«Өнім теруге көмектескен»: Атырауда қарақұрт шаққан 2 бала жансақтау бөліміне түсті
Балалардың жағдайы бірқалыпты, қазір олар палатаға ауысты.
Атырауда қарақұрт шаққан екі бала ауруханаға түсті, деп хабарлады turkystan.kz сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Жаздың алғашқы айында баланы қарақұрт шаққан үш жағдай тіркелді. Барлық жағдайда балалар жеке үйдің ауласын тазалап, бақшада өнім теруге көмектесіп жүргенде шаққан.
Қарақұрт шағып алған екі бала Атырау облысы балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне орналастырылды.
«Балалардың жағдайы бірқалыпты, қазір олар палатаға ауысты. Бір бала емделіп, ауруханадан үйіне шықты. Егер сіз қандай жәндік шағып алғанын білмесеңіз, дереу медициналық көмекке жүгінгеніңіз жөн», - дейді облыстық аурухананың иммунологы Тәбие Елшібекова.
Еске салайық, бұған дейін де Атырау облысында қарақұрт шаққан он адам ауруханаға түскені хабарланды.