Жаңалықтар

Желіде танымал болған сарбаз президенттік полкке ауыстырылды (ВИДЕО)

instagram/sgork_official

Желіде 7 миллион қаралым жинаған видеода сарбаз туыстарының ешқайсысы ант беруге келмегенін айтқан.

TikTok желісіндегі видеосы 7 миллион қаралым жинаған мерзімді әскери қызметші Александр Землянкин Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданды.

Маусым айында TikTok желісіндегі «Army_aktau» аккаунтында сарбаздың ант берген видеосы жарияланып, қазір 7,5 миллионнан астам қаралым жинаған.

Видеода сарбаз туыстарының ешқайсысы ант беруге келмегенін айтады. Жас жігіттің эмоциясы желі қолданушыларын бей-жай қалдырмады. Видеоның астына 17 мыңнан астам пікір қалдырған. Кейінірек Lada.kz сайты видеоның авторы Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы, майор Нұрбол Шалабаев екенін жазды. 1 маусымда Александр әуе қорғанысы бригадасының 51809 әскери бөлімінде ант қабылдады.

Nur.kz сайтының жазуынша, Александр Щучинск қаласынан. Сарбаздың анасы порталға ұлын жалғыз өсіргенін айтты. Анасы Александрдан бөлек кәмелетке толмаған екі қыз тәрбиелеп отыр. Үйінде жалғыз өзі жұмыс істейтіндіктен, әйелдің ант қабылдау рәсіміне баруға мүмкіндігі болмаған. Анасының айтуынша, Александр Көкшетауда аспаз мамандығын оқыған, бірақ болашақта әскери қызметкер болу үшін биыл әскерге баруды ұйғарыпты.

Кеше, 10 шілдеде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Александрдың «Айбын» президенттік полкіне ауыстырылғанын хабарлады.

 «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі 51809 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер ҚР МКҚ Айрықша мақсаттағы күштерінің «Айбын» президенттік полкіне ауыстырылды», - делінген хабарламада.

 Видео арқылы Александрдың ақтаулық әріптестерімен қоштасып, «Айбынға» келген сәті көрсетілді. Ол Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет етуді мақтан тұтатынын айтты.