Астана – жүрегім
Астананың 26 жылдығына орай қала әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған 100-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырды.
Астананың 26 жылдығына орай қала әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған 100-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, концерттік бағдарламалар, фестивальдар, спорттық турнирлер, түрлі конкурстар өткізілді.
Сондай мерекелік шаралардың бірі – Астана күніне орай елорданың бес ауданында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Астана – жүрегім» атты концерттік бағдарламасы. Есіл ауданы бойынша сағат 11.00-де «Пригородный» тұрғын алабында басталған концерт «Бәйтерек» монументінің аумағында жалғасты. Салтанатты думанда этно-ансамбльдер, Қазақстан эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Медет және Клара Салықовтар, Бауыржан Исаев, Гүлнұр Оразымбетова, Ақтоты Болышева, Мәди Қадыров және өзге де әншілер өнер көрсетті. Елорданың басты символы «Бәйтеректің» жанында ұйымдастырылған концерт көптің көңілінен шықты. Жиналған жұрт сүйікті әншілерінің өнерін тамашалап, қосыла ән шырқап, әуенмен тербеліп билеп тұрды. Бас қалаға Алматыдан қыдырып келген Нұрсая Рахан Астананың көркіне көзі тоймай тұрғанын жасырмады. – Өзім Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Отар стансасында туып өстім. Оқушы кезімде Алматыға ғашық болдым, жоғары оқу орнын сол қалада тәмамдадым. Кейін жұмысқа араласқан кезде Астанаға қоныс аудардым. Бір жарым жылдай осы жақта жұмыс істедім. Кейін Алматы, Қызылорда қалаларына ауысқаныммен, Астанаға аңсарым ауып тұратын. Бір айдан астам уақыт бұрын ұлым екеуміз Астанаға ем алуға келдік те, қаланың ұнағаны соншама осы жақтан жұмыс тауып, ұлымды мектепке орналастырып, көшіп келдік. Енді астаналық болып, жұмыс істеп, осы жақтан пәтер сатып алуды жоспарлап жүрмін. Астана қатты өзгерген. Бұрын мен көрген Астана басқаша болатын, ал қазір мүлдем ерекше, сұлу, паң, маңғаз, айбынды қалаға айналыпты. Осы қаланың бір бөлшегі болғаныма қуанамын. Қала күніне орай өткізіліп жатқан біршама іс-шараға қатыстық, қаланың мәдениетімен, адамдарымен танысып жатырмын. Астана күнін жыл сайын осылай шат-шадыман көңіл күймен қарсы алайық деп тілек білдіргім келеді, – дейді Нұрсая Рахан. Бас қаланың қалыптасуы мен дамуына қаланың байырғы тұрғындарымен қатар басқа қаладан қоныс аударған мамандардың алар орны ерекше. Әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар қаланың дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқаны анық. 1,5 млн-ға жуық тұрғыны бар Астана халқының одан ары көбеюі, қаланың көркеюі, инфрақұрылымының дамуы еліміздің гүлденуіне тікелей әсер етеді. Астана күніне орай арнайы келген қонақтардың бірі – қызылордалық Жадыра Тухлибаева. Елорданы дәл осы 6 шілдеге қарай тамашалауға келгеніне қуанышты. – Астанаға 2-3 жыл бұрын күзде келген едік. Күн райы салқын болғандықтан, қаланы емін-еркін аралай алмадық. Биыл бас қаланы тамашалауға әдейі 6 шілдеге орай келдік. Қала тұрғындары мен қонақтарға арналған түрлі іс-шараларға қатысып жатырмыз. Бәрі ұнады. Әсіресе, концерттік бағдарламалар жақсы ұйымдастырылған. Теледидардан көретін сүйікті әншілерімізді бетпе-бет көрдік, әндерін қосыла шырқадық. Өзім көпбалалы анамын. Бұйыртса, Астанадан да үй алып, балаларымның болашағын бас қаламен байланыстырғым келеді. Арманым – Астанаға қоныс аудару. Өйткені Астана жастардың, білім мен ғылымның, табыс пен бизнестің қаласы. Суығына шыдап, ыстығына төзіп бас қаланың бақытты тұрғыны болатын күнді асыға күтіп жүрмін, – деді Жадыра. Расында, ширек ғасыр уақыт аралығында әлемге танылған Астана бүгінде әр қазақтың арманына айналғандай. Астана – әсемдігі мен қолайлылығы жағынан көптің көңілінен шығып, лайықты бағасын алған қала. Бүгінде шетелден келетін туристер саны да жыл сайын артып келеді. Бас қалаға қызығушылар саны мұнымен тоқтамақ емес. Жыл өткен сайын астана ажарланып, сұлулана түсері анық.
А.Жолдасбекқызы