Қоғам

Елімізде шілде айынан бастап не өзгереді?

istockphoto.com

Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгеретіні белгілі болды

1 шілдеден бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс болмақ. Жаздың екінші айында болатын жаңалықтарды шолып шықтық.

Дәрі-дәрмек қымбаттайды

«Астана» телеарнасының мәліметінше, фармацевтикалық бизнес нысандарының иелері бағаны кем дегенде 5% көтеруге мәжбүр. Себебі олар қымбат құрал-жабдықтарды сатып алып, жаңа мамандарды тартады.

Өңірлер арасында фармацевтикалық өнімдер бағасының өсімі бойынша Ұлытау облысы көш бастап тұр. Мұнда дәрі-дәрмек 18,4 %-ға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Астана мен Шымкент қалалары тұр. Ал ең төмен баға Маңғыстау облысында тіркелген.

Үкімет дәрілік заттарға таңбалауды енгізу елдегі контрафактілік өнімдер мен дәрі-дәрмектің заңсыз сатылу көлемін азайту үшін қажет дейді. Дегенмен Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы мұнымен мәселе шешілмейтініне сенімді. Онымен кеденде айналысу керек дейді мамандар.

Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаровтың сөзінше, Қазақстандағы дәрі-дәрмектің бағасы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда едәуір қымбат.

Дәрілер таңбаланатын болады

Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген препараттарға ғана енгізілетін болады. Бұл туралы Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды.

Тиісті өзгерістер 2020 жылғы 10 қыркүйектегі Үкімет қаулысына енгізілуде. Бұл дәріханалар мен дистрибьюторларға таңбалау кодтарын есепке алу және қадағалау үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын нақтылауға мүмкіндік береді.

Темекі 6,5 пайызға қымбаттайды

1 шілдеден бастап ең арзан темекі 820 теңгеден сатылады. Бұл қазіргі бағадан 50 теңгеге жоғары.

Қазақстанда темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу бойынша заңнамалық түзетулерді қоғамдық талқылау аяқталды. Бұйрық «Ашық» НҚА порталында жарияланды.

Қаржы министрлігі мұндай шараның тұрғындардың денсаулығы үшін қолға алынғанын айтады. Кейінгі жарты жылдың өзінде шылымның бағасы 16 пайыздан 18,8 пайызға дейін өскен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында темекі мен папиростың бағасы 53,4 пайызға артқан. Дегенмен елде темекіге тәуелділердің саны азайған жоқ.

Былтыр папиростың ішкі нарықтағы көлемі 62 пайызға көбейген. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында Қазақстан азаматтары шылымға 5,7 миллиард теңге жұмсаған.

Интернет тарифтері қымбаттайды

«Қазақтелеком» АҚ 1 шілдеден бастап интернет желісінің кейбір тарифтік жоспарлары бойынша баға көтерілетінін хабарлады.

51 тарифтік жоспарға қосылған абоненттерде баға қымбаттайды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың мамыр-шілде айында ұялы байланыс операторлары ресми сайттарында ақпаратты жариялай отырып, ай сайынғы абоненттік төлемі бар 30-дан астам тарифтің құнын өсірген.

Автогаз бағасы қымбаттайды

Энергетика министрлігі ҚР аумағындағы автогаз құю станциялары үшін тауар биржаларынан тыс ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер дайындады.

Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасының жоспарланып отырған ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 шілдеден бастап автомобиль газының құны: Астана - литріне 84 теңге (қазір 76 теңге); Алматы – 89 теңге (қазір 81 теңге); Шымкент - 70 теңге (қазір 64 теңге); Ақтөбе облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге); Атырау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге); Ақмола облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге); Алматы облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге); Шығыс Қазақстан облысы-84 теңге (қазір 76 теңге); Жамбыл облысы - 78 теңге (қазір 71 теңге); Батыс Қазақстан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге); Қостанай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге); Қызылорда облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге); Қарағанды облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге); Маңғыстау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге); Павлодар облысы - 81 теңге (қазір 74 теңге); Солтүстік Қазақстан облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге); Түркістан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге); Абай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге); Жетісу облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге); Ұлытау облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге).