Жаңалықтар

Полияция іздестіріп жатыр: Желіде көпірден секірген жасөспірімдердің видеосы тарады

скриншот

Атырау облысы ТЖД тарапынан балалардың ата-анасына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша айыппұл салынатын болады.

Әлеуметтік желіде тараған бейнероликке қатысты іздестірілу жұмыстары басталды, деп хабарлады turkystan.kz сайты AtyrauPress-ке сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілі Айсұлу Келдіғалиеваның мәліметінше, бейнероликтегі Атырау қаласындағы жүргіншілерге арналған көпірден Жайық өзеніне секірген балалар іздестіріліп жатыр. Атырау облысы ТЖД тарапынан балалардың ата-анасына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша айыппұл салынатын болады.

Құтқарушылар күнделікті профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін су айдындарында шомылған тұрғындар мен жасөспірімдердің ата-анасына жалпы саны 20 адамға айыппұл салынды.

Айта кетейік, облыс аумағында суға шомылу маусымы ресми түрде ашылған жоқ.

– Қазіргі кезде суға шомылу өміріңізге қауіпті екенін ескертеміз. «112» құтқару қызметінен келген хабарламаларға аса  назар аударыңыздар. Өз өмірлеріңізге аса жауапкершілікпен қараңыздар. Әрбір ереже сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Оларды сақтаңыз, өзіңізді және өзгелерді қорғаңыз! Жайық жағасындағы ахуал әлі де күрделі, жағадан алшақ болыңыздар. Су айдындарындағы тыйым салу белгілеріне бей-жай қарамаңыздар. Жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар, - дейді А.Келдіғалиева.

Бекітілген ереже мен қағидаларды сақтамай, ескертулерге құлақ аспаудың салдарынан 2023 жылы 7  адам оның ішінде 3 бала қаза тапқан. Ал, биыл 5 адам, оның ішінде 1 бала қаза тапты.