Келісім мен даму жолындағы жаһандық бірлік
Қандай мәселелер қаралды? Мемлекет басшылары мен саясаткерлер жолдаған месседждер қандай? Қазақстан төрағалығы қалай қорытындыланды? Бұл бізге не берді және не береді?
Өткен аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының Мемлекет басшылары кеңесінің 24-саммиті өтті. Саяси салмағы орасан Саммит елімізді әлемдік диалог алаңы ретінде тағы бір танытты.
Сонымен, бар әлем көз алмай бақылаған жиында нендей жаңалықтар болды? Қандай мәселелер қаралды? Мемлекет басшылары мен саясаткерлер жолдаған месседждер қандай? Қазақстан төрағалығы қалай қорытындыланды? Бұл бізге не берді және не береді?
Алпауыттар алаңы
Астанада өткен ШЫҰ саммитіне әлемнің 16 елінің көшбасшысы келді. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға шілденің 2-сінде келіп, саммитке қатысты. Сонда-ақ Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтар да бар. Сонымен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев келді. Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманям Джайшанкар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш те саммитке қатысты. Қатысушылардың көптігі бұл шараға деген қызығушылық жоғары болғанын негіздейді. Сәйкесінше, бұл – жиынның саяси салмағы да айтарлықтай зор болғанының дәлелі.
Жаһанның жартысына жуығын қамтитын ұйым
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының негізін 2001 жылғы 15 маусымда Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан құрған болатын. Бұл үкіметаралық ұйым бұрынғы Шанхай бестігі механизмінен әрі қарай дамып, аймақтық ынтымақтастық пен қауіпсіздік сын-қатеріне жауап беру қажеттілігіне байланысты әртараптанған еді. Астанада өткен Саммитте Беларусь Республикасы ұйымның толыққанды мүшесі атанды. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше ел саны 10-ға жетіп отыр. Одан бөлек, 3 бақылаушы мемлекет, 14 диалогтық серіктес бар. Осылайша, ШЫҰ-ға әлем халқының 40 пайызы кіреді, ал мүше елдердің жаһандық ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 23 триллион доллардан асады. Бұл әлеует ұйымға мүше елдердің бір-біріне зор мүмкіндік ашатынын білдіреді.
Қандай мәселелер қаралды?
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз алған Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын айтты. – ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы. Бұған дейін Қытайдың Синьхуаға берген сұхбатында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің қорытынды шешімдері «Шанхай рухының» негізгі қағидаларын – өзара сенім, достық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін ескеруге негізделетінін айтқан болатын. Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады. – Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейту қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екеніне назар аударды. Одан бөлек, тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ретінде атады. – Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды. Атап айтқанда, ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптайтынымызды жеткізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты. – Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды. Саммитте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, БАӘ Жоғарғы кеңесінің мүшесі, Рас-Әл-Хайма әмірлігінің билеушісі шейх Сауд бен Сақр Әл Қасими сөз сөйледі. Олар түрлі бастама көтеріп, қазіргі саяси ахуал мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты ой айтты. Мәселен, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер Орталық Азия мен Теһран арасындағы қарым-қатынастың дамуында Қазақстанның шешуі маңызды рөл атқарып отырғанына тоқталды. Садыр Жапаров ШЫҰ-ның серіктес елдерін Ұйымның қаржылық құрылымдарына тартуды ұсынды. Режеп Тайип Ердоған Түркия терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен диалогты дамытуға мүдделі екенін баса айтты. Шавкат Мирзиёев ШЫҰ гуманитарлық бастамалары мен бағдарламаларының бірыңғай банкін құруды ұсынды. Ал Си Цзиньпин ШЫҰ аясында цифрлық білім қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жасанды интеллектті зиянсыз дамыту бағытында бірнеше ұсыныс айтты. Александр Лукашенко ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құруды ұсынды. Яғни, Саммиттің күн тәртібінде бейбітшілікке шақыру, қауіпсіздік, экономикалық және логистикалық мәселелер басты назарда болды. Әр елдің жеткізген ұсынысы аймақтағы ахуалды жақсартуға, жағдайды реттеуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.
