Жайық өзенінен 16 жастағы жасөспірімнің денесі табылды
Жасөспірім 6 шілде күні демалыс кезінде белгісіз жағдайда жоғалып кеткен
Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен жасөспірімнің денесі 2 күннен кейін Жайық өзенінен табылды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәліметінше, 8 шілде күні Теректі ауданы Қабылтөбе ауылы тұсында жедел құтқару жасағының күшімен 2008 жылғы жасөспірімнің денесі өзеннен шығарылды. Марқұм киімшең күйінде болған.
«Аталған жасөспірім 6 шілде күні демалыс кезінде белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Өлімнің себебі анықталып жатыр. Полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындады», - деп хабарлады ведомстводан.
Теректі ауданы ТЖ бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Серіковтің айттуынша, жасөспірім жазғы демалыс кезінде Ақтау қаласынан осы аудандағы тума-туысқандарына қыдырып келген.