Жаһан

АҚШ-та ата-анасымен бірге тұратын жастардың үлесі 87%-ға өскен

сурет: istockphoto.com

Ал ата-аналар бұл үрдіске разы емес.

АҚШ-та кейінгі 20 жылда ата-анасымен бірге тұратын жастардың үлесі 87%-ға өскен. Бұл туралы businessinsider.com жазды. 

Басылымның жазуынша, экономика мен еңбек нарығы зумерлердің ата-анасына масыл болуына себеп болып отыр. Өткен күзде Pew Research Center жүргізген сауалнамада 18 бен 24 жас аралығындағы жасөспірімдердің тек 16%-ы қаржылық жағынан толығымен тәуелсіз екенін айтқан, ал 1980 жылы 22 жастағы балалардың 32%-ы дәл осылай айта алған. Pew мәліметтері бойынша, кейнгі онжылдықта ересек баланы асырадым деп мәлімдеген ата-аналардың үлесі екі есеге артып, 2013 жылғы шамамен 30%-дан 2023 жылы шамамен 60%-ға жеткен. 

Ал ата-аналар бұл үрдіске разы емес. Себебі олар ай сайын ересек балаларын асырауға 1 400 доллардан астам қаражат жұмсайды екен, сонымен қатар осы үшін зейнетақы жинақтарынан да ақша алады. 

Дегенмен, жастар жұмыссыз немесе жатыпішер деуге де келмейтіні айтылған. Маркетинг саласында толыққанды жұмысы бар жастардың өзі өзін-өзі асырауға қауқарсыз. Себебі жалақы үй жалдап, жеке өмір сүруге жеткіліксіз.