Қоғам

Опера әншісі Майра Мұхамедқызы ҚХР Төрағасымен кездесуі жайлы айтты

Белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген ШЫҰ саммитіне қатысуға келген ел президенттерінің алдында өнер көрсетті.

Майра Мұхамедқызы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі жайлы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлады turkystan.kz.

“Елордамызда өтіп жатқан ШЫҰ саммиті бүкіл әлем назарында. Мен үшін бұл іс-шарада өнер көрсету – Отан алдындағы үлкен борышым деп білем. Ел намысын қорғау — мақтаныш та, үлкен жауапкершілік те. Кеше Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында ән салдым. Си Цзиньпин мырзаның алдында ән айтуым осымен үшінші рет қайталанып тұр. Ән демекші, ән көп. Бірақ, жүрекке жететін ән таңдап әрі жеткізіп айту – ол бөлек! Кешегі мен орындаған ән, қытай ақыны Лу Ю мен Таң Ванның махаббат мұңы. Тарихы көне тілмен жазылған классикалық романс сол жерде отырған ешкімді бей-жәй қалдырмады. Екінші әнім де – қытайдың нағыз философияға толы, ғасыр махаббат дастаны. Қазақша айтқанда, өмір-өзен жайлы туынды. Ал кешкі 16 президент алдында салған ән-қытайдың 100 үздік әндерінің көш басы болған ұранды шығарма”, – деп жазды әнші.