Алматының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әнші Қайрат Нұртаспен төбелескен адамды қамауға алды, деп хабарлады turkystan.kz.
«2024 жылдың 4 маусымында Б. Алматы-Астана бағытында ұшақ бортында танымал әнші Н.-мен жанжал шығарып, арты төбелеске айналған. Ұшақ бортындағы төбелес кезінде ол әдепсіз сөздер айтқан. Б. өз әрекетімен қоғамдық сыйластыққа мән бермей, қоғамдық тәртіпті бұзған», - делінген хабарламада.
Сотта Б., өз кінәсін мойындамады.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.