Ақтөбеде «Жасыл ел» жасақшылары тасқыннан зардап шеккендерге қолғабыс етіп жүр
Ақтөбе облысы бойынша биыл жаз айларында 1856 адамды «Жасыл ел» жасағына жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінде ақтөбелік жастар еңбек маусымына белсенді кірісіп кетті. «Жасыл ел» жасақшыларының арасында тасқыннан зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысы аумағында ерікті түрде еңбек етіп жүрген жастар да бар.
Жалғасын тапқан акция
Қазір облыс аумағын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл – оң нәтиже көрсеткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жалғасы. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелдінің мәлімдеуінше, үш ай бұрын бастау алған акция аясында шамамен 214 мың тұрғын қамтылған. Қоғамдық демалыс орындары мен үй маңындағы аумақтарды жинауға депутаттар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, жастар қатысты. Полигон аумағына 31 мың тонна қоқыс шығарылды. Бүгінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары да акция аясында аумақтарды тазалауға өз үлестерін қосып жүр. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, бұл маусымда «Жасыл ел» отрядтарына 1 856 адамды тарту жоспарланған. Жобаға 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысады. 1 200 жас орман шаруашылығында көгалдандырумен айналысса, 656 жауынгер абаттандыру мен құрылыс алаңдарында жұмыс істейді. Жастар саябақтар, гүлзарлар, орман екпелері, жағалау аумақтары, бұлақтарды тазалайды, жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын ретке келтіреді, ағаш отырғызады. Қазір олар жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп 28 экологиялық акция өткізген.
Тазалықты сақтау – ортақ мәселе
Жақында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының нәтижелері мен еңбек жасақтарының қызметіне қатысты облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен жиын өткен болатын. Аймақ басшысы құзырлы органдарға аймақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі күшейтуді тапсырып: «Экологиялық акция аясында ғана емес, тазалық пен тәртіпті үнемі сақтау қажет. Сондықтан тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Дегенмен тазалықты сақтау – ортақ мәселе. Әр тұрғын бұған өз үлесін қосуы керек. Ең алдымен, азаматтар тазалық мәдениетін үйреніп, тәртіпті сақтай білуі және өз аумақтарында қоқыс тастамауы керек. Осыған байланысты халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деген болатын. Асхат Шахаровтың айтуынша, былтыр «Жасыл ел» еңбек жасағына 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. «Биыл біз еңбек жасағына 1 856 адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұрын отрядтарға қабылдау жыл бойы жүретін. Мұны тәжірибеге қайта енгізу керек. Бұл үшін қажетті қаражатты қарастыруды тапсырамын», – деді өңір басшысы құзырлы орган өкілдері алдына бірқатар міндеттерді белгіледі.
Ерте көктемдегі еңбек
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, бүгінде «Жасыл ел» жасақшыларының арасында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысы аумағында еңбек етіп жүрген жастар да бар. Әсіресе, мұндай жастар жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Қобда, Ойыл аудандарындағы құрылыс аумақтарында жұмыс жасайды. – Биылғы жылы жасақшыларға төленетін жалақы мөлшері 130 000-160 000 теңге аралығын қамтиды. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап штаб мүшелері қаламыздағы жоғары және арнайы оқу орындарындағы білім алушылар, мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Біз жастарға жаңа еңбек маусымының басталғанын хабарлап, жұмыс барысын, керекті құжаттар тізімі, жұмыс кестесі туралы толық ақпарат бердік. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталықтары басшыларымен Zoom платформасы арқылы кездесу өткізіліп, алдағы жоспарланған жұмыстар жайы да талқыланды. Биылғы еңбек маусымы сәуір айында өз бастауын алып, қаламыздың санитарлық тазалығы және құрылыс бағыты бойынша 38 жас жұмыс жасады. Ал мамырда 285 жас жұмысқа тартылды. Оның ішінде қала бойынша абаттандыру бағытында – 138 адам, құрылыс бағытында – 30 жас, орман шаруашылығында 100 адам еңбек етті. Сондай-ақ облыстың Шалқар, Қобда аудандарындағы орман шаруашылығында көгалдандыру бағыты бойынша 17 жас жұмысқа тартылды, – деді Артур Әзиев.
