Жаңалықтар

"Қамауда отырдым": Әнші Қайрат Түнтеков 10 жыл бұрын істі болғаны туралы бүкпесіз айтып берді

сурет: видеодан скриншот

"Ол жылдар да оңай болған жоқ. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз”, – деді әнші.

Әнші Қайрат Түнтеков 10 жыл бұрын істі болғанын "Qazaq Airan" Youtube-жобасына берген сұхбатында айтты. 

“Осыдан 12 жыл бұрынғы оқиға. Қазір күліп айтамын. Бірақ сол кезде өте қиын болған. Сот жәбірленушіге 40 миллион теңгенің айналасында өтеуімді міндеттеді. Бұл сол уақытта өте көп ақша еді. Халық шулап кетті, ал журналистер одан қатты көтерілді. Әңгіме арасында сөз болып жатқан “хайпты” сол кезде жасадым-ау. Қарыздан құтылу үшін 4-5 жылдай жүрдім. Бүгінде толық өтедім деп айта аламын. Ол жылдар да оңай болған жоқ. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз”, – деді әнші. 

Әнші тап осы кезде жалған ақпарат желдей ескенін айтады.

“40 күн қамауда отырдым. Ол сөздің өзі жаман естіледі. Сол кезде маған қатты ауыр тиген еді, ал қазір көріп отырмыз ғой, өнер адамдарының арасында да түрлі жағдай болып жатыр. Оларға қарайсың да, "ауыр тие ме, тимей ме?" деп ойлап қаласың. Еркекпіз, әр еркектің басынан неше түрлі жағдай өтеді. Дегенмен қазіргі жастарға айтарым, абайлап жүріңіздер, сақ болыңыздар! Одан кейін танымал болғасын түрлі өсек, жалған ақпарат артыңнан қалмайды. Сол кезде мені мас болған деп жерден алып, жерге салды. Бірақ мүмкін мен ішпеген шығармын? Көрдіңіздер ме, өсек деген – өте ауыр дүние. Мүмкін шынымен ішімдік ұрттаған шығармын, мүмкін сау болып, көктайғақта жолды көрмей қалған шығармын, бұл туралы менен басқа ешкім білмейді. Халық оны көзбен көргендей етіп таратады", – деді Қайрат Түнтеков.