Жаңалықтар

Атышулы ажырасу ісінде Джонни Деппті қорғаған адвокат Астанаға келді

сурет: Getty Images

Камиль Васкес Джонни Депп пен Эмбер Херд ісі кезінде бүкіл әлемге танылған еді.

Голливуд жұлдыздары Джонни Депп пен Эмбер Хердтің атышулы ажырасу ісінде адвокат болған Камиль Васкес Астанаға келді. Бұл туралы Конституциялық сот хабарлады.

Конституциялық Сотта Қазақстан мен АҚШ адвокаттарының, Конституциялық Сот талдаушыларының, Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің мүшесі М.Жарбусынованың, БҰҰ Кеңсесі басшысының м.а. Д.Амришеваның және Әділет, Мәдениет және ақпарат министрліктері өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің қатысуымен сараптамалық кездесу өткен. Жиынға АҚШ адвокаттар делегациясын бастаған Камиль Васкес мен Бенджамин Г. Чу қатысып, өз еліндегі гендерлік теңдік және әйелдердің сот төрелігіндегі құқықтарын нығайту мәселелері бойынша тәжірибелерін бөліскен.

Кездесуге қатысушылар әйелдердің жанжалдардың алдын алуға және реттеуге тең қатысуына, сондай-ақ олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыруға бағытталған 1325 толықтырылған Ұлттық жоспарға баса назар аударды.

Бұл жоспарды Үкімет ағымдағы жылдың 29 маусымында өзектендірді және ол 34 іс-шараны қамтиды: гендерлік мәселелер және азаматтық адамдар мен балаларды қорғау жөніндегі әскери кеңесшілерді даярлау; әйелдерді Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ТЖМ және Бас прокуратура жүйелерінде басшылық лауазымдарға ілгерілету; қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы кәсіби дамуға гендерлік-сезімтал тәсілді әзірлеу; әйелдер арасынан дипломатиялық персоналды қарусыздану және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық келіссөздерге тарту; халықаралық келіссөздер мен консультацияларға қатысу үшін әйелдер арасынан келіссөздер тобын құру.

«Әйелдердің сот төрелігі саласындағы тең өкілдігін қамтамасыз етудегі мақсат тек әйелдердің құқықтарын қорғаудың ғана емес, сонымен қатар құқықтың үстемдігін күшейту мақсатында болуы керек», - деп атап өтті Эльвира Азимова. Ол сондай-ақ ұлттық жоспар өңірдегі адам құқықтарын қорғау және тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында озық заң тәжірибелерін ілгерілету және тәжірибе алмасу мақсатында серіктестермен Орталық Азиядағы сот төрелігі мен қауіпсіздік саласындағы әйелдер қауымдастығын құруды талқылау мәселесін қарауды көздейтінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Камиль Васкес Джонни Депп пен Эмбер Херд ісі кезінде бүкіл әлемге танылған еді.