Қытай компаниясы Шымкентте көлік зауытын салмақ
Форум мен екіжақты кездесулер нәтижесінде жалпы құны 17,6 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылған.
Қытайдың «Shaanxi Jingzhao carspan» компаниясы Шымкентте көлік зауытын салмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы делегациясының Қытай Халық Республикасының Сиань және Үрімші қалаларына жасаған сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов мәлімдеді, деп жазды kazinform.kz.
24-26 маусым аралығында Шымкент пен Сиань қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынастың бір жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласының әкімі бастаған ресми және іскер делегациясы Сиань қаласына екі күндік іс-сапар жасады.
Форум аясында Шымкент өнімдерін Қытай тұтынушыларына кең көлемде таныстыру үшін жәрмеңке өткізілді. Бұл шарада Шымкентте шығарылатын өнімдер ұсынылды. Сонымен қатар, Шымкент әкімі Қытайдың алты ірі компаниясының өкілдерімен кездесулер өткізді. Бұл кездесулердің бірі «Jiangsu Xiandai Lighting Group Co., Ltd» компаниясымен жарықдиодты көше шамдары және басқа да электр жабдықтарының өндірісі бойынша жобаны талқылауға арналды.
Екінші компания - Shaanxi Jingzhao carspan, автомобиль өндірісі мен оған сервистік қызмет көрсету бойынша толық циклды автомобиль құрастыру зауытын құру жобасын талқылады. Бұл компания Қазақстанды үлкен нарық деп санайды және олар Шымкентке келіп, өндірістік алаңдармен танысуға дайын.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Қазақстан – Қытай кәсіпорындар альянсымен» ынтымақтастық платформасын құру туралы келісімге қол жеткізілді. «Xian Typical Elevator Co., Ltd.» компаниясымен лифт өндірісі бойынша зауыт салу жобасы, «Shaanxi Foreign Trade Import and export Group Co., Ltd.» компаниясымен көтерме сауда, технологиялар мен азық-түлік импортын және экспортын дамыту бойынша келісімдер жасалды. «China Communications Construction Company Limited (CCCC) Tianjin Dredging Co., Ltd.» компаниясымен порттар мен су жолдарын тереңдету және басқа да жобалар бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Айдын Кәрімовтің айтуынша, форум мен екіжақты кездесулер нәтижесінде жалпы құны 17,6 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылған. Атап айтқанда:
- «Invest Shymkent» ЖШС мен «China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group» арасында өзара түсіністік туралы меморандум;
- «KazFerroGroup» ЖШС мен «Shanxi Heynan New Metallurgical Electric Equipment Co. LTP» компаниясы арасында ферроқорытпа пешін сатып алу туралы келісім (16,3 млн АҚШ доллары);
- «JT Food Expert» және «Xi'an Gang Tong Tian Xia Dian Zi Shang Wu You Xian Gong Si» компаниялары арасында тамақтану саласында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім;
- «KazBioTech» ЖШС мен «Alashankou city Haoyu Trading Co. Ltd» арасында өсімдік майын сату туралы келісім (1,3 млн АҚШ доллары).
Айта кетейік, биыл күзде Шымкент қаласында екі қаланың бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен үлкен форум өткізу жоспарланып отыр.