Жаңалықтар

Түркістанда қыз бен жігіт суға кетіп қалды

Сурет: istockphoto.com/

Бәйдібек ауданындағы Шұқыршақ сарқырамасына жігіт пен қыз достарымен демалуға барған.

Түркістан облысында демалуға кеткен қыз бен жігіт суға түсіп көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 29 маусым күні болған. Куәгер әйел оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

"Бұл жер өте қауіпті, өзіміз де көрдік. Бір қарағанда ақырын ағып жатқан сияқты көрінеді, бірақ қатты ағынмен шұңқыр жасап ағып жатты. Күйеуім де суға батып кете жаздап, сол жерден әзер шықты" , - деді әйел.

Ерлі-зайыптылар кешке қарай үйге қайтуға дайындалып жатқанда, сарқырамаға бір топ жас келген көрінеді.

“Мен оларға бармаңдар, қауіпті" дедім. Бірақ олар мені түсінбей, төменге қарай беттеді. Айғайлап шұңқыр жаққа бармауын сұрадым. Олардың үшеуі сол маңда күліп-ойнап жүрді, бір кезде секунд ішінде оларды қатты ағыс иіріп әкетті", - деді әйел.