Қазақстан төрағалығы қалай бағаланды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді. – Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады, – деді Президент. Президент атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айтты. – «ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындағанын жеткізді. Сондай-ақ еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық елге ризашылық білдірді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин де осыған үндес пікір айтты. – 2023 жылғы шілдеден бастап ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтті. Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Экономика, инвестиция, көлік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық аспектілерге баса назар аударылды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы өте мазмұнды болды, – деді Чжан Мин. Сонымен қатар ол Астанадағы ШЫҰ саммиті өте жемісті өткенін де баса айтты. – Бүгінгі саммит өнімді, сындарлы және жемісті өтіп, ұйым қызметіне жаңа серпін берді және оның тарихындағы маңызды кезеңге айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы отырыстың сәтті өтуімен және жалпы ШЫҰ-ға жоғары деңгейде төрағалық етуімен құттықтағым келеді. Астана саммитінен кейін төрағалық эстафетасын Қытай тарапы қабылдады. Қытай ұзақ жылдар бойы ұйымның дамуына өз үлесін қосып келеді. Қытайлық әріптестерге жемісті және нәтижелі төрағалық етуді тілейміз, – деді Чжан Мин. Осылайша, төрағалық Қытайға өтіп, Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ бас хатшысы болып сайланды.
Қандай құжаттарға қол қойылды?
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының отырысында жалпы 25 құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Астана декларациясы, 2025-2027 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы, есірткіге қарсы стратегия, және энергетика саласындағы 2030 жылға дейінгі стратегия сияқты маңызды құжаттар бар. Сондай-ақ Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықты. Халықаралық ұйымдар арасындағы серіктестер саны да артты. Одан бөлек, инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Қабылданған құжаттар, Саммиттің маңызы мен салмағы туралы толығырақ қамту үшін сарапшылардың пікірін білген едік. Олардың сөзінше, Саммит еліміздің әлемдік аренадағы беделін көтеріп, диалог платформасы ретінде таныта түсті.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Бұл Саммит – Қазақстанның бір жыл атқарған төрағалығының қорытындысы
Біріншіден, Саммиттің маңызын қатысушы мемлекеттердің саяси салмағынан және Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының өзі келіп қатысқанынан-ақ түсінуге болады. Сол күндері бар әлемнің назары Астанаға ауды десек артық айтқандық емес шығар. Жаһанның 16 мемлекетінің президенттері, үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, БҰҰ-ның бас хатшысы сынды саяси тұлғалар Қазақстанда бас қосты. Екіншіден, бұл Саммит – Қазақстанның бір жыл атқарған төрағалығының қорытындысы. 2023 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, еліміз тарапынан көтерілген бастамалар мен атқарылған істердің логикалық түйіні қойылды. Осы бір жылда Қазақстан бастамасымен ұйым аясында 150-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылған. 60-қа жуық халықаралық келісім мен құжатқа қол қойылды. Мәселен, ШЫҰ аясында 10 туристік аймақ белгіленіп, Алматы қаласы ұйымның туристік және мәдени астанасы ретінде бекітілді. Түркістан қаласында мәдени құндылықтарымызды дамыту, тарихи орындарымыздың маңыздылығын көтеру мақсатында арнайы ғылыми конференция ұйымдастырылды. Экологиялық даму, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, су тапшылығының алдын алу мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалып, өзге де құжаттарға қол қойылған. Азық-түлік мәселесін шешуге қатысты Қазақстан өзінің өзекті ұсыныстарын білдірді деуге болады. Сондай-ақ 2022 жылы Беларусь ұйымға мүше болуға ниет білдірген еді. Үш жылдан кейін ресми түрде мүше болып отыр. Яғни, географиялық тұрғыда ұйымның аясы кеңейіп жатыр деген сөз. Осылайша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемнің 3 миллиардтан астам халқын біріктіретін, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес елдің екеуін қамтитын, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жеткен, одан өзге бақылаушы, қатысушы форматта жұмыс істейтін мемлекеттерді қосқанда жаһандағы әлеуеті зор халықаралық ұйымдардың біріне айналып отыр. Саммиттің салмағы әрқашан да қабылданған құжаттармен, бекітілген шешімдермен бағаланады. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін, бастамаларының өзге мемлекеттер тарапынан қолдау тапқанын сараласақ Астана Саммиті еліміз үшін жемісті басқосу болды деп толыққанды айта аламыз. Астанада өткен Саммит аясында 20-дан астам маңызды келісімге, ресми құжаттарға қол қойылды. Мәселен, Астана декларациясы қабылданды. Ұйымға Беларусь елінің толыққанды мүшелігі бекітілді. «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі қабылданды. Бұл геосаяси процестерді бейбіт шешуге бағытталған ұйымға мүше мемлекет басшыларының ортақ мәлімдемесі десек те болады. Энергетика саласын дамытуға қатысты 2030 жылға дейінгі стратегия қабылданды. Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы мемлекет басшылары кеңесінің шешіміне және өзге де маңызды құжаттарға қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза әлемдік экономикадағы бүгінгі қалыптасқан ахуалды шешудің маңызды қадамдарының бірі – ұйым аясындағы сауда-экономикалық дамуды арттыру екенін айтты. 3 миллиардтан астам халықтың басын қосқан ұйым аясындағы өзара сауда-саттық, экономиканың бүгінгі әлеуеті расында көптеген түйткілді мәселені шешетіні де анық. Еліміз тарапынан көтерілген логистикалық, сауда-саттық, экономикалық, экологиялық және мәдени саладағы бастамалар Саммит аясында қабылданған құжаттармен халықаралық деңгейде қолдау тапқанын да айта кеткен жөн.