Жасақшылар отырғызған 700 көшет
Артур Әзиевтің айтуынша, ХХ еңбек маусымының үшінші кезеңінде, яғни маусым айында Ақтөбе қаласының санитарлық тазалығы, абаттандыру және құрылыс бағыты бойынша ірі мекемелер арқылы 180 жас жұмысқа тартылса, көгалдандыру бағыты бойынша 150 жас Ақтөбе орман шаруашылығында еңбек етіп жүр. Сондай-ақ маусым айында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстың Шалқар, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Әйтеке би, Мәртөк және Темір орман шаруашылықтарында көгалдандыру бағыттары бойынша 241 жас жұмыспен қамтылды. Ал Хромтау, Алға, Қарғалы, Байғанин, Шалқар аудандарында 39 жас құрылыс және абаттандыру бағытында жұмыс жасап жатыр. – Еңбек маусымы басталғалы 933 жас уақытша жұмыспен қамтылды. «Жасыл ел» сарбаздарының көмегімен тас жолдардың жиегіндегі қураған ағаштарды кесу, талдардың түбін әктеу және тұрмыстық күл-қоқыстарды тазарту, жол бойында орналасқан белгілерді сырлау, қала көшелерінің жол жиегін қоқыстан тазалау, жиектастарды әктеу, ағаш отырғызу сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар биылғы маусымда қаламызды көркейту және жастарды патриоттық сезімге баулып, қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көңіл аудару үшін қала және аудандарда «Таза қала – таза жағалау», «Туған қалаңа ағаш сыйла», «Менің атаулы ағашым», «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Ардагерлерді ардақтайық!», Jasyl cross–2024 сияқты экологиялық акциялар ұйымдастырылатын болады, – деді штаб өкілі. Облыстық «Жасыл ел» штабының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Ақтөбе қаласы аумағында 700-ге жуық жас көшет отырғызылған.
Тәлімбақ тазартылып жатыр
Жангүл Ізғарина, Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы: – Биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша ауданға 100 квота бөлінді. Қазір «Ойыл» орман шаруашылығының тәлімбағында 25 бала жұмыс істеп жатыр. Олар тәлімбақта арамшөптерді жұлып, қураған ағаштар мен өсімдіктердің орнын тазалап, суару жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар биыл көктемде тасқынға байланысты ауданымызда жергілікті сипатта төтенше жағдайға жарияланған болатын. Бүгінде тасқыннан зардап шеккен отбасыларға аудан орталығында және бірқатар елді мекенде тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрылыс аумағындағы жұмыстарға «Жасыл ел» сарбаздары ерікті түрде араласып жүр. Олар негізінен құрылыс жүріп жатқан аймақтың айналасын жинау, құм жиыстыру сияқты санитарлық тазалық жұмыстарына ғана тартылады. Бұл жерде балалар құрылыстың ауыр жұмыстарына араласпайды. «Жасыл ел» жасақшылары аптасына бір рет осындай құрылыс нысандары жүргізіліп жатқан жерде еңбек етеді. Бұл – ерікті түрде атқарылатын жұмыстар. Осындай жұмыстарды үйлестіріп жатқан жайымыз бар.
Көтерілген көрсеткіштер, көмектескен балалар
Жангүл Ізғаринаның айтуынша, еңбек маусымына қатысатын жастардың белсенділігі жыл сайын артуда, қатары да көбейіп жатыр. – Соңғы екі жылда жасақшылардың қатары 100 адам болса, алдыңғы жылдары алпыс адамнан аспайтын. Бұл көрсеткіш 40 пайызға көбейіп отыр. Қазір жұмыс қарқыны жоғары, жастар өз еркімен «Жасыл ел» жасағының қатарына қосылып, жасаған жұмыстарының сапасы да өте жақсы. Еңбекке араласуға ұмтылып тұрған жастарды көргенде, қуанасың. Дегенмен ауданның статистикасын жастардың санына шақтағанда 100 адамның еңбек маусымына қатысуы – бұл үлкен көрсеткіш. Жастар еңбекке араласып қана қоймай, ата-аналарына қолғабыс етіп, көмектесіп жүр, – деді ол. Өткен жылы Ойыл ауданында «Жасыл ел» жасағы құрамында үздік еңбек еткен 5 бала Астана қаласына демалу үшін арнайы сертификатқа ие болды. Жангүл Ізғарина биыл да науқандық жұмыста жақсы еңбек етіп, көзге түсіп жүрген жастардың, белсенді балалардың бар екенін айтады.
P.S.
Еңбек маусымы басталғалы «Жасыл ел» жасақшылары айналаны абаттандырып, көгалдандырып қана қоймай, тасқыннан зардап шеккен бес зейнеткердің үйін тазалауға атсалысқан. Бұл – «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шара. Кешегі тасқын кезінде Ақтөбе аймағында біраз өзен-көл арнасынан асып, айналаны шөп-шалам, күл-қоқыс басып қалғаны рас. Жасақшылар Елек, Қарғалы өзендерімен қатар, Ақтөбе су қоймасы маңында, бау-бақша ұжымдары аумағындағы орман алқаптарында экологиялық акциялар өткізіп, нәтижесінде 60 тоннаға жуық қоқыс полигонға шығарылды. Мұндай жұмыстар жаз бойы атқарылады.
Айару СЕРІК, Ақтөбе облысы