуырда Астана қаласының Білім басқармасы мәлімдеді. «Қаладағы балабақша мәселесін шешу үшін 129 жоспарлау секторына мектепке дейінгі мекемелерді орналастыруға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Әрбір секторды талдау қорытындысы бойынша 46 327 орындық 167 мектепке дейінгі мекемені ашу қажеттігі анықталды» делінген мәлімдемеде. Перзентіне балабақшадан орын бұйыр­маған ата-аналардың бала күтуші жалдаудан басқа амалы болмайды. Сондықтан осы күні «няняларды» бұрынғыдай ауқатты отба­сылардан ғана емес, қазақтың қара­пайым шаңырақтарынан да кезіктірсек, таңғал­майтын болғанбыз. Кей отбасы бала-шағасы жоқ, бос уақыты көп жас қыздарды жалдағанды құп көрсе, енді біреулер бірнеше бала тәрбиелеген тәжірибелі аналардың көмегіне жүгінгенді жөн санайды. Алайда бала күтушінің бәрі өз міндетін қалтқысыз атқарып, қарауына алған балаға өз баласындай қамқор болады дегенге сену қиын. Соңғы уақытта жалдамалы бала күтушілерге қатысты жағымсыз жайттар жиі қылаң беруде. Кейбірінің бала тәрбиесімен емес, ұрлық-қарлықпен айналысып, үй иелерінің бағалы заттарын қолды қылғанын да талай естідік. Тіпті бүлдіршіндерге қол көтеретін күтушілер де кездеседі. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Шымкентте болған оқиға елдің жағасын ұстатқан еді. 4 жасар қыз бен 2 жасар ұл баланы дегеніне көндіре алмаған «няня» екеуін әбден сабаған. Күтушінің соққысына шыдамаған 4 жастағы қыз аурухананың жан сақтау бөлімінде жатып жан тапсырды. Бұл – бала күтушінің қатыгездігін әшкерелеген бір ғана оқиға. Мұндай қайғылы жайттар еліміздің басқа өңірлерінде болмағанына, бұдан кейін қайталанбасына кепілдік жоқ.

Әжелер мектебіне балама бар ма?

Бөбекке табыс көзі, жұмыс нысаны деп емес, біреудің өмірінің жалғасы, бір әулеттің болашағы деп қарайтын күтушілер ілуде біреу. Балаға бар уақыты мен ықыласын арнаса да, күтуші оған ата-анасының мейірімі мен махаббатын, атасы мен әжесінің үлгі-өнегесін бере алмасы анық. Көргені көп қариялардың тәрбиесін алған бала мен «няня» тәрбиелеген  бүлдіршіннің айырмасы жер мен көктей болатынын дәлелдеп жату артық болар. Ата мен әже тәрбиелеген баланың, ең алдымен, тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже бүлдіршінмен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Қарттардың тәрбиесін көрген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеуді меңгереді. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өскен. Көпті көрген қарияларымыз немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Осылайша бала ерте жастан-ақ тарихты, халықтың ауыз әдебиетін біліп өсетін. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те көбіне ата мен әженің алдын көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды. Тағы бір ерекшелігі, ата мен әже қолын­дағы бала бүкіл ауылдың баласындай болып өседі. Ауылдағы қариялардың қайсысы болса да «пәленшенің баласы ғой» деп маңдайымыздан мейірлене иіскеп, «атасы мен әжесін бағатын осы ғой», «бұл тіпті бәрімізді бағады» деп айналып-толғанғанын қалай ұмытайық?! Тіпті, осы бір-екі ауыз сөз арқылы сенің ата-ана алдында борыштар екеніңді санаңа сіңіріп отырады. Сондықтан ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, оларды нағыз адам, азамат етіп тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелер мектебінің еңбегі орасан екенін баса айтуға тиіспіз. Ата мен әже өнегесінің бала болашағына әсері орасан екеніне әдебиетіміздегі, тарихымыздағы заңғар тұлғалардың балалық шағы дәлел бола алады. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан замандастарының алды болып қана қоймай, қазағының атын шығарды, халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Бала Ыбырайдың ұлағатты ұстазға, қазақтың дара ағартушысына айналуы жолында Балғожа бидің сіңірген еңбегі орасан. Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің алақанынан түлеп ұшты емес пе? Айта берсек, ата-әже мектебінен сусындап өскен қазақтың біртуар ұл-қыздарының есімін тізіп бітпесіміз анық. Психолог мамандардың айтуынша, өз анасын сирек көріп, мейіріміне зәру болып өскен сәби өсе келе бірбеткей болуы ықтимал. Күнкөрістің қамымен үй бетін көрмей жұмыс істейтін ата-ананың көбеюіне алаңдайтынымыз сондықтан. Әрине, оңтүстік өңірлердегі ауыл-аймақтарда қазақылықтың қаймағы бұзыла қойған жоқ. Онда ата-әженің мейірім-шапағатына бөленіп өсіп келе жатқан балғындар жетерлік. Ал қаланың қарттары немерені өзі баққаннан гөрі бала күтушіге жүгінгенді жөн санайды. Үйлердің ауласынан, шаһардағы саябақтардан немере жетектеп, сейіл құрып жүрген қарияларды сирек кезіктіреміз. Есесіне, сән салондарында тырнақ әрлетіп, шаш боятып отырған «заманауи» әжелер аз емес. Әдемі қартаю дегенді сәнді киіну, жастармен жарысып салон жағалау деп түсінетін әжелер бақыттың кілті тәрбиелі ұрпақ өсіруде екенін ұмытып кеткені өкінішті.

Айнұр Асқарбекқызы, бала күтуші:

– Бір отбасында бала күтушісі болып қызмет етіп келе жатқаныма үш жыл болды. Бөбектің ата-аналары асып-тасқан бай­лар емес, шағын кәсіп­терін дөңгелетіп отырған қа­рапайым отбасы. Таңнан кешке дейін жұ­мыстан қолдары босамай­тын­дықтан, ұлдары күні бойы менің қарауымда. Қала сыртына сапарға кетсе де, баланы маған сеніп қал­дырады. Тамағын беремін, серуендетемін, үйірмесіне апарамын, киім-ке­шегін реттеймін, кітап оқып берем. Жұмысты алғаш бастағанымда балақай небәрі 1-де болатын. Биыл жасы төртке толады. Шынымды айтсам, оған әбден бауыр басып қалдым. Демалыс күндері де көргім келіп тұрады. Ол да мені қатты жақсы көреді. Кейде өз ата-анасынан гөрі маған жақынырақ па­ деген ойға қалам. Бала өз әке-шешесінен ал­шақтап кетпесін деп, олар туралы жиі айтып отыруға тырысам. Тіпті, кей­де ойдан ертегі құ­рап, ата-анасын сол ерте­гінің қаһармандарына айналдырып жіберемін. Бастапқыда бұл жұмысты тек ақша үшін істейтінмін. Жұмысқа келіп-кетсем, үй иелерінің көңілінен шықсам болды деп ойлай­тын­мын. Бөбекке аса ықылас таныта қойған жоқпын. Уақыт өте келе оны өз баламдай жақсы көріп кеттім. Тәрбиелі, ақылды болып өсуіне көңіл бөлетін болдым. Бала күтушісін жалдау – заман талабы. Одан үркудің қажеті жоқ. Тек «няня» таңдағанда мұқият болған жөн. Тәжірибесі барлардың бәрі сіздің балаңызға мейірімі мен шапағатын төгеді деген ойдан аулақ болыңыз. Жүріс-тұрысына, сөйлеу мәдениетіне, білім-білігіне назар аударыңыз. Балаға жақын адамдар бірден көрініп тұрады. Бірақ күтушіге бала тәрбиесін толық ысыра салуға болмайды. Қанша мейірімді, тәжірибелі болса да, ол ең әуелі жалдамалы қызметкер екенін ұмытпаған жөн. Перзентіңіздің негізгі тәрбиесі өз мойныңызда. Сізден артық балаға ешкім үлгі-өнеге бере алмайды. Омарбек Төлепов, дәрігер: – Баланы күтушінің қа­рауы­на қалдыратын отба­сыларды түсіне алмай­мын. Ол – сенің өмі­ріңнің жалғасы, бола­шағың. Шығыстың ғұлама ғалымы Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің бола­шақтарыңызды ай­тып берейін» деп текке айт­қан жоқ. Баланың қан­дай азамат болып қалып­тасары кішкентай күнінде бойына сіңірілген тәлім-тәрбиеге байланысты болмақ.  Сондықтан дүние күйіп кетсе де, жұмысың жүрмей қалса да, балаңды өзің өсір! Балаңды өзгенің тәрбиесіне қалдырғаның – болашағыңды біреудің ықтиярына бере салғаның. Сондықтан балаларымыз 3-4 жасқа келгенше, жұбайым жұмысқа шыққан жоқ. Қазір алтын асықтай үш ұлымыз, өрімдей қызымыз бар. Төртеуі де тәрбиелі, білімді болып өсіп келеді. Ешқайсысы бетімізге келіп көрген емес. Қарлығаш Айтбаева, заңгер: – Бала күтушісінің қыз­метіне жүгінгеніме көп­ болған жоқ. Алайда қыс­қа уақыт ішінде үш «няня» ауыстырып үл­гер­дім. Бірінші жалдаған кү­тушім ұрлықшы бо­лып шықты. Алтын әшекей­ле­рімнің бәрін сыпырып кетті. Қызыма залал келтір­ме­геніне қуанып, бәле-жаланың бәрі сонымен кетсін дедім де қойдым. Полицияға хабар берген жоқпын. Ал екінші күту­шіні күйеуім ұнатпады. Тым жас, тәжірибесі жоқ деді, жүріс-тұрысын, киім-киісін  сөкті. Мен оның сөзіне мән бермей жүргем. Өйткені жас та болса биязы, тірлігі тап-тұйнақтай қыз екен. Бірақ күйеуімнің жақтырмай қарайтынын сезіп, әрі қарай істегісі келмеді. Кешірім сұрап, кетіп қалды. Үшінші күтуші екеуміздің де көңілімізден шықты. Екі баласы бар келіншек. Баламен жұмыс істей алатынын дәлелдеді. Төрт айдан бері кішкентай қызымызды сол келіншекке қалдырып, алаңсыз жұмысқа кете береміз. Тамағын беріп, жуындырып, мұнтаздай таза қылып киіндіріп қояды. Күйеуім өте секемшіл адам. Көңілі толық жайлану үшін қызымыздың бөлмесіне бейнебақылау камерасын орнатқысы келіп жүр. Меніңше, бөгде ойлы адамға ешқандай камера бөгет бола алмайды. «Жүзі жылыдан түңілме» дейді ғой қазақ. Адамға сене білу керек деп ойлаймын.