Жаңалықтар

4 қаладан террористік қауіптің «сары» деңгейі алынды

Gov.kz

Күштік құрылым бөлімшелері штаттық режимдегі жұмысқа көшеді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті мен Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік ресми сапары аяқталды.

Осыған байланысты «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Күзет іс-шараларын өткізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығы терроризмге қарсы операция режимін 4 шілденің 23 сағат 59 минутынан Астана қаласында алып тастау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Жарлығымен бекітілген «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында 4 шілденің 23 сағат 59 минутынан террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») деңгейі алып тасталынады.

«Күштік құрылым бөлімшелері штаттық режимдегі жұмысқа көшеді», - делінген Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб хабарламасында.