Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 12 млрд теңге бөлінді – Үкімет

сурет: ҚР Үкіметі

Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінім қаралып, мақұлданды.

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен бизнестің мүлік шығындарын өтеуге 12 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады

Қазақстан Үкіметі су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке келген шығындарын өтеу үшін резервінен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Өңірлік комиссиялар кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет су тасқыны салдарын жою бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Осы шаралардың қатарында азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы қаржылық көмек көрсету, үйлерді жөндеу мен қалпына келтіру шығындарын өтеу секілді қолдаулар бар.

Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мүлік шығындарын өтеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінім қаралып, мақұлданды.

Алдын ала бағалау бойынша, жалпы саны 746 шағын және орта бизнес субъектілері су тасқынынан зардап шеккен. Олардың арасында азық-түлік дүкендері, кафелер, техникалық қызмет көрсету орталықтары, қонақ үйлер және басқалары бар. Қазіргі уақытта бағалау және сметалық жұмыстар жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына ұсынылады. Осылайша, Үкімет резервінен бөлінген 12 млрд теңгеден астам қаражат Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне шағын және орта бизнестің мүлік шығындарын өтеу үшін аударылады. Су тасқыны салдарын жою жұмыстары Үкімет басшылығының тұрақты бақылауында. Бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әуедегі электр беру желілерін қалпына келтіру үшін 2,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын, - деп жазылған ресми хабарламада.