Мемлекеттен 1,5 млн теңге беріледі – оны кімдер ала алады?
Грант мөлшері – 400 АЕК (1 476 800 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Business.enbek.kz порталында 2024 жылғы 15 шілдеден бастап 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдана бастайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Мәліметке сүйенсек, Республика бойынша екінші лекте 4 655 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту.
Грант мөлшері – 400 АЕК (1 476 800 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.