Жаңалықтар

Алматы облысында кәсіпкер суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды

видеодан алынған скрин

Баланың өмірін сақтап қалған азамат марапатталатын болды.

Алматы облысында ер адам Үлкен Алматы каналында суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға Талғар ауданы аумағындағы Үлкен Алматы каналында болған. Құтқару сәтінің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Видеодан ер адамның ағысқа қарсы жүзіп, сумен ағып келе жатқан баланы ұстап үлгергенін көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, бала тайып кетіп, суға құлап кеткен, жолдан өтіп бара жатқан ер адам бірден суға секіріп, баланы аман алып қалған.

Алматы облысы әкімдігі баланың өмірін сақтап қалған ер адамның марапатталатынын атап өтті.

"Баланың өмірін сақтап қалған батырға Талғар ауданының әкімдігі және барша тұрғындары атынан зор алғысымызды білдіреміз, есімі – Серік Болат. Райымбек ауданында ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін 28 жастағы кәсіпкер. Оның бұл әрекеті – жанқиярлық пен қырағылықтың жарқын үлгісі", – деді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.