Тәрбие түгел болса егер...

Тәрбие түгел болса егер...

Тәрбие түгел болса егер...
ашық дереккөзі
Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтай Алаш қайраткерлері жалғастырды. Олар ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен халыққа арнап оқулықтар жаза бастағаны белгілі. Сонда Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімін, Міржақып Дулатұлы «Қазақ тарихын», Қаныш Сәтбаев «Алгебраны», Жүсіпбек Аймауытұлы «Психологияны», Елдес Омаров физиканы қолға алғанда, сыршыл ақын Мағжан Жұмабайға «Педагогиканы» жазу бұйырыпты. Рас, бүгінде бала тәрбиесіне қатысты талай оқулықтар жазылды. Десек те, бұл тақырыпта алғаш жазылған Мағжан «Педагогикасының» көтерген жүгі ерен. Мағжан Жұмабаев орыс, батыс педагог-психолог ғалымдарының еңбектерiн оқи отырып, сонымен бiрге тәрбиенiң ұлттық ерекшелiктерiн ескере келіп, өзiнiң «Педагогика» атты оқулығын жазудағы ұстанымын былайша сипаттайды: «Тәрбие ғалымдарының пiкiрлерiн  таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бiзде бұрын пән тiлi болмағандықтан түрлi терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тидi. Қалайда курстарда оқыған мұғалiмдердiң жәрдемiмен таза орыс сөздерi қазақшаға айналдырылды. Ал ендi жиһан тiлi болып кеткен сөздерi қазақшаға аударам деп азаптануды тиiс таппадым». Шынында да, ол кезде қазақша педагогикалық терминдер жоқтың қасы едi. М.Жұмабаев жүздеген педагогикалық жаңа терминдердi ойлап тауып, тiлiмiзге енгiзді. Ағартушы тәрбие саласын төртке бөлді: дене тәрбиесі, жан тәрбиесі, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. Автор тәрбиенiң осы төрт түрiн жан-жақты түсiндiре келiп: «Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны.  Бала берiк денелi болса, түзiк ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы… Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын…» деп жазады. «Педагогиканы» парақтап отырып, Мағжан ақынның бала тәрбиесіне қатысты айтқан ақыл-кеңестері бүгінгі заман үшін де өзекті екенін ұғамыз. Әсіресе, сәбидің дене тәрбиесіне қатысты нұсқаулары құндылығын жоймаған. Солардың бірқатарын тізбелеп көрейік: 1) Жаңа дүниеге келген нәрестені өлшеу. Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, ауруға айналды ма, міне осыларды дұрыс біліп отыру үшін баланы өлшеп отыру керек.   2) Жылылықты (дене қызуы) бақылау. Баланың да, жеткен адамның да өлшеуші жылылығы 37-37,5 градус болады. Бірақ жаңа туған баланың денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептерден мынау өлшеуден 2-3 градус кем болады. Әйткенмен де ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен адамның да жылылығы бір тәуліктің ішінде бір қалыпта тұрмайды, біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Дене жылылығы термометр деген құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күн сайын өлшеп тұру керек. Жылылық өлшеніп отырылса, келе жатқан науқастың алдын алуға болады. 3) Дем алуын санау. Жаңа туған бала бір минутта 40-44 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойына – 40-35 рет, екінші жылда – 28, үшінші жылда – 25 рет, сөйтіп кеми-кеми 15 жаста бір минутта 17-20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден артық яки кем болуы баланың сау болмауын көрсетеді. 4) Тамыр соғуын қадағалау. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120-ға шейін соғады. Баланың тамырын бала ұйықтап жатқанда байқау керек. 5) Бала бөлмесіне көңіл бөлу. А) Ауа. Бала бөлмесінде жиі-жиі ауа жаңартылып тұрсын. Бала жататын үйде кір жуу, кір кептіру, кірленген киім тастау жарамайды. Себебі кірдің кірі бу болып, һауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Ә) Жылу. Бала бөлмесінің жылылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жататын бөлменің жылылығы 17-18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 16-17 градус, содан соң 15-16 градус болу керек. Б) Жарық. Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек. Бөлменің жарығы мол болуы үшін оның терезелері оңтүстік-күншығысқа, не оңтүстік-күнбатысқа қарауы шарт. Мағжанның  қазақтың тәлiм-тәрбиелiк бай мұрасын игеру жөнiнде ойлары да тағылымды. «Ұлт тәрбиесi – деп жазды ол, – баяғыдан берi сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр тәрбиешi сөз жоқ, ұлт тәрбиесiмен таныс болуға тиiс. Сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi», – дейді автор.  Сондай-ақ, ақын Мағжан ұлт тәрбиесiне сын көзiмен қарап, тозығынан озығын айыра бiлуге шақырады: «Киiз үйдiң зиянды жағы болғаны сияқты пайдалы жағы да бар. Әңгiме сол киiз үйдiң iшiнде баланы ұстай бiлуде. Шын таза ауа сол киiз үйде болмағанда қайда болады? Ал балаға таза ауа аса қажет… Малмен бiрге жүрiп, бiрге өскен қазақ баласын аса нәзiк қылып, үлбiретiп тәрбие қылмағаны дұрыс болмас… Қазақ баласының тәрбиесi қазақ тұрмысына қабысуы мақұл». Яғни, баланы жастайынан шымыр қып өсіріп, өмiрге бейімдеп үйрету қажет екенін ескертеді. Автор қазақтың қасиетті бесігінің бала тәрбиесіндегі орны туралы тұшымды ойларымен де бөліскен.  «Қазақ бесiгi – аса ұқыптылықпен жасалған нәрсе. Жөргегi, тартпалары, астындағы тесiгi, шүмегi, түбегiмен баланың таза, жинақы жатуына көп себепшi» дей келе, бесіктің құрылымын  жетiлдiрудi (қол, аяқ бауларды жалпақ жасамау және қатты тартып байламау секілді) ұсынады. Қазақтың халық педагогикасын ғылыми тұрғыда қарастырып, тұңғыш этнопедагогика ғылымының теориясын жасаған Мағжан іліміне әлі талай айналып соғарымыз анық.