Енді әскери институт түлектері екі диплом алады
Жаңа мамандықтарға оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер үшін 2024 жылғы 20 маусымнан 7 шілдеге дейін шығармашылық емтихандарға тіркелу жүргізіледі.
Бұл өзгеріс оқу процесін оңтайландыруға әрі мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған.
Институт бастығы генерал-майор Қайрат Даутов жаңа төрт жылдық оқу бағдарламасы оқу материалын шоғырландыруға және дайындық қарқындылығын арттыруға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Төрт жылдық оқу мерзіміне көшу институтқа осы уақыт ішінде бакалавр дәрежесін алуды көздейтін халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес келуге мүмкіндік береді. Мұндай шешім жоғары білікті мамандарды дайындау процесін жеделдетіп қана қоймай, оны икемді әрі бейімді етеді, – деп атап өтті ол.
Биыл институт екі жаңа мамандық енгізіп отыр. Соның бірі «Журналистика және әскери істегі қоғаммен байланыс» мамандығы Қарулы күштердің қызметін сауатты әрі тиімді жариялай алатын мамандарды даярлауды көздейді. Цифрлық технологиялар мен ақпараттық соғыс дәуірінде әскери журналистің рөлі барған сайын маңызды бола бастады. Бұл мамандықтың курсанттары сапалы контент құру, қоғамдық пікірді қалыптастыру және заманауи медиамен жұмыс істеу әдістерін үйреніп шығады.
«Әскери істе дирижерлық ету» мамандығына оқуға түскендер жоғары кәсіби деңгейде түрлі іс-шараларды, шерулер мен рәсімдерді музыкалық сүйемелдеуді жүзеге асыратын әскери оркестрлерді басқаруды үйренеді. Бұл мамандық курсанттарға әскери ортада шығармашылық жағынан да, өзін-өзі дамыту жағынан да жаңа мүмкіндіктер ашады.
Түлектер таңдаған мамандығына қарай әскери институт пен серіктес жоғары оқу орындары – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін немесе Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіргені туралы екі диплом алып шығады.
Жаңа мамандықтарға оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер үшін 2024 жылғы 20 маусымнан 7 шілдеге дейін шығармашылық емтихандарға тіркелу жүргізіледі. Ол 8-15 шілде аралығында өтеді. Шығармашылық емтихандар ең талантты әрі ынталы үміткерлерді анықтайтын маңызды іріктеу кезеңі болмақ.