Жансая Нұрәлиева, саясаттанушы, Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы:
Астана көпжақты диалог құруға дайын мемлекеттерге таптырмас платформа екенін тағы бір дәлелдеді
– Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бейбітшілік, татулық ұғымдарын ту етіп келеді. Алшақтатудан гөрі елдерді бір-біріне жақындастыру, арағайындық позициясын ұстанады. Саммиттің күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің бірі де – осы. Сыртқы саясатта да осындай бағытты ұстанамыз. Шекарамыз анықталған. Барлығы құжат жүзінде бекітілген. Бізде ешқандай елмен мәселе жоқ. Оны өткенде Қытай төрағасы да айтты. Енді сол бейбіт елге кімдер келеді? Әрине, инвесторлар келеді. Өйткені инвестиция салатын елдер үшін, мысалға жекелеген компаниялар үшін біздің ел тұрақты, қолайлы, тартымды болуы керек. Беларусь Республикасы ұйымға толыққанды мүше болып жатыр. 2015 жылдан бері Беларусь бақылаушы мемлекет болып келді. 2022 жылы ұйымға қосылсақ деген ниет білдірді. Сөйтіп, үш жылдық процедурадан кейін, былтырдан бастап өзін көрсете бастады. Соның ішінде, бірнеше құжатқа қосылды. Осылайша, енді Еуразиялық ондық болады. Ұйымның аумағы бір елге кеңейді. Иә, бұл дегеніміз – автомобиль жолдары, жалпы логистика, транспорт, барлық көлік қатынауы бәрі өзара келісіммен одан әрі ұлғаяды деген сөз. Яғни, бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Иә, әрине, ұйым болғандықтан, оның өз қағидалары бар. Ол жерде елдердің барлығы тең, тең болғандықтан бір-біріне тең мүмкіндіктер береді. Демек, алыс-беріс, сауда қатынастары дамиды деп күтіліп отыр. Бірақ айта кету керек, бұл елдер бір-бірінің ішкі саясатына араласпайды. Тек өзара қарым-қатынас, өзара тату көрші болу секілді мәселелер күн тәртібіне шығады. Жалпы, ең басында шекарадағы әскерилерді азайту, қауіпсіздік деген сияқты мәселелерге байланысты құрылған бұл ұйым бүгінде кеңейіп, экономикалық аспектіге қарай ауысатын сияқты. Одан бөлек, экологиялық ахуал да күн тәртібіне шығып отыр. Өйткені климаттың өзгеруі бір елдің ғана проблемасы емес. Қорыта айтқанда, әлемнің түпкір-түпкірінде қақтығыстар болып, экономикалық дағдарыс күшейіп тұрған уақытта алпауыт елдердің басшылары қатысып, 10 мыңнан астам делегат жиналған ШЫҰ саммиті Астананың көпжақты диалог құруға дайын мемлекеттерге таптырмас платформа екенін тағы бір дәлелдеді. Саммиттің ШОС+ форматында алғаш рет өтуі қатысушы елдердің ортақ мүдделері бір жерде тоғысып, жақын келешекте саясатта, сауда-экономикада және тағы басқа салаларда бірлесіп дамуды көздейтінін аңғартады. Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда Орталық Азияда қауіпсіздік тұрғысынан осы аймақтың ядросы саналатыны айтылған.
Яғни, ШЫҰ саммитінде Қазақстанның төраға ретінде атқарған жұмысы қорытындыланды. Одан бөлек, бұл жиын елордада өткен ең ауқымды іс-шараның бірі ретінде тарихта қалады. Саммитте көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар әлемді жақсырақ етуге үлес қосатынына сенім мол. Осылайша, Қазақстан әлемдік диалог алаңы ретіндегі маңызы мен салмағын арттырып, халықаралық аренадағы беделін нықтай түсуге тағы бір қадам жасады деп түйіндей аламыз.